Біздің халыққа радиациялық қауіпсіздік туралы ақпарат дұрыс жеткізілмеген – ғалым

Радиобиолог, PhD докторы, «Ядролық технологиялар паркі» АҚ басқарма төрағасы Жанат Байғазинов АЭС-ке қатысты ел ішінде жүрген түрлі әңгімелерге байланысты пікірін білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Маманның айтуынша, бұл салада халықтың ақпараттандырылуы өте төмен деңгейде. Радиациялық қауіпсіздік мәселесі мектеп қабырғасынан жоғары оқу орнына дейін оқытылуы тиіс. Қазақстан әлемде уран өндіретін жетекші мемлекеттердің бірі. Сондықтан, бұл тақырыпқа көп көңіл бөлінуі қажет. Қазіргі ел ішіндегі түрлі алып-қашпа әңгімелердің пайда болуының бір себебі де осыдан.

Қазір біз радиация деген сөздің өзінен қатты қорқамыз. Үлкен үрей, қорқыныш тудырады. Одан қорқудың еш қажеті жоқ. Радиациямен дұрыс санаса білу қажет. Түсіну қажет оны. Себебі, иондаушы сәулелерден келетін оның кейбір мөлшері адам ағзасына пайдасы зор – дейді ол.

Ғалым бұған мысал ретінде Алакөлдің суын келтіріп отыр. Онда радон атты радиоактивті газ бар. Аз мөлшерде ол адам ағзасының иммундық жүйесінің белсенділігіне, яғни жақсы жұмыс істеуіне түрткі болады екен. Ал АЭС-тен келетін радиациялық сәулелердің адамға кері әсері кез келген ауруханадағы кәдімгі рентген сәулелерінен әлдеқайда аз дейді ғалым.

Әлемде АЭС-те болған апаттардың барлығы ескерілді, ол қателіктерден сабақ алынды. Қай ел болмасын, қазір АЭС салушы мемлекеттердің технологиясы дамып кеткен. Маманның пайымдауынша, сол мәселесі қазір назардан қалып барады.

Қазақстан әлемнің жартысын уранмен қамтып отырып, неге өзі соны өзі пайдаланбайды. Неге біз Жапония секілді АЭС-тің рахатын көрмейміз. Неге біз тас дәуіріндегідей көмір жағып, түтінге оранып, оны жұтып отыруымыз керек. Қазір солтүстіктегі кез елген қалаға барыңызшы, аспаны көк түтін болып тұр. Оның зияны атомнан мың есе орасан. Міне, соны ойлануымыз керек – дейді Байғазинов.

Сондай-ақ алдағы уақыт атом энергетикасынан келесі кезеңге, одан да озық технологияларға өту дәуірі болады екен. Егер де біз қазір еліміздегі осы бағытты дамытпасақ, келешек ұрпақ заман көшінен кеш қалуы әбден мүмкін .

Біз атом энергиясын меңгеру дәуірін өткермесек, одан кейін термоядролық кезең басталады. Әлемнің алпауыт елдері оған ақырын аяқ басып , кіріп жатыр. Біз соны меңгере алмай қаламыз. Сондықтан, менің ғылыми қызметкер ретінде де, елдің азаматы ретіндегі позициям – атом энергетикасын дамыту аса қажетті шаруа – дейді Жанат Байғазинов.

Сондай-ақ ғалым елдегі атом энергетикасы саласында мамандар даярлау, АЭС технологияларының айырмашылығы және ел ішіндегі түрлі алып-қашпа әңгімелер жайлы да өз ойын айтып өтті.  Сұхбаттың толық нұсқасын төмендегі видеодан көре аласыздар.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Асылхан Жуланов
Өзгелердің жаңалығы