Біздің міндетіміз – қаржының тиімді жұмсалуын бақылау және заң бұзуға жол бермеу

Биыл елімізде Қаржы министрлігі Ішкі мемлекеттік аудит комитетiнің құрылғанына 30 жыл толады. Осыған орай Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі мемлекет қаржысының белгіленген мақсатқа сәйкес жұмсалуын бақылайтын Ақтөбе облыстық ішкі мемлекеттік аудит департаментінің басшысы Сәкен Қасымовпен сұхбаттасқан еді...

— Әңгімемізді комитеттің құрылу кезеңі мен Ақтөбе облыстық ішкі мемлекеттік аудит департаментінің тарихынан бастасақ.

— Биыл елімізде Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің құрылғанына 30 жыл толады. Қазір барлық өңірлерде осыған байланысты түрлі іс-шаралар өткізу жоспарлануда. Жалпы бұл орган туралы айтсақ, 1992 жылға дейін де, одан кейін де Қаржы министрлігі көптеген өзгерістерді, қалыптасу кезеңдерін бастан кешірді. Бүгінде бұл министрлік — Қазақстан Республикасының басты органы, еліміздегі барлық дерлік саланы «қаржыландырып» отырған мекеме.

Еліміздегі қаржы бақылау жүйесі сонау кеңес заманы тұсынан бері қарай қалыптасты. Нақтырақ айтсақ,  1921 жылдың тамызында ҚазССР Халық комиссарлар кеңесі Республиканың  Қаржы халық комиссариаты туралы алғашқы ережені бекітті. Онда халық комиссариаты мен оның бөлімшелерінің құрылымы, жаңа мемлекеттік органның мақсаты мен міндеттері анықталды. Қаржы бақылау органдарының қалыптасуы мен дамуы осы кезеңнен бастады. Алғашында  жергілікті мекемелердің қызметіне тексеру жүргізу функциясы, кірістер мен шығыстар сметасының орындалуын тексеру Қаржы халық комиссариатының іс басқармасының инспекторлық бөлімінің құзыретіне кіргізілді. 

Ал ұзақ жылдар ішіндегі түрлі өзгерістерден кейін 1956 жылы Қаржы министрлігінің құрамында Бақылау-тексеру басқармасы құрылды. Бұл мемлекеттік орган  1992 жылға дейін, яғни Қаржы бақылау комитеті құрылғанға дейін болды. Республиканың егемендік алуымен байланысты қоғамдағы әлеуметтік-саяси ахуал түбегейлі өзгерді. Нарықтық қатынастарға көшу кезеңі экономика мен әлеуметтік саладағы дағдарысты құбылыстардың күрт өсуімен, криминогендік ахуалдың күрделенуімен сипатталды. Елімізде мемлекеттің егемендігі туралы декларация қабылданғаннан кейін «Қазақстан Республикасының бюджет жүйесі туралы» Заңы қабылданды. Қазақстан Республикасында бюджетаралық қатынастарды заңмен реттеу тап осы заңнамалық актіден басталды. Осы жылдар ішінде мемлекеттік қаржылық бақылаудың тиімділігін арттыру жолдары іздестірілді.  Мемлекеттік қаржы-бақылау қызметі әлденеше құрылымдық өзгерістерді бастан кешірді. Атқаратын функциялары мен өкілеттіктеріне біраз өзгерістер енгізілді, атауы өзгертілді. Дегенмен басты міндет мемлекет қаражатының мақсатты жұмсалуына, халық қазынасының қорғалуына бақылау жасап отыру болды. Міне, осы күнге дейін басқарма өз міндетін орнықты, нәтижелі орындай білді. Соның арқасында бүгінде осындай жетістікке жетіп отырмыз. 

Осыдан отыз жыл бұрын, яғни, 1992 жылы бақылау-тексеру басқармасы Қазақстан Республикасы Президентінің 17 наурыздағы №684 «Ұйымдасқан қылмыс нысандарымен және сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейту жөніндегі шаралар туралы» Жарлығымен Қазақстан Республикасының Қаржы  министрлігінен бөлініп, Қазақстан Республикасының Министрлер кабинеті жанындағы Мемлекеттік  қаржы бақылау комитеті мәртебесін алды. Орталық аппарат 170 адамнан, ал аумақтық бөлімшелер жалпы саны 2805 адамнан тұрды. Сол жылы қараша айында республикамыздың барлық аймақтарында аумақтық бөлімшелер ашылып, өз жұмысын бастады.

