Блогер Ерболат Жанабыловтың ісі бойынша сот жабық режимде өтуде
Қазақстандық блогер Ерболат Жанабыловқа қатысты әкімшілік іс бойынша сот отырысы жабық режимде өтуде. Блогердің өзі осындай өтініш жасап, бұл іс өзіне жеке және отбасылық өміріне қатысты екенін түсіндірді.
1 қазанда Астана қаласының Әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Жанабылов пен жұбайы Эльмира Төлегенованың арасындағы жанжалдан кейін ҚР ӘҚБтК-нің 73-бабының 1-бөлігі бойынша істі қарау басталды.
Отырыстың басында блогер соттан БАҚ өкілдерін залынан шығарып, түсірілім жасауға тыйым салуды сұрады.
«Сізден сұраймын, құрметті сот, менің видеоға түсірілмеуімді және журналистердің қатыспауын, істі жабық етуді сұраймын. Бұл – жеке өмір, олардың мұны білуі міндетті емес деп ойлаймын», – деді Жанабылов.
Сот өтінішхатты қанағаттандырды. Содан кейін істі қарау журналистердің қатысуынсыз жалғасты.
Еске салайық, 1 қазанда блогерге қатысты жұбайы Эльмира Төлегеновамен болған тұрмыстық жанжалдан кейін ҚР ӘҚБтК-нің 73-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік іс қаралуда.
Күні бұрын Төлегенова әлеуметтік желілерде күйеуімен болған жанжал туралы айтып, одан және оның туыстарынан гардероб бөлмесінде тығылып қалғанын хабарлаған болатын.
Кейінірек ол күйеуі тарапынан физикалық зорлық-зомбылық болмағанын нақтылады. Оның айтуынша, жанжал Жанабылов оның екінші телефонын тартып алмақ болған кезде туындаған.
Астана қалалық полициясы 30 қыркүйекте әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында жарияланымды анықтағанын хабарлады. Төлегенованың арыз жазудан бас тартқанына қарамастан, Жанабыловқа қатысты отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқыққа қайшы әрекеттер үшін әкімшілік материал толтырылды.