Бизнес Құрылыс кодексінің жобасын Мәжілістен министрлікке кері қайтаруды сұрап отыр
Өткен жылдың соңында Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Үкіметке Құрылыс кодексінің жобасын ұсынған еді. Қазіргі таңда бұл құжат Мәжілісте қаралып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Алайда Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен Сараптамалық ұйымдар палатасы Құрылыс кодексі жобасының сапасына бизнес-қоғамдастықтың көңілі толмайтынын, құжаттың кемшіліктері көп екенін алға тартып, оны министрлікке кері қайтаруды сұрап, Мәжіліске өтініш білдіруде.
Осы мәселеге орай «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы алаңында арнайы баспасөз мәслихаты өтті. Жиынды жүргізген «Атамекен» ҰКП Төралқасы Құрылыс және ТКШ комитетінің төрағасы Ирина Манжанова:
Мәселе неде екенін білесіздер ме? Министрлік Мемлекет басшысының тапсырмасын тез арада орындағысы келеді. Алайда, бір жыл ішінде дұрыс Кодесті жасап үлгеру мүмкін емес. Егер Мәжіліске түскен Құрылыс кодексін сол күйінде қабылдап жіберсе, құрылыс саласында ештеңе өзгермейді. Бұл құжат - бір-бірімен байланысы жоқ баптардың жиынтығы, қосымша бас ауруларды туындатудан басқа пайдасы болмайды. Оның үстіне, Кодекске тұрғын үй құрылысындағы үлестік қатысу туралы Заң қосылса, ол наңыз быламыққа айналады, - деп атап өтті баспасөз мәслихатында.
Оның пікірінше, бизнеске жақсы Қала құрылысы кодексі керек. Бизнес қоғамдастық Құрылыс кодексін қайта пысықтау үшін министрлікке кері қайтарылуын күтіп отыр. Және оны пысықтауға, кемшіліктерін түзеуге атсалысуға қашанда дайынбыз дейді.
«Атамекен» ҰКП Құрылыс комитетінің мүшесі, кәсіпкерлердің Астанадағы өңірлік кеңесінің төрағасы, QazProperty қауымдастығының төрағасы Қайрат Кәкенов:
2022 жылғы Жолдауында Президент Қ.Тоқаев қала құрылысына қатысты кешенді құжат әзірлеуді тапсырған болатын. Сол арқылы қалада құрылыс салуды реттеу қажет болатын. Ірі елді мекендерде құрылыс салу, инфрақұрылым жүргізу, халық санын реттеу сынды мәселелер қамтылуға тиіс еді. Қазігі таңда біз Өнеркәсіп және құылыс министрлігі Қала құрылысының атауын Құрылыс кодексі деп өзгерткенін көріп отырсыз. Мәселе атауында ғана емес, бұл Кодексте не қамтылғанында болып тұр. Яғни, құжаттың мазмұндық ауқымы қаланың құрылысын реттеу сынды ауқымды міндеттен ғимараттардың құрылысына дейін тарылды. Қысқаша айтқанда, министрлік Президенттің айтқан идеясын бұрмалап отыр. Ал қала құрылысын реттеу сынды ауқымды мәселені жаңадан ұсынылып отырған Құрылыс кодексі шешуге қарқарсыз, - деп атап өтті.
«Сараптамалық ұйымдар палатасының» басқарма төрағасы Бірлік Ережеповті баспасөз мәслихатынан кейін әңгімеге тартқан едік.
Құрылыс министрлігі мемлекеттік емес сараптама саласын осы Кодекс жобасы мен заңнамалық тетіктерді пайдалана отырып жойып жіберуді көзделген. Кодекстің 118-батында сараптамалық қызметті толықтай «Мемсараптама» мекемесінің құзырына өткізу қарастырылған. Құжатты әзірлеушілер соның салдарынан 2 мыңнан астам адамның далада қалатынына, сарапшылардың жұмысына арналған бірегей ақпараттық жүйені жасауға кеткен 155 млн қаржы желге ұшатынына мән бермей отыр. 8 жыл бұрын мемлекет монополиядан кетуге, жұмыс сапасын арттыруға баға мен мерзімді азайтуға тырысып, үлкен жұмыс атқарды. Қазір болса соның барлығы кері кеткелі тұр. Осыдан кейін бизнес Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне сенуге бола ма деген сауалға үлкен күмәнмен қарайтын болады. «Қаласам – беремін, қаламасам – тәртіп алам» деген дұрыс емес, бұл қорқынышты белгіл. Мемлекеттік сараптама мемлекеттік емес сарапшы ұйымдармен салыстырғанда сапалы жұмыс атқарады десе түсінунуге бола еді, бірақ ол да жоқ,- дейді.
Сонымен, бизнес қоғамдастық өкілдерінің пікірінше, Біріншіден, бұл құжатта құрылысқа сараптама жүргізу нарығын «Мемсараптама» РМК пайдасына толығымен жойып жіберу көзделген.
Екіншіден, жаңа құжатты әзірлеуге салалық қауымдастықтар мен сарапшылар, ғылыми қоғамдастық пен бизнес тартылмаған.
Сонымен қатар, әзірлеуші тарапынан Ұлттық кәсіпкерлер палатасының ресми түрде жолданған кәсіпкерлік субъектілерінің кодекс жобасына қатысты ескертулері мен ұсыныстарын есепке алынбапты.
ҚР Құрылыс кодексінің жобасы Мемлекет басшысының тапсырмаларын формальды түрде жүзеге асырудың үлгісі болып табылады, ол қабылданған жағдайда, салада бар мәселелер шешілмейді, керісінше қиындайды.
Осы айтылғандарды ескере келіп, «Атамекен» ҰКП және мамандандырылған бірлестіктер бұл құжатты Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне қайта қарауға қайтару туралы өтініш білдіріп, Парламент Мәжілісіне жүгінгенді жөн көріп отыр.
Даулы құжатты 2023 жылыы 25 желтоқсанда Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Үкіметке ұсынғанын айта кетейік. Сарапшы компаниялар басшыларының пікірінше, кәсіби емес адамдар үшін бұл өте сенімді құжат болып көрінеді. Дегенмен, мамандарға барлығы айқын байқалып тұр: маңызды салалық мәселелерге қатысты таныстырылымы Министрлер Кабинетін жаңылыстырды, өйткені ұсынылған құжаттың нақты мазмұнына сай келмейді.
«Саланың инвестициялық тартымдылығы артады» деген мәлімдемеге де үлкен күмәнмен қарау керек. Кодекс жобасын қабылдау немесе қабылдамау бұған ешқандай әсер етпейді. Өйткені құжатта бұрыннан бар салалық мәселелердің принципті жаңа, креативті және заманауи шешімдері жоқ. Үкімет мақұлдаған Құрылыс кодексінің жобасы құрылыс жобаларын сараптау нарығын ашық түрде монополиялауға алып келеді.