Бүгiн 2026, 16:53 Фото: ©BAQ.KZ/Гүлжан Раманқұлова

"Бізді қылмыскер етіп көрсетті": Жанабылов алғашқы сотта сөйлеуге дайын болмаған

блогер Ерболат Жанабылов алғашқы сот отырысында сөйлеуге алдын ала дайын болмаған.

Сот отырысында блогер Ерболат Жанабылов әкімшілік соттағы алғашқы процесте болған жағдайды баяндады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, ол сотта сөйлеуге алдын ала дайын болмаған.

Әкімшілік сотта мен сөйлейтінімді де білмедім. Мені ешкім дайындаған жоқ, ештеңе түсіндірмеді. Бұл жағдайға алғаш рет тап болдым. Осымен соңғы рет болсын деп тілеймін. Мұндай жағдайда, отбасымның алдында тұру мен үшін өте ауыр, – деді Жанабылов.

Блогер сот процесі кезінде өзіне қандай рөл жүктелгенін толық түсінбегенін айтты.

Маған адвокат Олег Чернов “ештеңе айтпайсың, тек отырасың, бәрін өзім айтамын” деді. Бірақ кейін бәрі басқаша болды. Біз не болып жатқанын түсінбей қалдық. Барлық жерде резонанс болды, барлық жерде бізді жамандап көрсетті. Бізді қылмыскер сияқты етіп көрсетті, қалай болса солай көрсетті. Біз не істерімізді білмей қалдық, – деді ол.

Сонымен қатар блогер апелляциялық кезеңде адвокаттың істен бас тартқанын жеткізді.

Апелляция кезінде адвокат маған басқа қорғаушы табу керек екенін айтты. Себебі ол Астанаға жиі келіп-кете алмайтынын жеткізді. Осыдан кейін ол істен бас тартты, – деді Жанабылов.

Оның сөзінше, осыдан кейін іс бойынша тергеу кезеңі басталған.

Еске сала кетейік, елордада блогерлер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты іс бойынша кезекті сот отырысы өтіп жатыр. Сотта блогер Ерболат Жанабылов жауап беруді бастады және Жанабылов өзіне қатысты мәлімдеме жасап, "компьютерді соңғы рет 9-сыныпта қолданғанын" айтты.

Бүгін белгілі болғандай, Жанабыловтар оқырмандарының біріне көлікті тегін бермек болған.

2026 жылғы 30 наурыздағы сот отырысында блогер Нұрбек Нұртаза (лақап аты – justking31) куәлік етті. Нұрбек Нұртазаға дейін сот залында блогер Дархан Жолшыбековтен де куәгер ретінде жауап алынған еді.

Сондай-ақ, сот процесінде Жанабыловтар ісінде күтпеген жаңа деталь шықты.

Сот отырысында Жанабыловтарды үйқамақта ұстау шешімі өзгеріссіз қалдырылды. Прокурор Жанабыловтар лотереяны рұқсатсыз ұйымдастырғанын мәлімдеді.