Бизнес бастау жобасының нәтижесі

«Бизнес бастау» жобасы ауылдағы жұмыссыз тұрғындарға кәсіп бастауға мүмкіндік беріп отыр. Мәселен, Жамбыл облысына қарасты Жамбыл ауданында өткен жылы 110 азамат қайтарымсыз грант алып, кәсіп ашқан. Аудандық «Мансап орталығының» директоры Алтай Стамқұловтың мәліметінше, аймақта жаңа кәсіп түрлері ашылуда. Осыдан екі-үш жыл бұрын азаматтар тек төрт-түлік алып, сол іспен айналасуға ниетті болса, қазір «Бизнес бастау» жобасы арқылы шағын өңдеу цехтары, техникалық қызмет көрсету орталықтары сынды нысандар ашылуда дейді. BAQ.KZ тілшісі солардың бірқатарының жұмысымен танысып қайтты.

Күнделікті өмірге қажет кәсіптің бір түрі жастықтарды қайта өңдеу және тазалау орталығы. Аса ауылының тұрғыны Камила Мадымарова бірқатар салаларды зерделей келе, осы бағытта кәсіп ашуға тәуекел етті. Тың саланы меңгеріп, қайтарымсыз грант алды. Қажетті техниканы Ресей елінен сатып алып, жұмысын ауласынан-ақ бастап кетті. Ол бұл маған ыңғайлы дейді. Өйткені жас кәсіпкер үйінде ерекше баланы қарап отыруына байланысты, тұрақты жұмыс істеуге, тіптен үйінен шығуға мүмкіндігі жоқ. Сондықтан арнайы цехында үйінен ашып отыр. Кәсікперден тың сала туралы ойын білмекке сөзге тарттық.

Баршамызға ортақ бір мәселе бар, біз жастықтарды көп уақыт бойы пайдаланамыз, сол уақыт ішінде олар ластанады, ішіндегі мамығы кірлей бастайды. Кейбір қауырсындар жастыққа қайта салуға мүлдем жарамай қалады. Оларды жарамдылық уақытынан ерте тастамау үшін кем дегенде жылына бір рет қайта жөндеп отыру керек. Жастықтар мен қауырсындарда паразитті микроағзалардың 10 шақты түрі мекендей алады. Соның ішінде ең басты аллергия тудырушы – шаң кенесі, ол шаңмен бірге жастықтың, қауырсынның және жамылғыштың ішіне кіруі мүмкін. Осыған байланысты қауырсынды немесе жастықты құрғақ тазалау қажеттілігі пайда болады. Алайда қазіргі уақытта жастықтарды қайта жөндеу қызметін ұсынатын мекемелер өте аз. Бұл аталған саланың жеткілікті түрде дамымағанын көрсетеді, жастықтарды тазарту бизнесін ашу – көп адамның ойына келе бермейтін кәсіп. Менің бұл бизнесті ашуыма түрткі болғаны да осы. Салада бәсекелестік өте аз десем де болады. Аса ауылында тіптен жоқтың қасы. Тұрғындардың барлығы бұл қызмет үшін Таразға баруға тура келеді. Өзіміз де солай жасап жүрдік. Осылайша, ойлана келе, бұл саланы ерекше зерттеп, меңгердім. Жалпы ізденуге айдай уақыт кетті. Оның үсіне мен ерте еңбекке араласып, тамақтану, қызмет көрсету секілді сан салада жұмыс істедім. Қазір аяқ бассаң, дәмхана, дүкендер. Осыны да ескере келіп, жастықтарды қайта өңдеу бағытына бет бұрдым.

Аудан орталығында жаңа бизнестің ашылғанына үш айға жуықтады. Әзірге, күніне екі-үш жастықтан тапсырыс түсуде. Бірақ, жас кәсіпкер өз жұмысын тоқтатпақ емес. Қайта үздіксіз жарнамалай отырып, бизнесін сан қырынан дамытпақ ниетте. Ол алдағы уақытта төсек жабдықтарының барлығын қамтып, үлкен кәсіпорын құруды көздеп отыр.

