Біздің нарық АҚШ инвесторларына қызық болуы мүмкін – сарапшы
Осыған дейін АҚШ Қазақстанға 100 млрд доллар инвестиция әкелген. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Вашингтонға арнайы сапары аясында бүгін АҚШ-тың елімізге 17 млрд доллар инвестиция құю келісімшартына қол қойылды. Осы тұрғыда саясаттанушы-журналист Талғат Қалиевтен пікір сұрадық, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жалпы Қазақстан мен АҚШ арасындағы экономикалық қарым-қатынас сауда жағынан шамалы болса да 30 жылда 100 млрд доллар инвестиция әкелді. Сондықтан экономикалық қарым-қатынас одан әрі дамиды деп ойлаймын. Біздің нарық АҚШ инвесторларына қызық болуы мүмкін. Бұрын бізге Ресей арқылы кіретін болса, қазір біздің нарықты жоғалтып алмас үшін тікелей кіруге тырысады, - деді Қалиев.
Ал "C5+1" форумы аясындағы келісімдер еліміздегі банктердің несиелік саясаты мен пайыздық мөлшерлемелеріне әсер етпейді ме?" деген сұрағымызға:
Бұл формат біздің банк жүйесіне, несие тәртіптеріне,пайыздық мөлшерлемеге әсер етпейді. Себебі бәрі ішкі инфляция мен ішкі экономикалық жағдайға байланысты, - деп жауап берді сарапшы.
Еске салсақ, Қазақстан мен АҚШ арасында 17 миллиард доллардан асатын келісімдерге қол қойылды. Ақ үйдегі кездесуде Мемлекет басшысы Вашингтонға сапармен келуге шақырғаны және қазақстандық делегацияға көрсеткен қонақжай көңілі үшін АҚШ Президентіне ризашылық білдірді.