"Бизнестің жол картасы - 2020": Жамбыл облысында биыл 344 жоба жүзеге асуда
Жамбыл облысы, BAQ.KZ тілшісі. "Бизнестің жол картасы - 2020" бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырыла бастаған уақыттан бері өңірімізде барлық қаржы құралдары арқылы жалпы сомасы 106,4 миллиард теңгені құрайтын 1714 жоба қолға алынды. Ал биыл 6,7 миллиард теңгенің 344 жаңа жобасы жүзеге асуда.
Оның ішінде бағдарламаның бірінші және екінші бағыттарындағы "Пайыздық ставканы субсидиялау" тетігі бойынша, жалпы сомасы 88,6 миллиард теңгені құрайтын 1006, атап айтқанда 2010 жылы – 1, 2011 жылы –24, 2012 жылы – 87, 2013 жылы – 72, 2014 жылы – 108, 2015 жылы – 147, 2016 жылы – 195, 2017 жылы – 207, 2018 жылы – 52 жоба жүзеге асырылды.
Ал биыл 113 жоба жүзеге асырылу үстінде. Бұл мәліметтермен Жамбыл облысы әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Жеңіс Сариев бөлісті.
"Айта кетерлігі, аталған тетік бойынша жұмыстар жүргізуде тараздық кәсіпкерлердің белсенділігі басым болып отырғаны байқалада. Яғни жалпы жобалардың 508-і – Тараз қаласының, ал қалған 498-і – аудандардың үлесінде", - дейді ол.
Бағдарламаның бірінші бағыты аясында "Пайыздық ставканы субсидиялау" құралы бойынша жобалардың басым бөлігі Шу, Байзақ, Қордай аудандарында іске асқан. Ал оларды қаржыландыруда "Қазақстан Халық Банкі" АҚ-ы өңірдегі екінші деңгейдегі банктер арасында көш бастап тұр.
Ол барлығы 318 жобаны қаржыландыруды жүзеге асырған. "БанкЦентрКредит" - 138, "Сбербанк" - 90, "АТФ Банк" - 90, "Цесна-банк" - 72, "ForteBank" - 65 , "Евразиялық банк" - 35, "Нұрбанк" - 31, "Банк ВТБ" - 29 жоба бұйырып отыр. Қаржыландыру ісімен басқа да екінші деңгейдегі банктер түгел қамтылған.
Ал "Банк кредиттері бойынша кепілдік беру" бағытында жалпы кепілдік сомасы 4,7 миллиард теңгені құрайтын 396 жоба, атап айтқанда, 2011 жылы – 3, 2012 жылы – 5, 2013 жылы – 16, 2014 жылы– 37, 2015 жылы – 76, 2016 жылы – 60, 2017 жылы – 74, 2018 жылы – 58 жоба жүзеге асырылған.
Ағымдағы жылы 67 жобаны жүзеге асыру жұмыстары жүргізілуде.
"Өндірістік (индустриялық) инфрақұрылымды дамыт" құралы бойынша, жалпы құны 12,06 миллиард теңгені құрайтын 95 жоба мақұлданып, жүзеге асырылу үстінде. Осы тұста айта кетерлік жағдай, "Субсидиялау" құралы бойынша жүзеге асырылған жобалардың дені Тараз қаласының еншісіне бұйырса, ал "Өндірістік инфрақұрылымды дамыту" бойынша көрсеткіш керісінше болып отыр. Яғни 95 жобаның 81-і облыс аудандарының еншісіне тиіп отыр", - деді Жеңіс Сариев.
Басқарма басшысы аймақта кәсібін жаңа бастаған кәсіпкерлер үшін мақсатты мемлекеттік гранттар ұсыну ісі де жүйелене түскенін айтты. Оның сөзіне қарағанда, бұл тетік Жамбыл облысында "Бизнестің жол картасы - 2020" бағдарламасы шеңберінде 2013 жылғы сәуір айынан бастап енгізілген екен. Содан бері өңірлік үйлестіру кеңесінің шешімімен жалпы сомасы 499,3 миллион теңгені құрайтын 217 кәсіпкердің жобасы мақұлданып, қаржыландырылуға ұсынылған. Оның ішінде биыл 339 миллион теңгені құрайтын 165 жобаны қаржыландыру көзделіп отырған көрінеді.
"Жамбыл облысында шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға да мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау мол. Атап айтқанда, Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған "Еңбек" бағдарламасының "Жаппай кәсіпкерлікті дамыту" деп аталатын 2-бағыты бойынша Тараз, Жаңатас және Қаратау қалаларында шағын несиелендіру және несиені кепілдендіру үшін биылғы жылға барлығы 1124,9 миллион теңге бөлініп, толықтай "Даму" кәсіпкерлікті дамыту қорына жолданып, өңірдегі екінші деңгейлі банктерге орналастырылды. Бүгінгі таңда осы қаражат есебінен 38 жоба несиелендірілді", - деп атап өтті жергілікті әкімдік өкілі.
Ал Тараз қаласы бойынша 75,3 миллион теңгеге 7 жоба мақұлданыпты, 322,4 миллион теңгенің 29 жобасын қаржыландыруға қатысты құжаттары екінші деңгейдегі банктерде қарастырылуда.