«Бизнестің жол картасы-2025» аясында 68 жобаға қолдау көрсетілді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Нұр-Сұлтанда «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы аясында 68 жоба қолдау тапты. Оның ішінде халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын кәсіпкерлердің 23 жобасы бар.
Елорда әкімдігінің ресми сайтындағы ақпаратқа сүйенсек, мемлекеттік гранттар шағын кәсіпкерлік субъектілеріне тек экономиканың басым секторларында беріледі. Осылайша, егер ЭҚЖЖ кәсіпкер ұсынған хабарламада тізбеге енбесе, жоба қорғауға жіберілмейді.
Конкурстық комиссия отырысының қорытындысы бойынша 68 жоба мақұлданды, оның ішінде халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын кәсіпкерлердің 23 жобасы (бұдан әрі – ХӘОТ) бар.
Бағдарламаның шарттары бойынша бөлінген қаражаттың 20%-ы ХӘОТ-қа жататын шағын кәсіпкерлік субъектілеріне мемлекеттік гранттар беруге бағытталады.
«Active life» ЖК «ИНваСТО» мобильді жылжымалы сервис орталығы сияқты әлеуметтік маңызы бар жобаларды атап өткен жөн. Олар Нұр-Сұлтан қаласының кез келген жеріне келіп, сол жерде техникалық көмек көрсете алады немесе күрделі жөндеу жүргізілген жағдайда уақытша арбамен қамтамасыз ете алады. Сондай-ақ Қазақстанда алғашқы отандық өндірістің экзоскелеттерін шығаруды жоспарлап отырған «Bars» ЖК «Отандық экзоскелет өндірісі» инновациялық бизнес-идеясы қолдау тапты.
Айта кетейік, осы жылдың 28 маусымы мен 12 шілдесі аралығында Нұр-Сұлтан қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы «Бизнестің жол картасы 2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасының жұмыс органы ретінде «Qoldau» Цифрлық бизнес-платформасы арқылы жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін мемлекеттік гранттарды беру конкурсына шағын кәсіпкерлік субъектілерінің өтінімдерін қабылдады.
Барлығы 335 өтінім келіп түсті, мәліметтер өңделгеннен кейін 177 жоба қорғауға жіберілді.