Блогер енді ақылы постты жарнама деп көрсетуге міндетті

Енді блогерлер қандай да бір тапсырыс алып, жарнама жазса, посттарының соңына "жарнама", "жарнамалық материал" деп көрсету қажет болады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл туралы журналист Оңғар Қабден жазды.

Онлайн-жарнаманы таңбалау қағидаларын бекіту туралы бұйрық жарияланыпты. Енді блогер қауым қандай да бір тапсырыс алып, жарнама жазса, посттарының соңына "жарнама", "жарнамалық материал" деп тайға таңба басқандай белгі қоюы міндетті, - деп жазды ол.

Сонымен қатар ол жарнама алып, оның ақылы екенін жазбай кетсе не болады, мониторинг жағы қалай болады екен деген сауал тастаған.

Сонда сіз оқырманды, аудиторияны алдамайсыз. Бір кафеге кіріп, тегін тамақ жесеңіз де, "кафе демеуші болғанын" түртіп қою міндетті. Сонда сіз парақшаңызды оқитын жамағатты алдамайсыз. Жалпы, бағыт дұрыс. Бір-бірімізді алдамайтын ел болуымыз керек. Бірақ сұрақ та көп. Мысалы, блогер тапсырыс алып, жарнама деп жазбай кетсе не болады? Оны жазалай ма? Блогер алған ақысынан салық төлей ме? Барлық постқа, видеоға мониторинг жүргізіле ме? Оны кім жүргізеді?, - деген сауал туындайтынын айтты ол.

Журналист осы бағыт кейбір шектен шыққан адамдарға тұсау болатын шығар деп отыр.

Бұл сауалдарға ақырын жауаптар табылар. Бірақ осы бағыт кейбір шектен шыққан адамдарға тұсау болатын шығар. Мысалы, соңғы 1 айдан бері Бишімбаевты ақтап жатқан талай пост көрдім. Қазақшасы да, орысшасы да жетіп жатыр. Сонша блогерді сатып алған бұл отбасының ақшасы көп екен. Үнемі заң қайда, құқық қайда? Әкім, министр неге өйтпейді, бүйтпейді дейтін блогерлер де қамаудағы Бишімбаевты ақтауға кірісіп кетті. Қу дүние үшін ар-ұятты сатуға болмас. Бірақ мына жаңа бұйрық осындай адамдарды тоқтататын шығар. Әйтпесе, ертең бір жерді жарып жіберген террористі ақтау керек деген тапсырыс келсе, қанша төлейсің деп оған да араша түсетін блогерсымақ көп болады-ау..., - деп жазды Оңғар Қабден.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Артём Чурсинов - архив
Өзгелердің жаңалығы