Бизнестен пәтерге дейін: Алаяқ таныстарын 41 миллион теңгеге алдап кеткен

Шығыс Қазақстан облысында полиция ондаған миллион теңге шығын келтірген ірі алаяқтық істі ашты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Өскемен қаласында жергілікті тұрғын құқық қорғау органдарына арыз түсірген. Оның айтуынша, танысы бірлескен бизнес ашамыз деген желеумен 8 миллион теңгеден астам қаражат алып, уәде еткен міндеттемелерін орындамаған.

Тергеу барысында күдіктінің алаяқтықтың белгілі бір схемасын пайдаланғаны анықталды. Ер адам таныстарын пайдасы мол жобаларға ақша салуға үгіттеп, арзан бағаға көлік сатып алуға, үстеме сыйақымен қарыз қайтаруға немесе жылжымайтын мүлік сатып алуға көмектесемін деп сендірген. Нәтижесінде жәбірленушілердің саны бірнеше адамға жетіп, келтірілген жалпы шығын 41 миллион теңгеден асты.

Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта алаяқтық деректері бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Тергеушілер оның басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексеруде.

Полиция азаматтарға ақшаны, тіпті таныс адамдарға берерде де сақ болуға кеңес береді. Барлық мәмілелерді құжат жүзінде рәсімдеп, жеңіл пайда туралы уәделерге сенбеу қажет. Егер алаяқтық белгілері байқалса, құқық қорғау органдарына дереу жүгінген жөн – бұл қылмыстың алдын алуға көмектеседі.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: архив/ Арман Мухатов
Өзгелердің жаңалығы