Қауырсынды кептіру мен тазалаудан бөлек, клиенттерге жастықтың тысын немесе қауырсынды түгел ауыстыруды ұсынған дұрыс. Өйткені, мұның барлығы жастықты қайта жөндеуге жатады. Қандай немесе қаншалықты тапсырыс алсам да тиянақты сапаға жұмыс істеудемін. Мұның барлығы тек табысты өсіруге ғана емес, сондай–ақ потенциалды клиенттердің санын көбейтуге де мүмкіндік береді. Сондықтан жастықты қайта жөндеу бизнесі үлкен мүмкіндіктерге ие. Ал жұмыс процесіне келсем, бір жастыққа 30 минут минут уақыт кетеді. Процесс толығымен клиенттің қатысуымен орындалады. Клиент тазалау процесінде не болып жатқанын және істеліп жатқан жұмыстың сапасына көз жеткізе алады. Жастықты әкелген кезде оның тысын сөгіп, ішіндегі қауырсындарды машинаның бункеріне төгемін. Қауырсындар лампаның әсерінен дезинфекцияланады. Тазарту аяқталған соң клиентке жастықтың тығыздығын тексеріп беріп, содан кейін барып қана жастық тысының аузын тігуге кірісемін. Қазіргі таңда анам осы істе көмекшім. Алдағы уақытта кәсібімді дамытып, қасыма қыз-келіншектерді алу жоспарда бар, – дейді Камила Мадымарова.

Ал Нұркен Ниетбаев «Бизнес бастау» жобасы нәтижесінде көліктерге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізетін орталық ашты. Бүгінгі таңда темір тұлпарлар қалада ғана емес ауылдарда да өте көп. Алайда көлік тізгіндеу бар, ал оны жөндеу екінің бірінің қолынан келмесі анық. Сондықтан да көлік көп кезде оған техникалық қызмет көрсету де өлммейтін бизнес болып саналады. Сұранысқа сай бұл кәсіп табысқа жетудің бір төте жолы болған. Көпбалалы әкенің де бастаған ісі небәрі алты айда өз жемісін беріп, ауласынан ақ айына 400 мың теңге табыс тауып отыр. Тіптен қасына көмекші ретінде бір азаматты жұмыспен қамтуда. Көлікті жөндеуге қажетті аппараттарын толық алған Нұркен енді ғана кәсіп бастағана азаматтарға бағдарламаның шарапаты мол дейді.

Бала кезімнен әкемнің жанында жүріп, көлікті жөндеудің қыр-сырын меңгеріп алдым. Мен осы уақытқа дейін мемлекеттік қызметте еңбек еткенмін. Әрине, жұмысың болғаны жақсы, бірақ, мен бизнесті таңдадым. Өйткені, мен бұл саланы өте жақсы көремін. Ойымдағы дүниені жүзеге асырғым келді. Оған мүмкіндік берген «Бизнес бастау» жобасы. Мен көліктердің қиын ақауларын жөндеймін. Атпасына үш-төрт көлік аламын. Барынша сапалы етіп жасап беруге тырысамын. Өйткені, тұтынушылардың келуі тікелей соған байланысты. Аллаға шүкір, қазір тұрғындар өздері іздеп келеді. Біз секілді өз ісін бастағысы келген азаматтарға қолдау көрсеткен жобаға алғысым шексіз – деді Нұркен Ниетбаев.

Жас кәсіпкерлер тәуекел етті. Енді ісімізді кеңейтеміз деп, жоспарлауда. Әрекетке – берекет тек еңбек нәтижесінен келетініне сенімді.

Қазіргі заманда кәсіп иесі болуды кім болса да армандайды. Өз-өзіңді жұмыспен қамту – уаыттың талабы. Әрі бір айлыққа қарап отырмайсың. Өзі осы Аса ауылының тұрғынымын. Көпбалалы әкемін. «Бизнес Бастаумен» жоба қорғадым. Жастарға өте тиімді. Әзірге, 1 адамды жұмыспен қамтып отырмыз. Әлі де жұмысқа адам алсақ, деген жоспар бар, – дейді бағдарламаның шарапатын көруші.