Ақтөбе облысында ашылған сол кездегі басқарманың бірінші жетекшісі болып Кеңес Елібаев тағайындалды. Бұл басқарма 1994 жылдың тамыз айына дейін жұмыс жасады. Одан кейін        Қазақстан Республикасы Президентінің 1994 жылғы 15 шілдедегі №1795 «Мемлекеттік билік және басқару оргондарының құрылымын жетілдіру және оларды ұстауға арналған шығынды қысқарту туралы» Жарлығымен Қазақстан Республикасының Министрлер кабинеті жанындағы Мемлекеттік  қаржы бақылау комитетінің базасында Қазақстан Республикасының Қаржылық бақылау мемлекеттік комитеті пайда болды. Осылайша, бұл басқарма қызметкерлерінің саны 150-160 адамға шектелді. Ал 1995 жылғы 19 қазандағы Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан Республикасы орталық атқарушы органдарының құрылымын жетілдіру туралы» Жарлығына сәйкес, Қазақстан Республикасының Қаржылық бақылау мемлекеттік комитеті таратылып, оның орнына Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі жанындағы Қаржы-валюталық бақылау комитеті пайда болды. Аумақтық бөлімшенің бастығы болып 1996 жылдың қаңтарында Людмила Нарсеева тағайындалды. Бұл бөлімшеде қызметкерлер саны 120 адамға дейін қысқартылды. Қазақстан  Республикасының Қаржы министрлігі жанындағы қаржы-валюталык бақылау комитеті  1997 жылы Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Қаржы бақылау комитеті болып қайта аталды. Аймақтарда 120 адамнан тұратын штат санымен басқармалар ашылып, аудандарда 6 адамға дейін жұмыс жасайтын бөлімшелер өз жұмысын бастады. Одан әрі Қазақстан Республикасы Президентінің 1998 жылғы 30 маусымдағы «Мемлекеттік басқару органдарын оңтайландыру жөніндегі бұдан арғы шаралар туралы» қаулысымен Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Қаржы бақылау комитеті басқару бойынша функциялары және өкілеттіктері, мүліктері мен істері Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігіне, Қазынашылық департаменті мен Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментіне беріліп, таратылды. 

Осылайша Ақтөбе облысындағы басқарма штатында жұмыс істеген 120 қызметкердің 90-ға жуығы Ақтөбе облысы бойынша қазынашылық комитетінің және 30-ы Ақтөбе облысы бойынша аумақтық мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің карамағына аударылды.

Комитеттегі өзгерістер бұдан соң талай өзгеріске ұшады. Мәселен, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылдың 22 желтоқсандағы №1959 қаулысымен Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Қаржы бақылау комитеті қайтадан құрылды. Ал 2000 жылдың мамырында Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Қаржы бақылау комитетінің Ақтөбе облысы бойынша басқармасы пайда болып, оның штатында 55 адам еңбек етті. Оның ішінде аудандар бойынша 6 адам болды. Басқарма бастығы болып Жолдымұрат Аманбаев тағайындалды. Басқармада ұйымдастыру жұмыстары, талдау және есептілік бөлімдері, 5 жедел бақылау-тексеру бөлімдері болды. Бұдан әрі 2002 жылдың қарашасында басқармаға басшы болып Людмила Нарсеева тағайындалды. 2004 жылдың 29 қыркүйегінде Қазақстан Республикасы Президентінің №1449 Жарлығымен Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Қаржы бақылау комитеті таратылып, Қаржылық бақылау және мемлекеттік сатып алу комитеті, содан кейін 2004 жылдың 29 қазанында Қазақстан Республикасы Үкіметінің №1134 қаулысымен Қаржылық бақылау және мемлекеттік сатып алу комитетінің Ақтөбе облысы бойынша Қаржылық бақылау және мемлекеттік сатып алу басқармасы пайда болды. Басқармада 7 бөлімге бөлінген 55 адам жұмыс жасады. 

2005 жылдың шілдесінде аталған басқармаға басшы болып  Нұртай Князов тағайындалды. 2008 жылдың шілдесінде  Қаржылық бақылау комитетінің  Ақтөбе облысы бойынша Қаржылық бақылау инспекциясы болып қайта аталып, Нұртай Князов бұл инспекцияны 2013 жылдың қазанына дейін басқарды. Бұдан кейін 2013-2020 жылдар аралығында бұл инспекцияда М.Байдулин, А.Дүйсенбаев, Г.Жазетов, А.Нұғманов сияқты азаматтар басшылық атқарды. 

Ал 2020 жылдың қазан айынан бастап осы департаментте өзім басшы болып қызмет жасап келемін. 

Жоғарыда атап өткендей, біздің департаменттің құрылу, қалыптасу тарихы қаншама сатылардан өтті. Соған қарамастан, біз бүгінге дейін мемлекет қаржысының белгіленген мақсатқа жұмсалуын бақылап, олардың басқа мақсатқа пайдаланудың жолын кесіп, елімізде сыбайлас жемқорлықтың алдын алуда үздіксіз жұмыс жасап келеміз. 30 жыл ішінде біздің мекемемізде көптеген тәжірибелі, жан-жақты мамандар жұмыс істеді. Бүгінде олар зейнет жасында болса, олардың біз үшін орны қашан да бөлек. Қазір еңбек демалысындағы аға буын өкілдері Н.Князов, З.Данияр, Р.Құрманғазиева, Т.Иванова, Р.Бөстеков, У.Аяғанова, Қ.Бостанов өз уақыттарында ылғи да алғы шептен көрінсе, қаржылық бақылау жүйесінің аяққа тұруына үлкен қосқан, бүгінде бақилық болған К.Күздеуов, Б.Жұбатов, Л.Нарсеева, Қ.Құсаинов, И.Амантаев, А.Құлшаров, К.Елібаев, Ғ.Оразов, С.Овсиенко, Р.Есекенов, А.Суворова, Г.Гуртовенколардың еңбегі қашан да халықтың жадында қалмақ. Қай кезде де халқымыз өткен тарихты құрметтеген. Сондықтан отыз жылдық тарихты ақтарғанда, бұл кісілердің есімдері департамент архивінде сақталып қалары хақ. 

Енді қазіргі департаменттің жетістіктері мен қызметтегі жаңашылдықтарына тоқталып өтсеңіз.  

— Ақтөбе облыстық ішкі мемлекеттік аудит департаменті бүгінде комитеттің аудиторлық шараларының көрсеткіштері бойынша жетекші ұстанымдарға қол жеткізу, меншік түріне қарамастан шаруашылық жүргізудің нысандары мен субъектілерін бақылауға бағытталған мекеменің имиджін ұдайы нығайтып отыру, ұжымдағы қызметкерлердің біліктілігін үздіксіз көтеру, департамент қызметін жетілдіруге қызметкерлерді тарту, корпоративтік мәдениетті қалыптастыру тұрғысында түрлі жұмыстар атқарып келеді. Сондай-ақ біздің ұжым аудиттің  қолданыстағы заңдылықтарын, қазіргі талаптарын ескере отырып, Қаржы министрлігі мен ішкі мемлекеттік аудит комитетінің нормативті актілері мен құжаттарына өлшемдер мен сипаттамалардың кепілдіктегі сәйкестігін, сапасы мен тиімділігін жақсарту тұрғысында қызмет етеді. Қазіргі таңда департаментімізде А.Үкібаев, В.Нагуманова, А.Назиева, Г.Майлыбаева, Г.Құлқаева, А.Даржанова, Қ.Қойшыбаева, А.Иргалиева сияқты кәсіби жағынан білікті мамандар жұмыс жасайды. Біз оларды алдыңғы толқын мен қазіргі жас мамандар арасын байланыстырушы буын ретінде құрметтейміз. Сондай-ақ департаментте Н.Алиев, С.Макенова, Е.Ақбалаев, Т.Алдамжаров, Д.Алматов, А.Бекжанов, В.Жұмахметова, А.Амирова сияқты жақсы нәтижеге қол жеткізіп жүрген, өз жұмысын тиянақты, жауапкершілікпен атқаратын қызметкерлеріміз бар. 

Енді департаменттің жұмысына келсек, біз соңғы жылдары еліміздегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-шаралар аясында қаржылық бақылау және мемлекеттік аудит нысандарында тексеру жүргізген кезде сыбайластық құқық бұзушылыққа жол бермеу тұрғысынан шаралар кешенін белгілеп, сол бойынша еңбек етіп жатырмыз. Бүгінде департаментте сыбайлас жемқорлық көрінісінің алдын алу және оны болдырмау, сондай-ақ қызметкерлер арасында теріс қылықтарға жол бермеу үшін нақты шаралар қабылданған. Бұл реттегі біздің негізгі міндетіміз — қызметтегі неғұрлым сыбайластыққа «жақын» салаларды анықтау және бақылау, осындай құқық бұзушылықтарға жол бермеу. Қазір біз жұмыс нәтижелеріміз бойынша жиынтық-талдамалы кесте жасақтап отырамыз. Онда тексерулердің нормативті және нақтылы-негізгі бағалау көрсеткіштері көрсетіледі, яғни осы ауқымда әрбір жүргізілген шараның тиімділігіне оң және теріс баға беріледі.

