Бизнеске қысым көрсеткендер қатаң жазаланады – Мемлекет басшысы
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бизнеске заңсыз қысым көрсеткен қадағалаушы органдар өкілдері қатаң жазаланатынын айтты.
Біз бизнеске басымдық беріп, кәсіпкерлерді мемлекеттің шектен тыс қамқорлығынан арылтамыз. Азаматтардың табысының өлшеуіші парасатты еңбек, сыбайлас жемқорлық пен фаворитизмнен адал, ашық әрі әділ бәсеке болады. Кәсіпкерліктің еркіндігін қамтамасыз етіп, қолайлы инвестициялық климат құру арқылы әр қадамын мығым басқан ұлттық буржуазиямызды қалыптастырамыз, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы ассамблеясының ХХХІ сессиясында.
Президент 2019 жылғы Жолдауда «бизнеске кедергі келтірудің кез келген әрекеті мемлекеттік қылмыс болып есептелуі керек» деп айтқанын еске салды.
Қадағалаушы органдар азаматтардың мүдделерін қозғайтын нақты қылмыстарды, оның ішінде алаяқтық, қаржы пирамидалары, бюджет қаражатын жымқыру сияқты экономикалық қылмыстарды ашуға және жолын кесуге назар аударуға міндетті, - деді Мемлекет басшысы
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, жауапты әрі адал бизнеске қысым көрсетуге болмайды.
Егер бұл заңсыз негізде қысым болса бақылаушы органдар мен құқық қорғау органдар тұлғалары қатаң жазаланатын болады, - деді Мемлекет басшысы