Бізге оңай болмайды. Тоқаев жұмысқа жұмыла кірісу керегін айтты
Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде кеңесте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қабылданған реформаларды жүзеге асыруда жұмысқа жұмыла кірісу керегін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қазақстан – осы геосаяси аймақта ауқымды, демократияны арқау еткен реформалар жолына түскен бірден-бір мемлекет. Сондықтан бізге оңай болмайды. Бірақ бұл жолды қалайда жүріп өтуге тиіспіз. Енді жұмысқа жұмыла кірісеміз, - деді Мемлекет басшысы.
Тоқаев әрбір мемлекеттік қызметші өзіне орасан зор міндет жүктеліп отырғанын сезінуге тиіс екеніне назар аударды.
Бұл – ең алдымен, барша Қазақстан халқының алдындағы жауапкершілік. Сіздердің шешімдеріңіз бен іс-әрекеттеріңіз елдің бүгіні мен болашағына тікелей әсер етеді. Сол сбеепті күнделікті мәселелерді шұғыл шешумен ғана шектелмеу керек. Сіздер мемлекетшіл-реформатор болуларыңыз қажет, - деп айтты Президент жиында.
Мемлекет басшысы атап өткендей, реформаларымыздың түпкі мақсаты – халықтың өмірін жақсарту. Ол үшін тұрғындардың табысын көбейту керек.
Жайлы өмір сүруіне жағдай жасап, қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажет. Азаматтардың өзін-өзі дамытуына барлық мүмкіндік жасалуға тиіс. Мұның бәрін мықты нарықтық экономика болса ғана, табысты жүзеге асыра аламыз, - деді ол.