Дамыған елдер тәжірибесіне негізделген бизнесті дамытудың жаңа жүйесі әзірленбек
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Кәсіпкерлікті жолға қоятын жүйе кеңестік кезден қалған.
Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар орталығында өткен онлайн брифингте Президент Жолдауына орай шағын және орта бизнесті қолдау шараларына арналған онлайн брифингте «Атамекен» Ұлттық палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов мәлім етті.
Оның айтуынша, ол Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша заманға лайықталып реттелді. Алайда, әлі де олқылықтар бар.
Ол жүйені жандандырып, осы күннің талаптарына сай лайықтауға тырыстық. Дегенмен, дамыған елдердің тәжірибесіне сүйеніп, оны жаңадан жүйелеудің кезі келді. Сондықтан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев реттеуші жаңа жүйені әзірлеу жөнінде міндет қойды. Прибалтика, Грузияның тәжірибесі негізінде кәсіпкерлердің өздерінің қатысуымен реттеу саласын дайындау тапсырылды. Оған бір жыл уақыт берді. Бұл - өте өзекті мәселе. Егер осыны ойдағыдай жасап шықсақ, бұл кәсіпкерліктің дамуына өзгеше серпін береді, - деді Абылай Мырзахметов.
Сондай-ақ, ол Президент тапсырмасына орай салық саласына да толықтай ревизия жасап, оны кәсіпкерлер үшін тиімді болатын жаңа Салық кодексін дайындау міндеті тұрғанын атап өтті. Ол 2022 жылға дейін жүзеге асырылуы тиіс.
Бұған дейін елімізде алдағы жылдарда жоспарланатын шаралардың барлығы кәсіпкерлік үшін оның салдарын жеңілдетуге бағытталатыны белгілі болды.