Бизнестің жол картасына бөлінген қаражат толық игерілді – министр
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Үкімет отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов «Бизнестің Жол картасы-2020» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысын баяндады.
«Бағдарлама іске асырылған 4 жылда республикалық бюджеттен 210 млрд теңге бөлінді. Бұл қаражат 13 мың шағын және орта бизнес субъектілерін қаржыландыруға, орта есеппен жылына 20 мың кәсіпкерді оқытуға, 10 мың жұмыс орнын құруға, 3,3 трлн теңгеге өнім шығаруға мүмкіндік береді. Ал төленген салық сомасы жыл сайын 175 млрд теңгені құрайды. Бөлінген қаражаттың көп бөлігі кредиттер бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялауға бағытталды», - деп айтты министр.
Оның айтуынша, 53 млрд теңге немесе бөлінген қаражаттың 25%-ы фабрикалар, зауыттар мен шағын орта бизнестің өндірістік объектілері мен жетіспейтін инфрақұрылымын жүргізуге бағытталғанын айтты. Қаражаттың қалған бөлігіне несиелерді кепілдендіруге, оқытуға және кәсіпкерлерге консультациялық қызмет көрсетілген.
«Осы жылдар бойы қаражат 100% игерілді. Бағдарлама құралдарына сұраныс өте жоғары. 2019 жылы қаржыландыруға 1 жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда 57%-ға артық қаражат көзделген», - деді Дәленов Үкімет отырысында.