БҚО-да екі табиғи қорық құру мәселесі қаралып жатыр
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Батыс Қазақстан облысында жыл соңына дейін жалғасатын дәстүрлі «Киік» кең ауқымды табиғатты қорғау акциясы аясында браконьерлікпен күрес шаралары күшейді.
ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі осыған орай ұйымдастырған баспасөз туры барысында «Охотзоопром» мекемесі инспекторларының жұмысы көрсетіліп, Қазталов ауданы аумағындағы жаңа автономды станция таныстырылды.
Атап өтейік, Батыс Қазақстан облысы еліміздегі киіктер популяциясы ең көп шоғырланған өңір. «Охотзоопром» мекемесі мамандарының айтуынша, 2019 жылғы санақ бойынша БҚО аумағында 217 мың бас киік болған. Бұл сан қазір едәуір артқаны байқалады. Оларды сақтау мақсатында министрлік жалпы ауданы 343040,1 га «Бөкейорда» мемлекеттік табиғи резерватын, сондай-ақ жалпы ауданы 314504,1 га Ащыөзек мемлекеттік табиғи қаумалын құру мәселесін пысықтауда.
Акцияның басты мақсаты - киік жануарларын заңсыз аулау, олардың мүйізін, дериваттарын заңсыз сақтау және тасымалдаудың жолын кесу. Осы орайда құзырлы органдар, атап айтқанда Орман шаруашылығы және жануарларды қорғау инспекциясы, полиция департаменті, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметі бірлесіп мобильдік топтар құрды. Жалпы, жыл басынан бері облыс аумағында киік аулау, дериваттарын заңсыз сақтау бойынша 37 қылмыстық іс тіркеліп, алтауының сотты өтті. 8 адам 2 жылдан 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру және шектеу жазасымен қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Сотпен 62 млн 300 мың теңге қанағаттандырылды,- деді акция жайында БҚО Орман шаруашылығы және жануарларды қорғау инспекциясының жетекші маманы Арман Ізімғалиев.
«Охотзоопром» ӨБ» РМҚК-ның Батыс Қазақстандағы облыстық филиалы киіктерді қорғау жұмысын жүргізетін Қазталов ауданы аумағында автономды модульдік үй салынған.
Жылжымалы станция тұрғын жайдан бөлек, шағын жанармай құю бекетімен, көлікке техникалық қызмет көрсету алаңымен және операторлық бөлмемен қамтылған. Бұл табиғат қорғаушыларға бір орталықтан жедел әрекет етіп, тиімді жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Пилоттық жоба басқа өңірлерде де жалғасын таппақ.
Автономды станция Қазталов елді мекенінен 50 шақырым қашықтықта тұр. Бұрын инспекторлар жүк көлігінде қонып жұмыс істейтін. Жақында толық пайдалануға берілетін модульдік үйде жатын орындары, жуынатын бөлме, асхана мен жұмыс орындары бар. WI-FI орнатылады. Электр энергиясы үй төбесіндегі күн батареялары арқылы алынады. Инспекторларымызға ашық далада осындай орталықтан жұмыс істеген өте ыңғайлы,- деді «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК Батыс Қазақстан облыстық филиалы директорының міндетін атқарушы Арман Қожахметов.
«Киік» акциясы Батыс Қазақстаннан бөлек, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарының аумағында өткізіледі. Оған «Охотзоопром ӨБ» РМҚК-ның Жануарлар дүниесін қорғау қызметінен 224 инспектор, 68 бірлік жол талғамайтын автомашиналар , 37 бірлік КУНГ, 23 бірлік қарда жүргіш, 2 бірлік «Берлога» вагоншалары (ОӨФ, БӨФ) жұмылдырылды.
Еске салайық, 2019 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасымен Қазақстанда браконьерлікке қарсы жаза күшейтілген. Бұрын браконьерлік қылмысы дәлелденген адамның мүлкі тәркіленіп, 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылса, қазір жаза мерзімі 10 жылға дейін артты. Мемлекеттік инспекторлар мен қорықшыға қатысты өмірге қол сұғушылық және күш қолданғаны үшін 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру не мүлкі тәркіленіп, өмір бойына бас бостандығынан айыру көзделген.
Сонымен қатар, мемлекеттік инспектор мен қорықшыға қатысты зорлық-зомбылық көрсеткені үшін жаңа бап бойынша адам 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.