Біздің полиция. Ең бастысы – халықпен тіл табысу – подполковник
Биыл қазақ полициясының құрылғанына 32 жыл толып отыр. Ертіс өңірінде халық тыныштығын сақтап, бейбіт өмірдің батырлары атанып жүрген отандық полицияның құрдастары баршылық.
Оларға ағалық қамқорлығын аямай, тәжірибесімен бөлісуді өмірлік парыз санаған ардагерлер де жетерлік. BAQ.KZ агенттігінің тілшісі тәртіп сақшыларының төл мерекесі қарсаңында 20 жылдық тәжірибесі бар подполковник Талғат Қожамжаровты әңгімеге тартып, бірнеше сұрақ қойды.
- Талғат Уағызұлы, қызығы мен қиындығы мол саланы таңдауыңызға не себеп болды?
- ТәРтіп сақшысы болу ата-анамның алдындағы борышым іспеттес. Жасөспірім кезімде әкем «Балам, полицияға қызметке түс» деді. Әкемнің сөзін жерге тастамай, ойланбастан полиция мамандығын таңдадым. Шыны керек, өзге салалар туралы ойланған жоқпын. Мен шағырағымның кенжесі болғанына қарамастан, әкем темірдей тәртіпке үйретті. Нағыз жігітке тән тәрбие беріп, бойыма жақсы қасиеттерді сіңірді. Өмір бойы әкемнің кеңесін тыңдап өстім. Оның маған берген тәрбиесі мен тәжірибесін ешқашан ұмытуға қақым жоқ. Қазіргі жастарға кей кезде аға буын өкілдерінің тәрбиесі жетпей жатады. Ата-анама өмірлік жолымды дұрыс таңдауға көмектескені үшін алғысым зор. Өзім де әкем сияқты салаға жаңадан келген жас мамандарға қолдау көрсетіп, тәжірибеммен бөлісуге тырысамын.
- Қазіргі уақытта полиция подполковнигі шеніңіз бар. Осындай мәртебеге ие болу үшін жылдар бойы тынымсыз еңбек еттіңіз. Кәсіби жолыңыз неден басталды?
- Биыл полицияға келгеніме 20 жыл толып отыр. Осы уақыт аралығында учаскелік полиция қызметкері болып еңбек еттім. Бүгінгі таңда саладағы басқа қызметке ауыстым.
- Халықпен жұмыс істеу аса қиын жұмыс екені белгілі. Осы уақыт аралығында учаскелік полицей бола тұра қандай ой түйдіңіз?
- Учаскелік инспектордың көмекшісі болған кезімде халықпен тіл табысу табысты жұмыстың кепілі екенін бірден түсіндім. Бойыңызда бұл қасиет болса, кез келген жұмысты мүдірмей орындауға болады. Менің жұмысым қызыққа да, қиындыққа толы екенін жасырмаймын. Кей кезде мінез таныта білу керек, кей кездері жұмсақ болу да артық етпейді. Мәселен, заңбұзушылармен жұмыс кезінде қатаң әрі байсалды болу керек. Зардап шеккендер, балалар немесе әйелдермен әңгімелескен кезде барынша сыпайы болу шарт. Бір сөзбен айтқанда, кез келген адамды түсіне білу керек. Учаскелік инспектор отбасылық жанжалдар, ауыр қылмыстар, түрлі апаттар мен төтенше жағдайлардың ортасында болуы мүмкін. Біз үшін «мереке», «демалыс», «үзіліс» деген ұғымдар жоқ. Жұмыс жалғаса береді. Мереке күндері халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етсек, басқа күндері соттың қарауына арналған материалдарды дайындаймыз. Рейдтік шараларды да жүзеге асырамыз. Бұның бәрі – жұмысымыздың ажырамас бөлігі.
- Талғат Уағызұлы, түсінгенім, учаскелік полицей психолог бола білу керек қой?
- Әрине. Әлеуметтік санатқа жататын түрлі азаматтармен тілдесеміз. Сонда олардың көңіл-күйін, эмоцияларын байқап отыру керек. Кей кезде сабырлы болу керек, кей кезде психолог сияқты түрлі тәсілдерді қолдана білу қажет. Бұзақыларға кереғар әрекет етпей, заңды бұзудың салдары туралы да түсіндіру керекпіз. Біздің мақсат заңбұзушыларды жазалауман шектелмейді. Өкінішке қарай, қолымызға түскендердің бестен бірі ғана түзеледі. Қалғандары темір тордың ар жағына тоғытылып жатады.
- Қауырт әрі жауапкершілігі мол жұмыста позитивті көңіл-күй сақтап, оптимист болуға не көмектеседі?
- Әрине, өмірдегі тірегім отбасым көмектеседі. Жұмыс күнінің соңында үйге кіргенде мені жолдасым, қыздарым, ұлдарым жүгіріп қарсы алады. Олардың жайдары жүзін көргенде шаршағаным басылып, өзімді ең бақытты адам санаймын. Сондықтан, олардың тыныштығы мен қауіпсіздігі үшін жанымды салып еңбектенуге әзірмін. Отбасым – менің өмірім. Бүгінде бес баланың әкесімін. Тұңғыш қызым мектепті тәмамдаса, кенже егіздерім екі жастан асты. Жолдасым балабақша тәрбиешісі болып жұмыс істейді. Ол да ата-аналар, балалармен жұмыс істейді. Бұл тұрғыда бір бірімізді жақсы түсінеміз.
- Қазіргі жұмысыңыз туралы айтып өтсеңіз..
- Бүгінде уақытша қамау изоляторының бастығы қызметін атқарып жатқан жайым бар. Жауапкершілігі мол еңбек, өзінің ерекшеліктері бар. Мен үшін жаңа сала болғандықтан, көп нәрсені үйренуді талап етеді. Қызметімді атқаруға учаскелік полиция жұмысындағы жинаған тәжірибем көмектеседі. Соңымнан ерген жас мамандарға адамдармен тіл табыса білу керектігін жиі айтамын. Күшке емес, сөзге жүгіну керек.
- 20 жылдық тәжірибесі бар полицейдің арманы қандай?
- Армансыз адам болмайды ғой. Қызметімді аяқтаған соң отбасыммен ауылдық жерге көшуді армандаймын. Ауылдан жер үй сатып алып, сонда тұрғымыз келеді. Табиғат аясында жүргенді жаным сүйеді. Балық аулау мен саңырауқұлақ жинағанды жақсы көремін. Бұл мұратыма жетемін деген үмітім бар.
- Әңгімеңізге рахмет! Әріптестеріңізге төл мереке қарсаңында не тілейсіз?
- Қатарарластарыма зор бақыт, денсаулық тілеймін. Отбасылары аман болсын. Ал Отанымыз әрдайым тыныш, аспанымыз ашық болсын. Біз, поилцейлер, тынымсыз еңбек етуге әзірміз.