Бизнесті тартып алу, 3 жер учаскесі және 113 пәтер. Рейдерлік әрекет туралы жаңа мәліметтер жарияланды

Қаржылық мониторинг агенттігі Елдос Қоспаев ұйымдастырған ҰҚТ-ның  ірі көлемдегі рейдерлік әрекеті туралы жаңа мәліметтерді жариялады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі Әлібек Әбділовтің айтуынша, агенттік рейдерлікке күдікті Елдос Қоспаев пен оның сенімді тұлғаларына қатысты ұйымдасқан қылмыстық топты құру және оған қатысу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тіркеді.

ҰҚТ 11 қатысушыдан құрылған, оның бесеуі қамауға алынды, ал ұйымдастырушы Елдос Қоспаевпен бірге 6 адамға іздеуге жарияланды. Қылмыстық топ Алматы қаласының кәсіпкерлерін қорқыту арқылы рейдерлік әрекеттерін жүзеге асырған болатын. ҰҚТ зорлық-зомбылық пен қорқыту арқылы кәсіпкерлердің мүлкін тартып алумен, компаниялардағы үлестерін өздерінің атына аударумен және  көлеңкелі бизнеспен айналысты, - деп айтты Әлібек Әбділов.

Мәселен, 2019 жылғы 4 наурызда Алматы қаласында Қоспаев өзінің сыбайластарымен бірге бизнесті дамытуға 160 млн теңге салған «Profit Trade Ltd» ЖШС иелерін өз үлесінің 40%-ын ҰҚТ-ның белсенді мүшесі Имашевқа жазып беруге мәжбүр еткен.

Бұрынғы басшыларды басқармадан шеттете отырып, ҰҚТ мүшелері құжаттарды қолдан жасау арқылы қалған 35% үлесті иеленді. Компания алкоголь өнімдерін көтерме сатумен айналысып, тұрақты табыс әкелген. 2020 жылғы 30 шілдеде Қоспаевтың қылмыстық тобы өз бизнесіне 400 млн теңгеден астам инвестиция салған «Azovita Aktay» ЖШС мен «Azovita Atyray» ЖШС меншік иесінің өміріне қауіп төндіру арқылы ҰҚТ мүшелеріне кәсіпорындардың жарғылық капиталының 100% үлесін өтеусіз беруге мәжбүр етті, - дейді агенттіктің ресми өкілі.

Қоспаев бастаған жоғарыда аталған ҰҚТ мүшелері компанияларды өз бақылауына алып, оларды Алматы, Атырау, Қостанай, Маңғыстау облыстарында, сондай-ақ Алматы қаласында алкоголь өнімдерін заңсыз сатуға пайдалана бастады.

Сөзінше, өзінің жазаланбайтынын сезген Қоспаев пен оның ҰҚТ мүшелері табысты кәсіпорындарды тартып алуды одан әрі жалғастырды. 2021 жылдың шілдесінде Қапшағай су қоймасында «Kapchagai Marina Сlub» ЖШС-не тиесілі құны 2 млн АҚШ долларын құрайтын демалыс аймағын күшпен иемденді.

Қоспаев өзінің сенімді тұлғалары арқылы Алматы қаласының ең беделді аудандарының бірінде «Есентай Сити» тұрғын үй кешенінің құрылысын жүзеге асыратын «AV-Construction» ЖШС-дегі үлесінің 75%-ын иеленді. Қалған 25%-ы белгілі кәсіпкер Әбдіғаппаровқа тиесілі болды, ол 2016 жылы ЖШС атынан тұрғын үй құрылысына 31 га аумақты сатып алды. Қоспаев пен оның серіктестері жеке басын байыту мақсатында туыстарына пәтерлер мен коммерциялық үй-жайларды рәсімдеу арқылы ЖШС мүлкін ұрлады. 2018 жылдың қазан айынан бастап Қоспаев пен ҰҚТ мүшелері Бабаев, Әбіжанов, Танашев, Кудряшова және басқа да тұлғалар 3 жер учаскесін, 20 кеңсе үй-жайын және 113 пәтерді иемденді, - делінген хабарламада.

Агенттіктің мәліметінше, нәтижесінде 4,6 млрд теңге сомасына залал келтірілді.

Қоспаев бірлескен меншік иесі Әбдіғаппаровтың компанияның мүлкін ұрлаумен байланысты шағымдарын болдырмау үшін оның анасы С. Жүнісбековаға ресімделген 25% үлесін иемденуге шешім қабылдады.

Әбдіғаппаровты ұстау және кейіннен тұтқындау ҰҚТ мүшелері үшін оның қарт анасы С.Жүнісбековаға қысым жасау құралы болды, «AV-Construction» ЖШС-дегі үлесін ұлына түрмеден шығуға көмекке айырбастауға уәде берді.

ҰҚТ мүшелерінің шабуылына төтеп бере алмай, ұлы үшін қорқып, Жүнісбекова компаниядағы өз үлесін өтеусіз ҰҚТ мүшелерінің атына аударып берді. Тергеу аясында ҰҚТ қылмыстық жолмен алынған мүлкіне тыйым салынды. Бұл 133 жылжымайтын мүлік, 11 жер, 35 премиум көлік және 9 миллион доллар қолма-қол ақша. Сондай-ақ  Қоспаев ешқандай құжатсыз Алматы облысында қала сыртындағы бассейні, тренажер залы бар сәнді үй салды. Онда ол асыл тұқымды жылқыларды өсірді, жабайы жануарлардан хайуанаттар бағын ұстады (арыстандар, аюлар және т.б.), - деп айтты Әлібек Әбділов.

Оның айтуынша, Ішкі істер органдарына 2018-2021 жылдар аралығында болған осы үйдің қызметкерін ҰҚТ мүшелерінің бірнеше рет зорлау фактісі бойынша материал жіберілген.

Рейдерлік басып алу фактісі және ҰҚТ жұмыс істеуіне ықпал еткен қатысушы тұлғаларды анықтау бойынша сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы