20 Қараша 2026, 14:09 Фото: ©️ BAQ.KZ коллажы

Бизнесті бірнеше жеке кәсіпкерлікке бөлу: Салықтан жалтарғандарға қандай жаза бар?

Кейбір кәсіпкерлер салық жүктемесін азайту үшін бір бизнесті бірнеше жеке кәсіпкерлікке немесе компанияға бөліп тіркейді. Алайда мұндай әрекеттің заңды немесе заңсыз екенін анықтау үшін кәсіпкерлік нысандарының санына ғана емес, олардың іс жүзінде қалай жұмыс істейтініне назар аудару қажет. Бұл туралы кәсіпкер, инвестор, консалтингтік компанияның негізін қалаушы әрі басшысы Ляйлим Сейдалиева айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Маманның сөзінше, бір кәсіпкердің бірнеше компаниясы немесе жеке кәсіпкерлігі болуы өздігінен заң бұзушылық болып саналмайды. Ең бастысы – олардың әрқайсысы дербес жұмыс істей ме, әлде бір бизнестің табысын бірнеше кәсіпкерлік нысаны арасында бөліп, салықты азайту үшін ғана құрылған ба?

Сейдалиеваның айтуынша, Салық кодексінің 30-бабы салық міндеттемелерін азайту мақсатында шаруашылық фактілері мен мәмілелерді бұрмалауға тыйым салады.

Заңсыз бөлшектеудің негізгі белгілеріне бизнесті іс жүзінде бір адамның басқаруы, компаниялардың номиналды иелері болуы, ортақ қызметкерлер мен мүлікті құқықтық негізсіз пайдалану, сондай-ақ шығындардың ортақ болуы жатады.

Дегенмен бір директордың немесе бухгалтердің болуы, не болмаса бірнеше кәсіпкерлікте бірдей ЭҚЖЖ кодының көрсетілуі автоматты түрде заң бұзушылықты білдірмейді. Керісінше, экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеуіші кодтарының әртүрлі болуы да бизнестің заңсыз бөлшектелмегеніне дәлел болмайды.

Барлық жағдайды жиынтық түрде қарау керек. Әрбір мән-жайды жеке бағалап, олардың арасындағы байланысты анықтағанда ғана заң бұзушылық бар-жоғын түсінуге болады, – дейді сарапшы.

Сонымен қатар маман оңайлатылған декларация негізіндегі арнаулы салық режимін қолдануға қатысты шектеулерді де тексеруге кеңес береді. Бұл ретте Салық кодексінің 723-бабында көрсетілген талаптарды, соның ішінде басқа компанияларға қатысуға байланысты шектеулерді ескеру маңызды.

Егер салықты әдейі төмендету фактісі дәлелденсе, кәсіпкерге қосымша салық есептелуі мүмкін. Бұған қоса, Салық кодексінің 278-бабына сәйкес өсімпұл мен айыппұл салу қаупі бар.

Ляйлим Сейдалиева әрбір кәсіпкерлік нысанының нақты мақсаты болуы керегін айтады. Кәсіпкер бизнесті кім басқаратынын, келісімшарттарды кім орындайтынын, шығындарды кім көтеретінін және қаржылық нәтижеге кім жауап беретінін нақты білуі керек.

Оның айтуынша, компаниялардың дербестігі тек құжат жүзінде емес, нақты жұмыс барысында да көрініс табуы қажет. Әрбір операция мен мәміле шынайы қызметке және оны растайтын құжаттарға негізделуі тиіс.

Айта кетейік, бұған дейін салық кеңесшісі кәсіпкерлердің қалтасын қағатын 5 қателік туралы айтты.