Бүгiн 2026, 16:42 Фото: ©BAQ.KZ/Гүлжан Раманқұлова

Блогер Жанабылов пен Төлегеноваға сот үкімі шықты

Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегеноваға үкім жарияланды.

Астанада блогерлер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты сот үкімі жарияланып, екі айыпталушы да кінәлі деп танылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Астанада өткен сот отырысында блогерлер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегенова Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 214-бабы 2-бөлігі 2-тармағы және 218-бабы 2-бөлігі 1-тармағы бойынша кінәлі деп танылды.

Сот үкіміне сәйкес, Ерболат Жанабыловқа:

  • 214-бап бойынша – 1 жыл 6 ай бас бостандығын шектеу,
  • 218-бап бойынша – 2 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Қылмыстық кодекстің 58-бабы 3-бөлігіне сәйкес, жазаларды сіңіру жолымен түпкілікті жаза ретінде 2 жыл бас бостандығынан айыру және мүлкін тәркілеу белгіленді. Сонымен қатар, ҚК-нің 63-бабы 1-бөлігіне сәйкес бұл жаза шартты деп танылып, Жанабыловқа пробациялық бақылау белгіленді.

Сот Жанабыловқа бірқатар міндет жүктеді: тұрғылықты жерін және жұмысын өзгертпеу, түнгі уақытта үйден шықпау, психоактивті заттарды қолданбау, сондай-ақ тұрақты жұмысы болмаған жағдайда жұмыспен қамту органына тіркелу.

Оның мінез-құлқына бақылау пробация қызметіне жүктелді. Сонымен қатар, сотталушы үкім заңды күшіне енгеннен кейін 10 тәулік ішінде пробация қызметіне тіркелуі тиіс.

Сот қаулысымен Жанабыловқа қатысты бұлтартпау шарасы – үйқамақ – өзгертіліп, үкім күшіне енген соң жойылады. Оның 2024 жылғы 2 ақпан мен 27 сәуір аралығында үйқамақта болған уақыты жаза мерзіміне есептелді (2 күн = 1 күн).

Ал Эльмира Төлегеноваға қатысты сот:

  • 214-бап бойынша – 1 жыл 6 ай бас бостандығын шектеу,
  • 218-бап бойынша – 2 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

ҚК-нің 58-бабы 3-бөлігіне сәйкес, жазаларды сіңіру арқылы түпкілікті 2 жыл бас бостандығынан айыру және мүлкін тәркілеу белгіленді. Сот шешімімен Төлегенова жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің ең төменгі қауіпсіздік мекемесінде өтеуі тиіс. Алайда ҚК-нің 74-бабы 1-бөлігіне сәйкес, оның кәмелетке толмаған балаларының болуына байланысты жазаны өтеу мерзімі 2028 жылғы 27 сәуірге дейін кейінге қалдырылды.

Айта кетейік, жыл басынан бері құзырлы орган 34 блогердің заңсыз онлайн-ойындарды жарнамалауға қатысы барын анықтады.

Астанада блогер Ерболат Жанабылов пен оның жұбайының ісі бойынша адвокат сот шешімін заңсыз деп атап, шешімге апелляция берілген болатын.

Әкімшілік істен қылмысқа дейін ұласқан "Жанабыловтар ісі" қоғамға қалай әсер еткені жайлы арнайы шолуымызды мына жерден оқи аласыздар.

ҚМА Астана қаласы бойынша департаменті заңсыз кәсіпкерлік қызметпен айналысу және қылмыстық жолмен алынған ақша қаражатын заңдастыру фактілері бойынша блогерлер Ерболат Жанабылов пен оның жұбайы Эльмира Төлегеноваға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді аяқтап, олардың үйқамаққа алынғанын хабарлаған болатын.