БҚО-да 800-ден астам киік мүйізі тәркіленді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Батыс Қазақстан облысында ірі көлемде киік мүйізін сатпақ болған браконьерлер ұсталды, деп хабарлады Polisia.kz.
Полиция қызметкерлері Бөкей ордасы ауданының тұрғындарынан 800-ден астам киік мүйізін тәркіледі. Оның құны шамамен 2 миллиард теңгеге бағаланып отыр. Тергеу барысында ұсталған адамдардың осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бар екені анықталды.
Қазіргі уақытта олардың сыбайластары мен мүйіздерді өткізетін орындары анықталуда. Бұл – соңғы жылдары браконьерлерден тәркіленген киік мүйізінің ең ірі партиясы.
Арнайы операция нәтижесінде Бөкей ордасы ауданының 1982 және 1994 жылы туған үш тұрғынын ұстап, олардан сегіз қапшыққа салынған 805 киік мүйізі тәркіленді. Ұсталған адамдардың айтуынша, олар 2020 жылдың күз мезгілінен бері осы уақытқа дейін өлген киіктердің мүйізін кесіп алып, сақтап келген екен. Олар ҚПК-нің 128-бабына сәйкес уақытқа ұстау изоляторына қамауға алынды, - деп хабарлады облыстың полиция департаменті.Оларға қатысты Қылмыстық кодекстің 339-бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдіктілер 3 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Бірқатар сараптама тағайындалды, оның ішінде биологиялық және трасологиялық сараптама да бар. Ұсталған адамдардың қылмыстық әрекетінен келген шығын шамамен 2 миллиард теңге болды, - делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта таяу шетелдерде киік мүйізін көтерме бағамен сатып алумен айналысатын адамдарды анықтау үшін жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізілуде.
Еске сала кетейік, 2021 жылдың ақпан айында Зашаған кентінде 1987 жылы туған азамат ұсталып, одан 219 киік мүйізі алынған болатын.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Қазақ баласы NASA-да тағылымдамадан өтті
Келесі жаңалық
Арқан тартыстан республикалық турнир өтті
Өзгелердің жаңалығы