Бизнестің жол картасы-2025: 5 377 жоба мақұлданды
Өңірде «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы бойынша 5 377 жоба мақұлданды. Бұл туралы облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Ербол Оспанов мәлімдеді, деп хабарлайды Ақмола облысындағы BAQ.KZ тілшісі.
Ол атап өткендей, бүгінгі таңда облыста «Қарапайым заттар экономикасы» мемлекеттік бағдарламасы бойынша жұмыс істейтін кәсіпорындар – күнделікті пайдаланылатын тауарларды өндірушілерге ерекше көңіл бөлінеді. Бұл – 48,99 млрд теңгенің 263 жобасы.
Басқарма «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасының өңірлік үйлестірушісі болып табылады. Біздің міндетіміз – өңірлік кәсіпкерліктің тұрақты және теңгерімді өсуін қамтамасыз ету, сондай-ақ қолданыстағы жұмыс орындарын қолдау және жаңа тұрақты жұмыс орындарын ашу. Бағдарлама қолға алынған 2010-2022 жылдар аралығында облыста жалпы құны 267,7 млрд теңгені құрайтын 5 377 жоба мақұлданды. Олардың ішінде субсидиялау бойынша 215,1 млрд теңге кредит сомасына 3 491 жоба; кепілдік беру бойынша 38,9 млрд теңгенің 1 629 жобасы, инфрақұрылымды жүргізу бойынша 13 млрд теңгенің 57 жобасы бар. 666,3 млн теңгеге 200 грант берілді, – деді Ербол Оспанов.
Биыл бизнес объектілеріне инфрақұрылымды тарту бойынша 4 өтінім қаралуда. Басқарма басшысының айтуынша, өткен жылы бизнесті қолдаудың пәрменді тетіктерінің бірі «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасын іске асыру» болды. 2022 жылы осы бағдарлама бойынша 1 млрд 18,4 млн теңгеге 195 азамат шағын несие алды.
Өңірде «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасын жүзеге асыруға айрықша көңіл бөлінді. Бұл – тоқыма және жиһаз, азық-түлік және т.б. Қазіргі уақытта 48,99 млрд теңгеге өңдеуші өнеркәсіп, агроөнеркәсіп кешені және қызмет көрсету саласының 263 жобасы мақұлданды және қаржыландырылды, – деді басқарма басшысы.
2019-2022 жылдар аралығында өңдеу өнеркәсібінде 29,19 млрд теңге сомасына 42 жоба, ауыл шаруашылығында – 14,5 млрд теңгенің 210 жобасы, қызмет көрсету саласында – 5,3 млрд теңгенің 11 жобасы мақұлданды. 1 300-ден астам жұмыс орны құрылды.
2022 жылы 4,3 млрд теңге сомасына үш жоба мақұлданды: «Бек-Ақмола» ЖШС ұн өндірісі, «Назаренко» ЖК жиһаз өндірісі, «Аgrofidelity»ЖШС макарон өнімдерін өндіру. Мемлекеттік қолдаудың барлық шаралары оң нәтиже беуде, – деп толықтырды облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы.
Ол осы бағдарламалардың іске асырылуына мониторинг жүргізумен кім айналысатыны және бөлінген қаражатты мақсатсыз пайдалану кезінде қандай шаралар қолданылатыны туралы да айтып өтті.
Бүгінгі күні елімізде субсидиялау, кепілдік беру бойынша «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасының агенті барлық қалаларда, облыстарда филиалдары бар «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ болып табылады. Бүгінде «Даму» қоры екінші деңгейдегі банктермен бірлесіп қаржыландырылатын жобалар бойынша үшжақты келісімшарттар жасасуда. Ол мәмілелерге мониторинг жүргізеді. Қаражаттың игерілуін бақылауды банк те, қор да жүргізеді. Бірақ ең алдымен, банк жауапты екенін түсіну керек. Өйткені ол негізгі қарыз беруші. Егер қаражатты мақсатсыз пайдалану фактісі тіркелсе, сот процестері басталады. 2023 жылғы 1 қаңтарда тіркелген шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 8,8%-ға ұлғайды. Жұмыс істеп тұрған субъектілер саны 13%-ға, өнім өндіру 11,4%-ға өсті. ШОБ субъектілерімен 8 194 жаңа жұмыс орны ашылды. Олардан 83 млрд теңге салық төлемдері түсті, бұл 2021 жылғы көрсеткіштен 23,7%-ға жоғары. Биыл ЖІО-дегі шағын және орта бизнес үлесін 29%-ға дейін жеткізу жоспарланып отыр, – деп қорытындылады Ербол Оспанов.