Бізде бірде-бір қытайтану институты жоқ – Мұрат Әуезов

Алматы, BAQ тілшісі. Қытайда көптеген бауырларымыз тұрады, біз ол елді жүйелі түрде қарамай отырмыз. Тіптен бірде-бір қытайтану институты жоқ. Бұл туралы қоғам қайраткері Мұрат Әуезов «Аспантау асқан үркін көш» кітабының таныстырылымы барысында айтты.

Оның айтуынша, елімізде көрші Қытай елін зерттейтін институттар жоқтың қасы, қаншама шақырымдық шекарамыз шектесіп жатса да бұл елге мән бермей отырмыз.

«Ол жақта көптеген қазақтар бар, ашаршылық кезінде көбі сонда көшті, оған дейін де тұрып келе жатқан бауырларымыз бар. Олар Шығыс Түркістанды тастап, Гималай асып кету себептеріне де терең үңілу қажет. Ол жақтың қазағы, бұл жақтың қазағы деп бөлуге болмайды, біздің тағдырымыз бір. Қытайтану институты жайлы талай айттық, алайда оны естір құлақ жоқ», - дейді М. Әуезов. 

Еске салсақ, кеше Алматыда «Аспантау асқан үркін көш» кітабының орыс және қазақ тіліне аударылған нұсқасының тұсаукесер рәсімі өткен еді. 1956 жылы Лондонда жарық көрген бұл кітаптың авторы ағылшын тарихшысы Годфри Лайас. Оны орыс және қазақ тіліне аударған AmalBooks баспасының негізін қалаушы Бақытжан Бұқарбай. Кітап жайлы белгілі саясаттанушы Айдос Сарым да өз пікірін білдірген болатын.

Әділет Мұсахаев

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы