Бізге беймәлім Баркуаб

Жамбыл облысы. BAQ.KZ тілшісі. Жамбыл облысының Жуалы ауданы аумағында орналасқан Баркуаб қалашығы көне дәуірден сыр шертеді.

Рас, өткен тарих жайлы түрлі деректердің айтыла беретіні заңдылық. Мәселен, бірқатар жергілікті тұрғындар Баркуаб қалашығы қазіргі Теріс ауылының орнында болған деп есептейді. Ал туристік ақпараттық орталықтың жетекшісі Ескендір Төрбековтың мәліметінше, Баркуаб қалашығы – ежелгі Тараздың негізгі ірі орталық серігі болған орта ғасырлық шаһар.

Кейбір тарихи деректерде Баркуабтың Тараз қаласынан 150-200 жыл үлкен екені айтылады. Демек, біздің эрамызға дейінгі ІІ және І ғасырлардан тамыр тартады.

Көне шаһардың дамыған инфроқұрылымы, қолөнершілік кәсібі, қалыптасқан егіншілігі, сауда ордасы болған. Ұлы Жібек жолының ең қызу сауда жолында орналасқаны да қаланың дамуына ықпал еткен. Көптеген ортағасырлық араб, қытай, парсы және еуропалық шежірешілер мен саяхатшылардың жазбаларында ол үлкен және дамыған қала ретінде сипатталады. Бұлар Баркуабтың Жуалы мен Шу-Талас алқабының ірі сауда, экономикалық, әкімшілік және саяси орталығы болғанын растай түседі.

Қалашықтағы жүргізіліп жатқан қазба жұмыстары байырғы түркі тайпаларының (Қаңлы) және Жуалы, Шу-Талас алқабындағы түркілердің біздің заманымыздағы ІІ ғасырдан, ХІІІ ғасырдағы Моңғол кезеңіне дейінгі материалдық, қалалық мәдениеттің кейбір жақтарын жаңаша қарауға мүмкіндік береді.

Мұнда Ш.Уәлиханов атындағы археология институтының мамандары, белгілі тарихшы Әлкей Марғұлан мен тарих ғылымдарының докторы М.Елеуов сынды ғалымдар зерттеу жұмыстарын жүргізген. Ал Баркуаб қалашығын 1893 жылы орыс шығыстанушысы В.Бартольд анықтаса, 1940 жылы археолог Пацевичтің жетекшілігімен Жамбыл археологиялық пункті экспедиция жүргізген. 1978 жылы Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінің экспедициясы да мұнда зерттеу жүргізіпті. Бүгінгі таңда бұл қалашықтан табылған көне жәдігерлер Жуалы аудандық тарихи-өлкетану музейіне өткізіліп, келушілердің ерекше қызығушылығына ие болып отыр.

Қалашықтың үлкен қарауыл мұнарасы орналасқан жерге 2017 жылы қазба жұмыстары жүргізіліп, төбесі қоршалған екен. Бір деректер мұнда басқару орталығы болған деседі.

Бұл қалашық әлі де зерттеуді қажет етеді. 

Бұл тарихи орын ең бастысы келген жастарға патриоттық сезім сыйлайды. Осында еріктілердің көмегімен тәулігіне 300 адам келіп, қалашықтың ғажайыптарымен танысып кетіп жатады. Келешекте ғажайып туристік мекен болуға сұранып тұр, - деді Е.Төрбеков.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы