"Бизнестің жол картасы - 2020": ШҚО-да 10 жылда 4,7 мың жаңа жұмыс орны ашылған
Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Экономиканың шикізаттық емес секторындағы кәсіпкерлікті дамытып, халықты жұмыспен қамтуды мақсат еткен "Бизнестің жол картасы - 2020" бағдарламасы аяқталуға жақын. Өткен 10 жылда Шығыс Қазақстанда не істелді? Қанша жұмыс орны ашылды? Қанша жұмыс орны сақталып қалды? Осы және басқа да сауалдарға сайт тілшісі жауап іздеп көрді.
Кәсіпкерлікті кешенді қолдауды белсенді түрде іске асыру құралдарының бірі "Бизнестің жол картасы - 2020" бағдарламасы екені белгілі. Аталмыш құжат моноқалаларда, шағын қалаларда және ауыл-аймақтарда ісін жаңа бастаған және жұмыс істеп жатқан кәсіпкерлерге берілген банк несиелері бойынша сыйақы ставкасын субсидиялап, несиеге кепілдік беруді қамтамасыз етті.
Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ержан Шұрмановтың хабарлауынша, мемлекеттік бағдарлама іске асырылғаннан бері жалпы сомасы 163,9 млрд теңгеге 1151 жоба субсидияланып, төленген субсидия сомасы 14,8 млрд теңгені құраған. Ағымдағы жылы ғана жалпы сомасы 9.5 млрд теңгеге 128 жоба бойынша субсидиялау шартына қол қойылды. Төленген субсидиялардың барлық көлемі 1.1 млрд теңгені құраған. Несиесі субсидияланған жобалар саны бойынша Өскемен, Семей, Риддер қалалары мен Глубокое, Алтай аудандары көш бастап келеді.
"Сонымен қатар, жалпы сомасы 14,5 млрд теңгеге 439 жоба кепілдендіріліп, берілген кепілдік сомасы 6 млрд теңгені құрады. 2019 жылдың 9 айында жалпы сомасы 2,7 млрд теңгеге 86 жоба кепілдендірілді, кепілдік сомасы 1033,8 млн теңгені құрады. Осылайша субсидияланған және кепілдендірілген жобалар саны бойынша Шығыс Қазақстан облысы республика бойынша көшбасшы орынға шықты", - деді Ержан Айткенұлы.
Пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау және кредиттерге кепілдік беру құралдарын пайдалану есебінен екінші деңгейлі банктердің өңдеу өнеркәсібі (30,4%), Көлік және қоймалау (22,9%), көтерме және бөлшек сауда (14,8%), ауыл, орман және балық шаруашылығы (12,6%), тұру және тамақтану бойынша қызметтер (10,4%), Денсаулық сақтау және әлеуметтік қызметтер (8,9%) салаларына несие беру көлемінің ұлғаюына ынталандырды.
Құзырлы басқарманың хабарлауынша, "Бизнестің жол картасы - 2020" бағдарламасы аясында өңірде құрылыс металл құрылымдары мен өнімдерін өндіру бойынша кәсіпорындардың, өнеркәсіптік арматура өндіру зауытының, комбикорм зауытының құрылыстары жүргізіліп, жол тақтасын, жол жиектік бетондарды, резеңкеден және пластмассадан жасалған гидравликалық тығыздағыштарды, гипс-қатырма табақтарды, OSB-тақталарын, пластикалық терезелерді өндіру жолға қойылды. Бұдан бөлек, темірбетон бұйымдарының зауыты жаңғыртылып, металл бұйымдарын, энергия үнемдейтін жабдықтарды, жиһаз, багет және тағы басқа өнімдерді шығару ісі ілгерлеген.
"Атап айтсақ, Көкпекті ауданында бағдарлама аясында "Қалиқанұлы" шаруа қожалығына құрал-жабдықтар мен арнайы техника, асыл тұқымды жылқы мен ірі қара мал сатып алып, коммерциялық жылжымайтын мүлікті жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қазіргі уақытта аталмыш қожалықта өнеркәсіптік ауқымда дайын сүт өнімдері дайындалады, оның ішінде: жұмсақ және қатты орамдағы сүт, ірімшік, айран, қаймақ, брынза ірімшігі, май, сүзбе, қымыз, құрғақ қымыз, өзге де қышқыл сүт өнімдері бар. Өнім "Айша" сауда маркасымен Семей, Өскемен, Курчатов қалаларына жеткізіледі. Шаруа қожалығы осының арқасында 35-тен астам жаңа жұмыс орнын құрды", - дейді басқарма басшысы.
Тағы бір мысал ретінде қысқа мерзімде әр түрлі бейіндегі корпустық жиһаз өндірісін жолға қойған Ұлан ауданындағы "Кучерин С. А" жеке кәсіпкерлігін айтуға болады.
Бүгінгі күні аталмыш кәсіпкермен және онымен үлестес барлық компанияларда 50-ден астам адам жұмыс істейді. Қазіргі уақытта "К-Мебель" сауда белгісімен 200-ден астам өнім түрін шығаратын олар жиһаз бен матрастардан бөлек, пластикалық терезелер шығаруды да қолға алған.
Мемлекеттік бағдарламадан өз үлестерін алған саланың бірі туризм екені де белгілі. Бұл әсіресе су мен нуы мол Шығыс Қазақстан үшін басым бағыттардың бірі саналады. Бүгінгі күні өңірдің туризмге қолайлы деген демалыс және киелі аймақтары белгіленіп те қойған. Осындай аймақтардың бірі Үржар ауданының аумағында орналасқан Алакөл аймағы. Алакөлдің әлеуетін арттыру аясында мемлекеттік бағдарлама арқылы қаржылық қолдау алған "Абишева И.А." жеке кәсіпкерлігі жалпы ауданы 300 шаршы метр болатын "Толқында" демалыс үйін салып, 12 стандарты және люкс бөлмелерін келімді-кетімді демалушыларға ұсына бастады.
Осы бағдарламаның бір бағыты – қаржылық емес көмекті қарастырады, яғни өз кәсібін ашамын деушілерді оқытудан өткізу. Бағдарлама қолға алынған сәттен бері Шығыс Қазақстанда 14 мың адам арнайы курстарды тәмамдады. Биылдың өзінде ғана 1400 адам кәсіп ашудың қыр-сырын меңгерген. Бұл істе "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасының облыстық филиалы ерекше белсенділік танытып, 100 мыңнан астам шығысқазақстандыққа ақыл-кеңестерін берген.
Бизнес-бастаманы кеңейту үшін мемлекеттік гранттар беру жүзеге асырылды. Облыста барлығы 215 жоба бойынша 564,5 млн теңге сомасына мөлшерінде грант берілсе, 2019 жылдың 9 айында ғана 173,7 млн теңгеге 72 грант берілді.
"Бағдарламаның осы бағытын іске асырудың әсері өте жоғары. Грант қаражаты есебінен шағын бизнестің бұрын өңірлерде болмаған жаңа өндірістері құрылды. Мысалы, Глубокое ауданында Ақмет Озатбек есімді жеке кәсіпкер 3 млн. теңге көлемінде грант алып, аяқ киім шығаратын цех ашты. Осылайша екі адамды тұрақты жұмыспен қамтып, жылына 150 мың теңге салық төлеп, мемлекет қоржынын толықтыруда. Сонымен қатар Абай ауданында "Жүнісжанов Е" жеке кәсіпкерлігі 3 млн.теңге мөлшеріндегі гранттық қаржыға баспахана ашып, үш тұрғынды тұрақты жұмыспен қамтыды. Көкпекті ауданында "Max mara" шаруа қожалығы қаз өсіру, қаз еті мен қаз қауырсынынан жасалған бұйымдарды өндіру жобасын іске асырды. Аталмыш кәсіпорын да 3 млн. теңгелік грант қаржысымен 2 тұрақты жұмыс орны құрды", - деп қосты Ержан Шұрманов.
Бағдарламаның бұл бағыты мүмкіндігі шектеулі адамдардың кәсіпкерлік бастамасын жүзеге асыруға да көмектесті. Атап айтсақ, Көкпекті ауданында бірінші топ мүгедегі Жанна Жәбекова есімді бойжеткен ойыншық дайындау цехын ашты. Осылайша мүмкіндігі шектеуші жан 3 млн теңге сомасындағы грантқа ойындағы арманын іске асырып екі жерлесін тұрақты жұмыспен қамтыды.
Сондай-ақ, кәсіпкерлердің өндірістік қуатын арттыру үшін олардың жобаларына жетіспейтін инфрақұрылымды жеткізу жүзеге асырылады. 2010 жылдан бастап 2018 жылға дейінгі кезеңде бағдарлама шеңберінде жалпы сомасы 13,4 млрд теңгеге осындай 51 жоба іске асырылды.
Қазіргі уақытта аталмыш бағыт бойынша Өскемен қаласындағы толық циклді автозауыт пен автобөлшектер жасайтын технопаркке теміржол желісін тарту, Көкпекті ауданының Қарақол ауылындағы "Батраков В.И" шаруа қожалығын, Зайсан ауданындағы аңшылық аумақты, "Елім-ай Көкпекті" агроөнеркәсіптік кешенін жәнен Семей қаласына күші 110 кВт электр желілерін тартып, трансформаторлармен жабдықтау сияқты 6 жоба іске асырылу үстінде.
Сонымен қатар, биылғы жылы облыстық бюджетке 7, республикалық бюджетке 15 жобаның бюджеттік тапсырысы берілген. Олардың ішінде Өскемен қаласындағы "Өркен-КШТ" және Семейдегі "Өндіріс" индустриялық аумақтарына инженерлік желілерді тарту жұмыстары қарастырылған.
Сондай-ақ, бұрын басталған бес жоба да қатар іске асырылуда. Олардың ішінде Аягөз ауданының Мамырсу ауылындағы бір ауысымда 1400 бас малды бордақылауға арналған цехты айтуға болады. Аталмыш кәсіпорынға су құбырлары мен электр желілері сияқты инфрақұрылымды тарту үшін 465 млн теңге бөлінген екен.
Жалпы, "Бизнестің жол картасы-2020" бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында облыс кәсіпкерлерімен 1 477,5 млрд теңге сомаға өнім шығару қамтамасыз етіліп, 57,2 млрд теңгенің салығы мемлекет қазынасына түскен. Сонымен қатар бағдарлама жұмыс істеген 10 жыл уақыт ішінде облысты 4,7 мың тұрақты жұмыс орны ашылып, жергілікті тұрғындар жұмыспен қамтылған.