#Bizbirgemiz. Волонтерлер қарттарға қар тазалауға көмектесті

Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Қаңтар айында Қарағандыға жылдағыдан үш есе көп қар түсті. Қалың қарды тазалау жер үйде тұратын қарттар мен мүгедектерге қиынға түсуде. Қарағандылық еріктілер қамкөңіл қариялар мен жарымжан жандарға көмек қолын созды.

Қарағанды облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасы, облыстық жастар ресурстық орталығының бастамасымен қаңтар айында басталған аумақтарды қардан тазалау "Birgemiz" жалпы акциясы күн сайын жалғасын табуда.

 

Қаланың қалың қар басқан көшелері мен аулаларын тазалау коммуналдық қызмет жұмыскерлеріне де оңай тимеуде. Коммуналдық қызметтің қызметкерлері күні-түні жұмыс жасап, қар тазаласа да қаланың көптеген жерлеріндегі қар үйінділері тұрғындардың жүріп-тұруына кедергі келтіріп, көлік қатынасына кесірін тигізуде. Сондай-ақ, жалғыз басты, жасы келген қарияларға, ҰОС ардагерлеріне және тағы да басқа әлеуметтік тұрғыда қорғауға зәру жандардың үйлерінің маңындағы қарды тазалауға көмектесу қажет. Осыған байланысты біз "Birgemiz" акциясын ұйымдастырып, мүмкіндігі шектеулі қарияның үйін қардан аршып, тазалап беруді қолға алдық,- дейді акцияны ұйымдастырушы Марғұлан Тұяқов.

 


Ұйымдастырушылардың айтуынша, шараның мақсаты тұрғындарды, мекеме қызметкерлерін және жастарды волонтерлік іске тарту, сонымен қатар, аға буын өкілдерін қоғамдық шараларды бірлесе белсенді атқаруға шақыру және корпоративтік волонтерлікті дамыту.

 

Ауа-райының қолайсыздығынан туындаған жағдайға тұрғылықты халықтың немқұрайлы қарамауына үндеу мақсатындағы шара өз жемісін береді деген ойдамыз. Жалпы аталған акцияға облыс бойынша 100-ге тарта ерікті қатысуда. Олар көше бойындағы, жүргіншілер жолындағы және жеке тұрғын үйде тұратын қарттар мен мүгедек жандардың аулаларындағы қарды тазалауға көмектесуде,- дейді Марғұлан Тұяқов.

 


Оның айтуынша, күн сайын қарттар орталыққа аулаларын қар басып қалғанын, осы жағдайға байланысты көмек керек екендігін айтып хабарласады. Сол себепті де Орталық волонтерлермен бірлесіп, аулаларды қардан тазалауға жұмыла кірісуде.

 

2020 жылдың 5 ақпанында Қарағанды қаласы Автомобильная, 29 көшесінде тұратын Тыл ардагері 90 жастағы Полянская Любовь Михайловна тұратын үй ауласының қарын тазалауға волонтерлер білек сыбана кірістік. Бұл қарт адамның үйіне апаратын күре жолдың жабылып қалуы, жедел жәрдем көлігінің кіре алмауы үлкен кедергілер мен қиындықтар туғызған еді,- дейді еріктілер.

 


Атаулы акция басталғалы бері қатысып, қарт адамдарға жәрдемдесіп жүрген Қарағанды техника - құрылыс колледжінің волонтері Дамир Ержанұлы да өз ойын білдірді.

 

Волонтерлер қатарына қабылданғаннан бері мұндай игі шараларға үнемі қатысып келемін. Қамқорлыққа зәру жандарға жәрдем беру қоғамдағы белсенділігім – менің азаматтық парызым,- дейді студент жас.

 


Қарағанды облысының жастар ресурстық ортылығының маманы Жайнагүл Дамысхан бұл акцияның бір күндік науқан емес екендігін және ары қарай тұрақты түрде өтіп тұратынын айтады.

Төпеп жауған қалың қар мен тоқтаусыз соққан бораннан ауласындағы қарды тазалап, көмектескен еріктілерге алғысын білдірген қария жастардың ісіне дән риза екендігін жеткізді.

 

Осындай игі іспен айналысып, қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандардың батасы мен алғысын арқалаған ерікті жастарға ризашылығымды білдіремін. Ұлы Отан соғысындағы жеңістің 75 жылдығына Волонтер жылы тұстас келгені көңілді қуантады. Осы орайда, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының ұстанған саясатын аға буын өкілдері айырықша қамқорлық деп біледі. Жақсылық пен мейірімділік, құрмет пен ізгілік көрсететін осындай жастар қатары көбейе берсін - дейді Любовь Полянская.

 

Еске салайық, бұған дейін қарағандылық студенттердің 80 жастағы қарияның үйін қардан тазалап бергенін жазған болатынбыз.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы