BlackRock, Goldman Sachs және басқа да жаһандық инвесткомпаниялар Астанада бас қосты
Астанада 9 қыркүйекте халықаралық қаржы форумы – Astana Finance Days 2026 басталды. Оған BlackRock, Goldman Sachs, Capital Group, Brookfield, Rothschild & Co., IFC Asset Management Company және басқа да ірі қаржы ұйымдарының өкілдері қатысуда. АХҚО хабарлағандай, қатысушы компаниялардың басқаруындағы активтердің жиынтық көлемі 26 триллион доллардан асады.
Форум екі күнге созылады. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, Астанаға 90 елден 8 мыңға жуық қатысушы келді. Негізгі тақырыптар қатарына экономикаға капитал тарту, қаржы нарығын дамыту, цифрлық активтер, жасанды интеллект және нақты жобаларға инвестиция құю кіреді.
Не талқыланады?
Форумның басты тақырыптарының бірі – ірі капиталдың қайда бағыт алып жатқаны және халықаралық инвесторларды қандай жобалар қызықтыруы мүмкін екендігі. Жеке сессия егеменді және институционалдық қорлардың экономикалық өсімдегі рөліне арналған. Оған Hong Kong Investment Corporation, Fitch Ratings және басқа да қаржы ұйымдарының өкілдері қатысады. Жиында ұзақмерзімді инвестициялардың инфрақұрылымды, жаңа өндірістерді және экономикадағы құрылымдық өзгерістерді қаржыландыру үшін қалай қолданылуы мүмкін екендігі сөз болады.
Үлкен бір блок жаңа қаржы технологияларына арналған. Қатысушылар цифрлық теңгені, стейблкоиндерді, нақты активтерді токенизациялауды, орталықтандырылмаған қаржыны және жасанды интеллектіні пайдалану мәселелерін талқылайды.
Сонымен қатар, төлем инфрақұрылымының қалай өзгеріп жатқаны және цифрлық активтерді мемлекет пен бизнес тарапынан қалай қолдануға болатыны жеке қарастырылады. Бұл пікірталастарға Ұлттық банк, Ұлттық төлем корпорациясы, Mastercard, Solana, Anchorage Digital және басқа да компаниялар қатысады.
Қазақстандық жобалар инвесторларға ұсынылады
Жеке бағыт тау-кен өндіру саласы мен геологиялық барлауға арналған. Форумда жаңадан бастаған тау-кен компанияларының толыққанды өндіріс басталғанға дейін, яғни алғашқы кезеңде қаржыны қайдан алуы керектігі талқыланады.
Сәуір айында АХҚО геологиялық барлау жобалары отандық және шетелдік инвесторларды таба алатын Junior Mining Platform платформасын іске қосты. Бұл платформаға 48 жоба түсіп, оның 23-і іріктеуден өтті. Олар Астанада өтетін питч-сессиялар мен жеке кездесулер форматында инвесторларға таныстырылады.
Сондай-ақ форумда жасанды интеллект инфрақұрылымы мен есептеу қуаттарына, коммерциялық жылжымайтын мүлікке, технологиялық кластерлерге және нақты сектордың ірі жобаларына инвестиция құю мәселелері сөз болады.
Қаржылық реттеушілер келісімдерге қол қояды
Тағы бір блок Орталық Азия елдері мен көршілес нарықтар арасындағы капитал қозғалысын жеңілдетуге қатысты. Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Грузия, Дүниежүзілік банк, ЕҚДБ, АДБ және Халықаралық қаржы корпорациясының өкілдері трансшекаралық инвестицияларға кедергі болатын факторларды, қаржылық қызметтерді өзара мойындауды және реттеушілер арасындағы ақпарат алмасуды талқылайды.
Форум аясында АХҚО қаржылық реттеушісі мен Грузия Ұлттық банкі, сондай-ақ Хорватияның Қаржылық қадағалау агенттігі арасында меморандумдарға қол қою жоспарланған.
Бұдан басқа, астықты токенизациялау жобасы бойынша келісімдер қарастырылған. Бұл АХҚО Tech Hub, Concordia Group және Aitas Agro қатысуымен аграрлық нарыққа арналған цифрлық құралдарды әзірлеуді көздейді.
Сонымен қатар, қаржылық қауіпсіздік мәселесі бөлек талқыланады: күдікті операцияларды анықтау үшін жасанды интеллектті пайдалану, цифрлық активтердің тәуекелдері және қаржылық барлаудың жаңа тәсілдері сөз болады.