Сондай-ақ қазірі таңда еліміздегі қаржылық тәртіпті болдырмау мақсатында Ішкі мемлекеттік аудит комитеті қаржылық құрылымдар мен банк мекемелері өкілдерін оқуға қатыстырумен қаржылық бақылау қызметкерлері үшін біліктілікті көтеру, кәсіби қайта даярлау курстарын ұйымдастыруды жолға қойған. Бұдан басқа департамент қызметкерлері тарапынан жоғарыдан келетін нормативтік құжаттарды зерделеу, құқықтық білім, техникалық оқу бойынша сабақтарда үйрену жолымен кәсіби үздіксіз әзірліктер жүргізіледі. Біз, бірінші кезекте, мемлекеттік мекемелерде және мемлекеттік ұйымдарда тиісті есеп пен есептілікті жолға қоюға ықпал жасаймыз. Сондай-ақ бюджеттік, мемлекеттік сатып алу, тағы басқа заңдылықтарды қасақана бұзған жауапсыз қызметкерлерге заңмен қарастырылған ықпал ету шараларын қолданамыз.  Осылайша, біз мемлекет қаржысының тиімді жұмсалуы үшін  артық әрекеттерге тосқауыл қоюда жұмыстың формалары мен әдістерін ұдайы жетілдіріп отырамыз. Мәселен, Ақтөбе облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті өткен жылдың  және биылғы жылдың 9 айында 397 аудиторлық іс-шара жүргізді. Атап айтсақ, оның 371-і  жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын мемлекетттік мекемелер мен квазимемлекеттік сектор болса, 26-ы — республикалық бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік мекемелер мен квазимемлекеттік сектор субъектісі.

Биыл облыста қаржылық заң бұзушылық деректері бойынша қанша адам жауапкершілікке тартылды? 

— Былтыр және биылғы жылдың 9 айы ішінде Ақтөбе облысында жалпы мөлшері 212 099,4 миллион теңгенің аудиторлық іс-шаралар жүргізілді. Сондай-ақ жалпы сомасы 56290,1 миллион теңге тұратын заң бұзушылық деректері анықталды. Оның ішінде қаржылық бұзушылықтардың сомасы 2 042,2 миллион теңге болса, рәсімдік  сипаттағы бұзушылықтардың мөлшері — 119 380,1 миллион теңге. Департамент мамандарының тиянақты жұмысының арқасында 9 ай ішінде жалпы сомасы 9 433,4 миллион теңге қаржылық бұзушылық деректерден 9 442,7 миллион теңге (99,9 пайыз) қалпына келтірілді, оның ішінде бюджетке өтелуге жататыны – 1 254,3  миллион теңге болса, бюджетке 1 253,6 миллион теңге (99,9пайыз) өтелді. Және жалпы сомасы 8 189,1 миллион теңгеге тауарларды жеткізу, жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсету бойына шығындар қалпына келтірілді. 

Сондай-ақ өңірімізде 1045 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 76 032,0 мың теңгеге айыппұл салынды және оның 75 025,7 мың теңгесі бюджетке өндірілді. Сондай-ақ аудиторлық қызмет нәтижелері бойынша 289 лауазымды тұлға тәртіптік жаза берілді.

Облыста комитеттің құрылғанына 30 жыл толуына орай департамент тарапынан қандай іс-шаралар өткізіледі?

— Биыл департаменттің бастамасымен 15 қарашада Ішкі мемлекеттік аудит комитетiнің құрылғанына 30 толуына орай, сондай-ақ Ұлттық валюта күні мен қаржыгерлердің кәсіби мерекесін атап өтуді жоспарлап отырмыз. Қазір бұл орайда іс-шаралар жоспарын жасақтадық. Атап айтсақ, 10-12 қараша аралығында Қаржы министрлігінің құрылымдық бөлімдері арасында 6 спорт түрінен спартакиада өтеді. Онда мемлекеттік қызметшілер шахмат, дойбы, биллиард, волейбол, футбол, үстел теннисінен сынға түсетін болады. Сондай-ақ Қаржы министрлігінің құрылымдық бөлімшелерімен бірге құқық қорғау органдарының, облыстық қаржы және экономика тексеру комиссиясының өкілдерінің қатысуымен 12 қарашада футболдан жолдастық кездесу өтеді. Департамент қызметкерлерінің балалары мен немерелері арасында сурет салудан байқау да ұйымдастырып жатырмыз. Бұл байқаудың жеңімпаздары 15 қарашада марапатталады. Сонымен қатар мерекеде департаменттің үздік қызметкерлері марапатталатын болады. Айта кету керек, қазір облысымызда күзгі екі айлық өтіп жатыр. Осы шара аясында біздің департаменттің қызметкерлері облыс орталығындағы Триатлон паркке ағаш көшеттерін отырғызып, әр сенбі сайын өзімізге берілген аумақты күл-қоқыстан тазартып  жатырмыз. Жалпы біздің мамандар жұмыста да, қоғамдық жұмыстарда да белсенді. Сондықтан осынау келе жатқан айтулы мерекеде барша әріптестерімді кәсіби мерекелерімен құттықтай отырып, дендеріне саулық, еңбекте табыс, отбасыларына амандық тілеймін. Еліміздің қаржы саласы дами берсін, Қазақстанның жарқын болашағы жолында қалтқысыз қызмет атқарып жүрген азаматтарымыз аман болсын!

Әңгімеңізге рақмет!

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы