Тоғжанов: Біздің міндет – кәсіподақтың қоғамдағы рөлі мен беделін арттыру

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Ералы Тоғжанов Батыс Қазақстан облысына іссапармен барды.

Жұмыс сапары аясында облыстың салалық және жергілікті кәсіподақ төрағаларымен, кәсіподақ мүшелерімен кездесті.

Сондай-ақ, осы кездесуге әлеуметтік әріптес – Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Серік Егізбаев және «Мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» ҚБ төрағасы Мирболат Жақыпов қатысты.

Ералы Тоғжанов өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» Жолдауы кәсіподақ қызметіне жаңа леп бергенін атап өтті. Президент өз Жолдауында үкіметтік емес ұйымдардың беделін арттыру қажеттігін көрсетті. Осыған орай кәсіподақтар Еңбек адамының мүддесін қорғайтын ең ірі қоғамдық ұйым ретінде қазақстандықтардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған үрдістердің басы-қасында болуы тиіс.

Сонымен қатар, Федерация басшысы кәсіпорындар басшылары мен барлық деңгейдегі кәсіподақ ұйымдары арасында өзара байланыс жүйесінің тұрақты қызметін қамтамасыз етудің маңыздылығына жіті назар аударды. Бүгінгі таңда әлеуметтік әріптестік институты Қазақстанның қоғамдық-саяси өмірінде тұрақтылықтың кепілі болып табылады.

«Еңбек ұжымында туындаған кез келген мәселені оңынан шешуге болады және мұның бірнеше жолы бар. Бұл дегеніміз кез-келген келіспеушілік ұжым ішінде реттелуі қажет. Ал кәсіподақтар осы мәселелерді шиеленіске жеткізбестен оңтайлы шешуге тікелей араласып, тиімді жолдарын қарастыруы тиіс. Біздің міндет – кәсіподақтың жұмысы мен бүгінге дейін қол жеткізген нәтижелерін көрсету арқылы қоғамдағы рөлі мен беделін арттыру» – деді Ералы Лұқпанұлы.

Сонымен қатар, кәсіподақ мүшелерінің санын көбейту, кәсіподақ жоқ мекемелер мен компанияларда бастауыш кәсіподақ ұйымын құру, еңбек адамының құқығын қорғау, оларға қауіпсіз еңбек жағдайларын жасау, ұжымдық шарттардың санын ғана арттырып қоймай, олардың сапасына да баса назар аудару сынды өзекті сұрақтарға тоқталды.

«Еңбекақыны көтеру мәселесіне келер болсақ, кез келген кәсіпорынның өз қаржылық жағдайына сәйкес мүмкіндіктері бар. Жұмыс берушімен сындарлы келіссөздер жүргізу арқылы осы мүмкіндіктерді дұрыс іске асыруға болады», – деді өз сөзінде Кәсіподақтар федерациясының төрағасы.

Кездесу барысында Федерация басшысы салалық және жергілікті кәсіподақ ұйымдары төрағаларының жыл бойына атқарған қызметтері туралы қысқаша мәліметтерін тыңдады. Шара соңында кездесуге қатысушылар пікір алмасып, өз ойларымен бөлісті.

Осы күні ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Ералы Тоғжанов облыстағы ірі стратегиялық нысандардың бірі – «Жайық Жылу Қуат» акционерлік қоғамында болып, еңбек ұжымымен кездесті. Бүгінде «Жайық Жылу Қуат» АҚ құрамына 1000-нан астам тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласының қызметкерлері кіреді.

Кездесуді ашқан «Жайық жылу қуат» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Я.Чудров ҚРКФ төрағасы Ералы Лұқпанұлы Тоғжановты еңбек ұжымына таныстырып, кәсіпорынның бүгінгі қызметі жайында мәлімдеді.

Шара барысында сөз алған «Жайық жылу қуат» АҚ қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы» ҚБ төрағасы Нұрлан Нұғманов жергілікті кәсіподақ ұйымының жұмысы туралы баяндады. Сонымен қатар, 2019-2021 жылдарға арналған ұжымдық шартқа жұмысшылардың құқықтарын қорғау, әлеуметтік-еңбек мүдделерін сақтау, жеңілдіктер мен кепілдіктер ұсыну туралы өзгерістер енгізілгенін жеткізді.

Кездесу соңында кәсіподақ мүшелері ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасына өз сұрақтарын қойып, пікір алмасты.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы