Бизнес-идеяларға арналған гранттар үшін 250 млн теңге бөлінді

Маңғыстау облысында шағын және орта бизнес тұрақты түрде дамып келеді, деп хабарлайды BAQ.KZ. 

Өңір экономикасында шағын және орта бизнестің үлесін арттыру, жаңа жұмыс орындарын құру мақсатымен жыл сайын мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар аясында шағын және орта бизнес субъектілеріне қолдау көрсетіліп жатыр.

Мәселен, 2022 жылдың қаңтар-қараша айларында «2021 – 2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту» жөніндегі ұлттық жоба аясында 34 540 млн теңге несие сомасына 2 406 жоба қолдау тауып, 155 жаңа жұмыс орындары ашылды және 249 жұмыс орны сақталды. Оның ішінде сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін субсидиялау бойынша 24 857,3 млн.теңге қаражатқа 1 172 жобаға қолдау көрсетілген. Ал кепілдендіру бойынша 9 682,7 млн теңгеге 1 234 жоба қолдау тапты, 133 жаңа жұмыс орындары ашылып, 155 жұмыс орны сақталған.

Сонымен қатар, Ұлттық жоба аясында жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға 4 кәсіпкер жалпы сомасы 20 млн.теңге болатын мемлекеттік грант алды.
Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 2022 жылдың 1 желтоқсандағы дерекке сәйкес өңірде жұмыс істеп тұрған 73 612 шағын және орта бизнес субъектісі бар, бұл алдыңғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 31,5%-ға өскенін көрсетіп отыр.

Жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің өсімі 2022 жылдың 1 желтоқсанындағы мәліметке сәйкес, негізінен мынадай экономикалық бағыттар бойынша қамтамасыз етілген:
• Өнеркәсіп саласы саласы – 64,2%-ға, оның ішінде өңдеу өнеркәсібі – 78%-ға;.
• Көтерме және бөлшек сауда саласы – 38,3%-ға;
• Білім саласы – 35,9%-ға;;
• Көрсетілетін қызметтердің өзге де түрлерін ұсыну – 57,6%-ға;
• Денсаулық сақтау саласы – 28,2%-ға;
• Жылжымайтын мүлікпен операциялар – 13,5%-ға өскен. Бұл динамика әлеуметтік саланың қарқынды дамып келе жатқанын көрсетеді.

Сонымен қатар, шағын және орта бизнес субъектілері шығарған өнім көлемі 73,5 млрд. тг. өсіп, 784,9 млрд. теңгеге жетті. Осы салада жұмыспен қамтылғандар саны 147 мың адамға жетіп, көрсеткіш 18,1%-ға артқан. Бұл – еңбекке жарамды халықтың 43,7%-ы. Саланың ішкі өңірлік өнімдегі үлесі – 26,5%.

Жалпы Ұлттық жобаның аясында шағын және орта бизнесті дамытудың негізгі көрсеткіштерінің оң динамикасына «Аманат» партиясының «Өзгерістер жолы: баршаға лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасы мен «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы жұмыстарын бірлесе тиімді үйлестірудің нәтижесінде қол жеткізілді.

«Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы» аясында 2023 жылы өңірде кәсіпкерлікті дамытуға жергілікті бюджеттен 1 млрд теңге қаржы бөлінді.

Бұл қаражат мына салаларға бағытталып отыр:
Субсидияланған пайыздық мөлшерлеме – 714 млн теңге.
Кепілдік – 135 млн теңге.
Жаңа бизнес-идеялар үшін гранттар – 250 млн теңге.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы