1 Қараша 2026, 08:50 Фото: Құрылтай

Бизнесті дамыту үшін қандай жағдай қажет? Депутат кәсіпкерлердің басты мәселесін атады

Құрылтай депутаты Нұржан Ниязалиев Президент Жолдауында көтерілген орта бизнесті дамыту мәселесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Депутаттың айтуынша, Мемлекет басшысының кәсіпкерлерге, әсіресе шағын және орта бизнес өкілдеріне тең мүмкіндік беріп, әділ бәсекеге жағдай жасау туралы тапсырмасы ұлттық экономиканы нығайтуда маңызды рөл атқарады. Өйткені бизнесті қорғау – экономикалық дербестікті қамтамасыз етудің негізгі шарттарының бірі.

Нұржан Ниязалиевтің пікірінше, кәсіптің дамуын тек кәсіпкердің қабілеті мен қаржылық мүмкіндігіне қарап бағалауға болмайды. Кәсіпкердің табысқа жетуі көбіне оның қандай ортада жұмыс істейтініне, меншік құқығының қорғалуына және нарыққа еркін шығу мүмкіндігіне байланысты.

Егер кәсіпкер негізсіз талаптарға тап болып, өндірген тауарын нарыққа шығара алмаса немесе меншігінің қорғалатынына сенімді болмаса, кәсібін қалай кеңейтеді? Сондықтан кәсіпкердің өзіне талап қоюмен қатар, оның еркін жұмыс істеуіне қажетті жағдай жасауымыз керек, – дейді депутат.

Оның айтуынша, Президенттің орта бизнесті дамыту жөнінде арнайы жоспар әзірлеу туралы тапсырмасы осы мәселелерді жүйелі шешуге бағытталған. Бұл ретте қаржыландыру, өндірісті жаңғырту және өнімді өткізу мәселелері өзара сабақтастықта қарастырылуы тиіс. Кәсіпкерге жаңа жабдық сатып алуға қаржы бөлу жеткіліксіз, сол жабдықпен өндірілген өнімді өткізу мүмкіндіктері де ескерілуі қажет.

Депутат «Әділет» партиясының сайлауалды бағдарламасында орта бизнестің экономикадағы үлесін 20 пайызға жеткізу межесі белгіленгенін атап өтті. Бұл мақсат кәсіпкерлердің өндірісін кеңейтіп, жаңа жұмыс орындарын ашуына және жергілікті өнім көлемін арттыруына мүмкіндік бермек.