«Бізде Қазақстаннан басқа Отан жоқ»: Тоқаев елдегі ауқымды жоспарларды атады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев журналистерге берген сұқбатында Халық кеңесі мен Ассамблея жұмысына қатысты ойын айтты. Президент сондай-ақ Қазақстанда ауқымды құрылыс жұмыстары жүргізілетініне тоқталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Халық кеңесі – жаңа орган. «Келешекте Ассамблея жұмысына не болады?» деп сұрап жүрген азаматтар бар. Халық кеңесі Ассамблеяның жұмысын күшейтіп, арттырады деп ойлаймын. Бұл көпфункционалды, жаңа саяси тәсіл, жаңа саяси тетік. Сол себепті бұл кеңестің жұмысы ойдағыдай жемісті болатынына күмәнім жоқ, - деп айтты Президент.
Мемлекет басшысы БАҚ-қа берген сұқбатында жоспар үлкен екенін атап өтті. Сөзінше, Қазақстан үлкен құрылыстың алаңына айналуы керек.
Шын мәнінде, біз әрбір облыста, облыс орталығында немесе қалаларда үлкен құрылыс жасап, емханалар саламыз. Балаларға арналған оңалту орталықтарын салатын болдық. Мысалы, Астанада жаңа көпір саламыз. Оны келесі жылы бастаймыз. Сондай-ақ зәулім Домбыра сарайы нысанын, суға арналған үлкен зерттеу институтын немесе орталығын саламыз. Жұмыс көп. Қалаларды абаттандыру керек. «Таза Қазақстан» науқанын ойдағыдай жалғастыру керек. Сондықтан қол қусырып, бәсеңсуге болмайды. Бәріміз ел болып, үлкен жұмысқа кірісуіміз керек. Бізде Қазақстаннан басқа Отан жоқ. Сол себепті Отан үшін бәріміз күш салуымыз қажет, - деді Президент брифингте.
Сонымен қатар Тоқаев саяси науқанның қалай өткеніне баға берді.
Саяси науқан өте жақсы өтті деп айта аламын. Себебі жаңа тұлғалар пайда болды. Жаңа ұтымды идеялар айтылды. Құрылтай еліміздің дамуына үлкен серпін береді деп ойлаймын, - деп қоса кетті Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.
Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев №520 сайлау учаскесінде Құрылтай сайлауында дауыс берді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сайлау учаскесінде журналистерге берген сұқбатында көпшілікті қызықтырған Вице-президент кім болатыны туралы сұраққа жауап берді.