Айта кетейік, 2021 – 2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін мемлекеттік грант 400 АЕК мөлшерінде 114 азаматқа 157 млн 320 мың теңге жоспарланып, 113 азамат 155 млн 940 мың теңге грант алды. Оның ішінде көп балалы 62 азамат, жұмысқа жарамды мүгедек 26 азамат, аз қамтылған 2 азамат, асыраушысына айырылған 3 азамат, мүгедек бала қараушы 20 азамат. Сонымен қатар 44 азамат мал шаруашылығына, 1 азамат шұжық шығару цехына, 14 азамат тігін цехына, 1 азамат ұлтық нақышта сәбилер жабдықтарын тігу 2 азамат пластик есік терезе шығару цехын ашуға, 2 азамат наубайхана ашуға, 1 азамат маникюр кабинетін ашуға, 3 азамат құс шаруашылығына, 1 азамат газаблок шығару цехын ашуға, 1 азамат жылыжайға, 1 азамат құрт жасау цехына, 4 азамат полуфабрикат өнімдерін шығаруға, 1 азамат шатырды көбікті бетонмен толтыру қызметін ашуға, 2 азамат шаштараз ашуға, 8 азамат кондитер цехын ашуға, 1 азамат ева поликтер тігу цехын ашуға, 2 азамат автокөлік қаптарын тігу цехына, 1 азамат автомобильдерге арналған бампер шығару цехы, 1 азамат аяқ киім жөндеу цехы, 1 азамат вулканизация, 2 азамат массаж кабинеті, 1 азамат жастықтар мен көрпелер тазалау қызметі, 1 азамат жеке дизайнда кілемдер тігу, 1 азамат жиһаз цехы, 1 азамат зергерлік шеберханасы, 2 азамат кір сабын өндірісі, 1 азамат қатпарлы самса дайындау цехы, 1 азамат мақта жүн түту, 1 азамат пескаблок өндірісі, 1 азамат сән салоны, 1 азамат сүт өнімдері, 1 азамат техникалық жөндеу орталығы, 1 азамат фаст-фут өнімдері, 5 азамат дәнекерлеу цехына, 1 азамат химиялық тазалау қызметіне өз ісін бастауға қайтарымсыз грант алды. Бүгінгі күнге қаражат қайтарған азаматтар жоқ, тоқсан сайынғы есептері уақытылы салынып жатыр. Бұл өткен жылдың қрытындысы. 2024 жылға арналған жоспар 110 азамат. Мемлекеттік грантқа қатысушылар өз жобаларын комиссия алдында қорғап, бүгінде 55 азаматқа тиісті қаржы аударылды. Ал қалғаны сұрыптаудан өтуде. Жыл аяғына дейін табысталатын болады дейді, мамандар.

Иә, расында ауылдардағы әсіресе, шалғай елді мекендердегі жұмыссыздық проблемасын шешуде шағын кәсіпкерлікке бағытталып отырған грант қаражаты көп септігін тигізуде. Қолдау қаражаты туралы естіген, қолынан іс келетін тұрғындар үш айлық курстарды оқып, түрлі мамандықтарға машықтануда. Ер азаматтар ауыл шаруашылығы, мал шаруашылығы ден қойса, жұмыссыз үй шаруасында отырған әйелдер тігіншілікке, кондитерлікке оқып, бағын сынауда. Нәтижесінде әрқайсысы өз бағытында түрлі кәсіптерін ашып, ауылдық тұрмысын түзетуге атсалысып жүр. Солардың қатарында Аса ауылының тұрғыны Мұхтар Таңатарұлы да бар. Ол өткен жылы үй саламын деп, пескоблок іздеп, біраз тығырыққа тірелген-ді. Құрылыс қарқын алған сайын пескоблокқа сұраныс көп болмаса аз болмайтын ұққан ол осы бағытта өзінің бизнес жоспарын ұсынды. Ерекше кәсіп қолдау тауып, қайтарымсыз грантты жеңіп алды. Бастаған іс те бірден жүріп кетіп, бүгінде аудан тұрғындарының өзінен де көп тапсырыстар алуда. Жас кәсіпкерді сөзге тартқанымызда, бастапқыда қатты қиналғанын айтып, ағынан жарылды.

Мен құрылысқа мүлдем жоқ екенмін. Бірақ, осы іске қатты ойым кетті. Әлеуметтік желіден күндіз-түні зерттедім. Толық дайын болмасам да бизнес жоспар жасадым. Жоба арқасында қайтарымсыз грантты алдым. Әу баста бірден жақсы болып кетті деп айта алмаймын. Алғашқы тапсырыстарым ойымыздан шықпай, көп қиналдық. Тұтынушыларды қорқытып алмас үшін, орнынан қалада әкеліп қойып бердік. Бірақ, мен еңсем түсіп, қолымды бір сілтей салмадым. Ізденуді тоқтатпай, ұсыныстарды қабылдай бердім. Осылай бір ай уақытым кетті. Еңбектің нәтижесі болар, тапсырыста көбейтіп кетті. Өнімімізде жоғары деңгейде болды. Кәсіп деген көп тәуекелді қажет етеді. Үнемі сынақтан тұрады. Соған қарамастан бұл істі мен соңына дейін жеткізіп, кіші ғана отбасылық кәсібімді кеңейткім келеді. Маған осындай үлкен мүмкіндік берген «Бизнес бастау» бағдарламасына шексіз ризамын, - деген Мұхтар алдағы уақытта тек пескоблок емес үйге қажетті барлық құрылыс заттарын шығаруды қазірден бастап ізденіп жүргенін жеткізді.

Ол үшін де мемлекеттен түрлі қолдаулар алсам дейді. Мәселен, мемлекеттік бағдарламамен берілетін жеңілдетілген несие алып, ойында жүрген арман-мақсаттарын жүзеге асыруға кіріспек.

Айта кету керек, қазіргі таңда дәмді торттар пісіріп, тапсырыс қабылдау қыз-келіншектердің негізгі кәсіп көзіне айналып үлгерді. Күн санап технологияның дамығаны соншалық көздің жауын алатын тәттілердің сан түрі халық сұранысына ие болып жатыр. Тағы бір кейіпкеріміз ғажайып торттардың иесі, аз ғана уақыт ішінде өз дүкенін ашқан жас кәсіпкер Құнызай Рахымжанова. Көпбалалы ана бүгінде сүйікті ісін кәсіпке айналдырған жалғызбасты ана. Ауылдағы «Құндызай тәттілері» наубайханасында түрлі тойымды тез дайындалатын тағамдармен қатар тәтті торттардың түр-түрі сөреде тұр. Жас кәсіпкер қосымша тапырыстарды да қабылдайды. Әзірге анасы қасында қолғабыс етуде. Алдағы уақытта дүкенді кеңейтіп, қасына осы іске бейім қыз-келіншектерді алсам дейді.

“Бастау бизнес” жобасының жеке кәсіп ашушыларға пайдасы мол. Оқу барысында көп нәрсеге қанықтым. Біраз сауат ашып, білім толықтырдық. Көпбалалы ана ретінде берілген жеңілдіктің маған көп көмегі тиді. Мемлекет тарапынан ұсынылған мұндай мүмкіндікке дән ризамын. Қайтарымсыз грантқа қол жеткізгеніме аса қуаныштымын. Қажетті қаржы алуыма кеңес берген жандарға алғысым шексіз. Бұның цех ашып, жаңа құрал-жабдықтар алуыма септігі тиді. Тапсырысты тәулік бойы қабылдаймыз. Ал дүкеніміз таңғы сағат 8.00-ден бастап, кеш қарайғанға дейін жұмыс істейді. Анам әзірге қасымда қолғабыс. Мен күні бойы дүкенде қарап отырмай, үйге тапсырысқа торттар әзірлеймін, – дейді кәсіпкер қыз.

Қазіргі таңда дәмді торттар пісіріп, тапсырыс қабылдау қыз-келіншектердің негізгі кәсіп көзіне айналып үлгерді. Күн санап технологияның дамығаны соншалық көздің жауын алатын тәттілердің сан түрі халық сұранысына ие болуда дегенді алға тартты кәсіпкер. Қүндызай бүгінде дастарқан мәзіріне арналған кондитерлік өнімдердің оннан аса түрін дайындайды. Оның айтуынша, ас мәзірін пісіру бала кезгі арманы. Бастапқыда таныстарының тапсырысы арқылы той дастарқанына тәттілер мен самса, құймақ, пицца пісіріп нәпақасын тапты. Содан кейін жеке цех ашуды көздеген жас ару аудандық кәсіпкерлер палатасында “Бастау бизнестің” бір айлық курсына қатысады. Соның арқасында мемлекеттік бағдарлама есебінен қайтарымсыз грант алады. Кәсіпкер торттың түрімен қатар, дәміне де көңіл бөлу маңызды екендігін алға тартты.

Тұтынушылардың талғамы сан алуан. Барлығының көңілінен шығуға тырысамын. Торттардың сыртқы келбетімен қатар дәмі де үлкен рөл атқарады. Қоспаларға қаражатты аямаймын. Барынша сапалысын алуға тырысамын. Өйткені, сөредегі заттар қаншалықты тоғымды әрі тәтті болған сайын маған келетін тұтынушылар саны да көбейе береді. Әрине, қазір бұл кәсіппен айналысатын адамдар аз емес. Көп, бірақ талғам деген дүние болады. Егер менің өнімім бір адамға ұнаса, екінші адам өзі келеді деген сөз. Жұмыс істегеніме көп болмаса да шын пейілмен келіп, бәліштерің дәмі тіл үйірер екен деп, алғысын жеткізіп жатқандар да болды. Сол сәтте төбем көкке жетті. Еңбегімнің нәтижесі деген сол болар. Алдағы уақытта цехты үлкейтіп, қасыма өзім секілді қыз-келіншектерді жұмысқа алсам деймін. Бұл салаға келгеніме еш өкінбеймін. Айтсам сенбессіздер, менің қос дипломым бар. Бірі – ұстаздық, екіншісі мейірбике. Соған қарамастан мен осы саланы таңдадым. Өйткені, бұл менің қалауым. Ал адам өз ісін сүйіп жасаса, барын салады, ізденеді. Мен де алдағы уақытта ізденуді тоқтатпай, тек дами түскім келеді.

Ауыз толтырып айтуға оңай болғанымен, кәсіп ашып, оны одан әрі дөңгелетіп әкету екінің бірінің қолынан келе бермейтінін айтады кейіпкеріміз. Оның сөзінше кондитерлік өнімдерді пісіру біреуге оңай сияқты көрінгенімен, шын мәнінде аса мұқияттылықты талап етеді. Бір тәтті өнімді пісіру үшін оған қосылатын қоспаның бәрін өз ретімен, мөлшерінде қосу қажет. Кішкене мөлшерден асып не кем қылсаң бәрі еш кетеді.

Біз ешқандай дүниені құпия сақтамаймыз. Себебі, адамның жасағанын адам жасайды ғой. Барлық қыз-келіншектердің қолынан келеді деп ойлаймын. Бала кезімде адамдар тортты қалай жасайды екен деп ойланатынмын. Шынында, бұл оңай екен. Ең бастысы ниет, ынта болу керек. Қандай торт жасаса да махаббатпен жасау керек. Өз бағасы 5000-6000 теңге болады. Сатылымда сәндеу жұмыстарына көп уақыт жұмсалатын торттардың бағасы да жоғары болады. Өйткені, ол көп жұмысты талап етеді. Жарық, газ деген қосымша дүниелер де бар. Бастысы тұтынушының көңіліндегідей торт жасап бергіміз келеді. Бір тортты жасау оңай емес, сырттан оңай көрінгенімен оның артында қаншама еңбек жатыр. Осы істі бастаймын деп, ниеттеніп жүрген құрбыларыма, қыздарға айтарым, қазір еңбек етемін деген адамға қолдау көп. Бір істі қолға алсаң, мемлекет тегін ақша ұсынып жатыр. Кәсібіңді кеңейтемін десең, аз пайызбен несие береді. Мұның бәрі бізді жұмыссыз қалдырмаудың қамы. Сондықтан қазір нан табуға мүмкіндік көп. Тек ерінбей-талмай ізденсең болғаны, – дейді жас кәсіпкер.

Тәттілері тіл үйірген көпбалалы ананың өнімдеріне тәнті адамдар саны күн санап артып келеді. Олар көңілден шыққан өнімге алғыстарын білдіріп, тұрақты тұтынушы қатарын толықтыра түсуде.

Айта кету керек, өткен жылы аталған бағдарлама бойынша 20 жас бизнес бастады. Мамандардың айтуынша, биыл да жастарды қолдау шараларына басымдық берілуде.

Нарықтық қоғамда өмір сүрген әрбір адам қолындағы ақшасын тиімді жаратып, бір теңгеден екі теңге жасауға бейімделуі қажет. Бұл – бүгінгі күннің басты талабы. Әрине, кәсіпкер болғысы келетін жастар жоқ емес. Бірақ, олардың көпшілігі кәсіпті неден және қалай бастарын білмейді. Ал, бизнесті дөңгелетіп әкетуге ниеті бар, бірақ, қолында қаржысы жоқ жас не істеуі керек? Көмекті, кеңесті кімнен сұрағаны жөн? Мемлекет тарапынан кәсіп ашамын деген жастарға қандай көмек бар? Міне, осы сұрақтардың жауабын білемін деген жастарға біздің орталықтың есігі әрдайым ашық. Қазір жастарға жұмыс жоқ деп айту, ол тек, сылтау ғана. Біздің орталықта жұмыспен қамту шаралары бірнеше бағытта жүргізіледі. Тұрақты жұмыспен қамту үшін бірнеше жобалар бар. Ал бизнес бастаймын десең, үкімет өзі шәкіртақыңды төлеп, әуелі кәсіптік оқуға жібереді. Одан соң идея ұсынуға да қолдау көрсетеді. Қазір қоғамда кереғар пікірлер көп. Осы қайтарымсыз грантты тек танысы барлар алады деген. Олай емес екеніне көз жеткізу үшін бізге келіңіздер. Мемлекеттің жасап жатқан мүмкіндігін пайдаланыңыздар дегім келеді. Біз алдымызға келіп, көмек сұрап келген әрбір азаматты қолдауға даярмыз, - дейді «Мансап орталығының» директоры Алтай Стамқұлов.

Айта кетейік, Жамбыл ауданында 80 мыңнан астам тұрғын бар. Жұмыссыздық деңгейі 4 пайызды құрап отыр. Аудан халқының 30,4 пайызы жастар екенін ескерсек, ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында 1049 жас жұмысқа орналастырылды. Оның 32-і осы «Бастау бизнес» арқылы кәсіп ашуға мемлекеттен көмек алғандар. Сонымен қатар аудандық «Жастар ресурстық орталығы» тарапынан да жұмыссыз жастардығң белсенділігін арттыру мақсатында көптеген жобалар жүзеге асуда. Нақтысы, екі қолға бір күрек таппай жүрген жастарды кәсіпке баулу мақсатында «Жас шебер» атты қолөнерге баулу үйірмесі жұмыс істейді. Түрлі химиялық қоспалар арқылы әр түрлі бұйымдар жасайтын үйірме жас азаматтарды қабылдап, қолөнерге баулуда. Жыл басында дәл осындай үстел теннисі үйірмесі бастау алған болатын. Бүгінде бұқаралық спортты дамытып, салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында ашылған үйірме өз жемісін беруде. Аптасына екі күн жастарды қабылдайтын үйірмеге қатысушылардың саны да артуда. Үстел теннисінен турнир ұйымдастырылып турнирге 30-ға тарда жастар қатысты. Ұлттық рухымызды оятып, жастардың құндылықтарымызға деген қызығушылығын арттыру аясында «Мерген» садақ ату үйірмесі өз жұмысын жүргізуде. Үйірмеге аудан жастары қатысып бүгінде бұқаралық сипат алып келе жатқан спортқа қызығушылық танытуда. Үйірме аптасына 1 рет жастарды қабылдауда.

Сондай-ақ кешкі уақытта жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға ықпал ету мақсатында «Караоке БАТЛ» өз жұмысын бастады. Жастардың көңілінен шыққан бұл жоба әр ауылдық округте өз жалғасын табуда. Жоба аясында 8 ауылдық округте яғни, Жамбыл, Гродекова, Қызылқайнар, Қарасу, Ерназар, Өрнек, Аса, Қаратөбе ауылдарында концерттер ұйымдастырылды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы