Бүгiн 2026, 12:25 Фото: ©BAQ.KZ/Арман Мухатов

"Бизнесті қорғау – блогерлердің емес, кәсіби мамандардың ісі" - "Ақ жол" партиясы қарсыластарына қатаң жауап қайтарды

Партия өкілі бизнесті қолдауда нақты нәтиже маңызды екенін айтып, «Ақ жолдың» ұстанымын түсіндірді.

Астанада «Ақ жол» демократиялық партиясының сайлауалды съезі өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Съезде сөз сөйлеген «Ақ жол» ҚДП Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Ермек Әбділдин партияның алдағы саяси бағыты мен кәсіпкерлікті қорғау мәселесіне тоқталды. Оның айтуынша, 2023 жылғы сайлау кезінде бірқатар партиялар кәсіпкерлердің мүддесін қорғайтынын айтып, шағын және орта бизнесті қолдауға уәде берген. Алайда арада үш жыл өтсе де, нақты нәтиже көрінбейді.

Сол кезде кейбір партиялар кәсіпкерлердің мүддесін қорғаймыз, бизнеске тең мүмкіндік жасаймыз деп громкий ұрандар көтерді. Үш жыл өтті. Нәтиже қайда? Оның орнына сұхбат, пиар-науқан, форумдар мен диалог алаңдары көбейді. Бірақ Мәжіліске нақты қандай заң жобалары енгізілді? Кәсіпкердің жұмысын жеңілдеткен қандай түзетулер қабылданды? – дейді Ермек Әбділдин.

Ол «Ақ жол» партиясы отандық бизнестің мүддесін қорғаумен ұзақ жылдар бойы жүйелі түрде айналысып келе жатқанын атап өтті.

Біздің партия кәсіпкерліктің ішінен шыққан. Сондықтан біз үшін бизнес мәселесі – жай ғана саяси ұран емес. Кәсіпкерлердің нақты проблемасын білеміз, оны шешудің жолын да түсінеміз. Хат жолдау, сауал жіберу – қажет жұмыс. Бірақ ең бастысы, істі нақты нәтижеге дейін жеткізу, – дейді ол.

Ермек Әбділдиннің сөзінше, саясаттағы бедел айқаймен немесе қарсыласты сынаумен емес, жылдар бойғы нақты еңбекпен қалыптасады.

«Ақ жол» өз беделін ұзақ жылғы жұмысымен қалыптастырды. Біз декларациямен емес, нақты іспен айналысатын партиямыз, – деді партия өкілі.