«Біздің сүйікті дәрігер» фильмінің жалғасы түсіріледі
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Алматыда Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында «Біздің сүйікті дәрігер - 2» атты жаңа фильмнің өндіріске жіберілуіне байланысты баспасөз отырысы өтті. Бұл туралы «Қазақфильм» киностудиясының баспасөз қызметі мәлімдеді.
Баспасөз отырысына ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы басқарма төрағасы Андрей Хазбулатов, Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ бірінші вице-президенті Серік Жұбандықов, режиссер және сценарист Асқар Бисембин, театр және кино актері, Қазақ ССР-нің халық артисі, Қазақстаннің Еңбек Ері Юрий Померанцев және фильмнің басты кейіпкерлерінің бірін сомдайтын, «Голос. Дети-4» байқауының жеңімпазы Данэлия Тулешова қатысты.
Баспасөз отырысын ашқан ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы «Біздің сүйікті дәрігер» көркем фильмі қазақстандық көрермендер үшін айтулы картина және қазақ кинематографиясының алтын қорына енгендігін айта отырып, түсірілім тобына үлкен міндет қойылғанын жеткізді.
«Бәріміз сүйіп көретін бұл картинаны жасауға сол замандағы қазақ өнерінің үздік өкілдері қатысқан. Оны Бибігүл Төлегенова, Юрий Померанцев, Ермек Серкебаев, Мүлік Сүртібаев, Хадиша Бөкеева және Шәкен Айманов жасап шыққан. Фильмнің жалғасын өндіріске жіберер алдында фильмнің режиссеріне Шәкен Аймановтай жоғары деңгейде түсір деп тапсырдым. Асқар Бисембиннің қолынан жақсы фильм шығады деп сенемін», - деді Арыстанбек Мұхамедиұлы іс-шара барысында.
Режиссердың айтуынша фильм «Біздің сүйікті дәрінердің» жаңа нұсқасы емес, жалғасы болады.
«Бұл фильмді түсіру – үлкен жауапкершілік. Бәріміз де осы туындыны көріп өстік емес пе. Бала кезімде бұл фильмді жиі көретінмін. Біз римейк түрісуді көздеп отырған жоқпыз, бұл сол оқиғаның жалғасы ғана», - деді режиссер Асқар Бисембин.
«Осы фильмге түсетініме өте қуаныштымын. «Біздің сүйікті дәрегер» фильмін отбасымызбен бірге жиі көреміз. Сондықтан да, бұл фильмнің жалғасы әр түрлі жастағы көрермендерге қызықты болады деп ойлаймын», - деді Данэлия Тулешова.
Картина ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша өндіріске жіберілген. Фильмді Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ «Bissembin Film» бірлесіп түсіреді.
Айта кетейік, «Біздің сүйікті дәрігер-2» фильмі – 1957 жылы Шәкен Айманов түсірген танымал музыкалық фильмнің жалғасы. Жаңа фильмнің режиссері – фильмографиясында комедиялық жанр дасәтті фильмдері бар жас режиссер Асқар Бисембин.