«Біз үшін өте ауыр жағдай» – Үйлері сүрілуі мүмкін алматылықтар өтемақымен келіспеді
Қазіргі уақытта Қайрат шағын ауданында 197 жер телімі сүрілетіні туралы ақпарат бар.
Алматыда Қайрат шағынауданының 200-ге жуық тұрғыны үйлерінің сүріліп, орнына жол салынуына қарсы шықты. Қазіргі таңда тұрғындар әкімдік ұсынған өтемақы көлемімен келіспей отыр. BAQ.KZ тілшісі шағын аудан тұрғынымен сөйлесіп, халықтың құқығын қорғаумен айналысып жүрген заңгермен тілдесті.
«Жаңа үйімізде тыныш әрі жайлы өмір сүреміз деп ойлаған едік»
Қайрат шағын ауданының тұрғыны Марат Бегімбетов 2012 жылы жер телімін сатып алған. Алғашында 70 шаршы метр үй салған. Тұрғынның сөзінше, электр мәселесі де болған. Сондықтан көршілермен бірігіп, өз қаражаттарына бағаналар сатып алып, электр желісін жүргізген.
Кейін отбасымыз үлкейіп, көпбалалы отбасы атандық. Сондықтан балаларымызға кең әрі жайлы үй салуды шештік. Үйді бірнеше жыл бойы біртіндеп салдық. Құрылысын аяқтап, үйді барлық қажетті құжаттарымен 2025 жылы рәсімдедік. Яғни біз жаңа үйімізге енді ғана толық көшіп, қалыпты өмір сүре бастадық. Жаңартылған коммуникацияларды қосып, асфальтталған жолдарды пайдалана бастадық. Шын мәнінде, мемлекет тарапынан жасалған инфрақұрылымның игілігін толық пайдаланып та үлгермей жатып, енді үйіміздің сүрілуі мүмкін екені туралы ақпарат алдық. Бұл біз үшін өте ауыр жағдай, - дейді тұрғын.
Марат Бегімбетовтің үйі де сүрілуі мүмкін үйлердің тізімінде. Олар алғашында бұл ақпаратты интернеттен көрген. Бұл ақпаратты естіген соң мән-жайын білу үшін Алматы қаласының жер қатынастары басқармасына барған. Сол сәтте оларға ресми хабарлама беріліпті.
Қазіргі уақытта Қайрат шағын ауданында 197 жер телімі сүрілетіні туралы ақпарат бар. Марат Бегімбетовтің сөзінше, бұл тізімнің ішінде тек жеке тұрғын үйлер ғана емес, заңды тұлғаларға, оның ішінде ЖШС-ларға тиесілі жер телімдері де бар. Марат Бегімбетов әкімдік ұсынып отырған өтемақы көлемімен келіспейтінін айтты.
Біріншіден, бастапқы бағалау кезінде біздің жаңа үйіміз толық ескерілмеген. Біз үйді заң талаптарына сәйкес рәсімдеп, барлық қажетті құжаттарды жинағанбыз. Сондықтан бағалауда осы құжаттардың барлығы ескерілуі үшін өтініш беріп, қайта бағалауды сұрадық, - дейді ол.
Сонымен қатар ауладағы шаруашылық құрылыстары, гараж және жазғы ас үй де бастапқы бағалауға енгізілмепті. Марат Бегімбетовтің сөзінше, бұл нысандардың да құжаттары бар.
Біз үшін тағы бір маңызды мәселе — жылжымайтын мүліктің нақты нарықтық құны. Бағалау кезінде салыстырмалы нысандар өте төмен көрсеткіштермен алынған деп есептейміз. Ұсынылған сомаға дәл осындай көлемдегі баспана сатып алу біз үшін өте қиын. Мысалы, біздің үйіміздің қарсы жағында салынып жатқан жаңа тұрғын үй кешеніндегі бағалармен салыстырғанда, біздің үйдің бағасы шамамен екі есе төмен болып отыр, - дейді тұрғын.
Жердің бағасына қатысты да осындай жағдай.
Біздің жер теліміміз Алматы қаласының аумағында орналасқанына, коммуникациялары бар екеніне және бұл жерде болашақта мектеп сияқты әлеуметтік нысандардың салынатынына қарамастан, бағалау бізге Алматы облысындағы жер телімдерінің бағасына жақын деңгейде жүргізілгендей көрінеді, - дейді тұрғын.
Сондықтан ол тек үйдің қабырғалары мен шаршы метрін емес, оның нақты орналасқан жерін, коммуникацияларын, инфрақұрылымын және қазіргі нарықтағы құнын ескере отырып, әділ бағалауды сұрап отыр.
Марат Бегімбетовтің сөзінше, қайта бағалау жүргізілгеннен кейін олар ұсынылған сомамен келіспейтіні туралы өз ұстанымдарын білдіре алады. Егер келісімге келе алмаса, мәселе сот тәртібімен қаралуы мүмкін екен.
Заңгер не дейді?
Қайрат шағынауданындағы тұрғын үйлердің мемлекет мұқтажы үшін алынуына байланысты тұрғындардың құқықтарын қорғап жүрген заңгер Ғабит Өмірбектің айтуынша, негізгі талап — тұрғындарға әділ әрі нарықтық бағаға сәйкес өтемақы төлеу. Оның сөзінше, қазіргі ұсынылып отырған сомалар кейбір үйлердің нақты нарықтық құнына мүлдем сәйкес келмейді. Ол қаражатқа тұрғындардың Алматы қаласынан, тіпті өздері тұрып жатқан ауданнан көлемі мен жағдайы ұқсас үй және жер телімін сатып алуы мүлдем мүмкін емес.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 26-бабына сәйкес, ешкімді сот шешімінсіз өз мүлкінен айыруға болмайды. Ал мемлекет мұқтажы үшін мүлікті мәжбүрлеп алу заңда көзделген ерекше жағдайларда және мүліктің құны тең бағамен өтелген кезде ғана жүзеге асырылуға тиіс. Сондықтан жай ғана белгілі бір соманы ұсыну жеткіліксіз. Өтемақы тұрғынға жоғалтқан мүлкіне тең жағдайдағы басқа баспана сатып алуға нақты мүмкіндік беруі қажет, - дейді заңгер.
Ғабит Өмірбек бағалау кезінде тұрғын үйдің жалпы ауданы ғана емес, жер телімінің көлемі, үйдің техникалық жағдайы, салынған қосымша құрылыстар, жөндеу жұмыстары, инженерлік желілер, орналасқан жері, инфрақұрылымы және сол аудандағы жылжымайтын мүліктің қазіргі нарықтық бағасы толық ескерілуі керегін айтты.
Бұл үйлерде адамдар ұзақ жылдар бойы тұрып келеді. Олардың арасында көпбалалы отбасылар, зейнеткерлер, мүгедектігі бар азаматтар және әлеуметтік жағынан осал тұрғындар бар. Адамдарды өз үйлерінен шығарып, ұсынылған өтемақыға басқа жақтан лайықты баспана таба алмайтын жағдайда қалдыру — олардың меншік құқығына ғана емес, тұрғын үйге және лайықты өмір сүруге қатысты конституциялық құқықтарына да нұқсан келтіреді, - дейді ол.
Заңгер тұрғындар қаланың дамуына немесе құрылыс жүргізілуіне қарсы емес екенін, олар мемлекеттен тек әділдік пен заң талаптарының сақталуын сұрап отырғанын атап өтті.
Сондықтан әрбір үйге тәуелсіз және объективті бағалау жүргізіліп, өтемақы мөлшері нақты нарықтық деңгейге дейін көтеріліп, әр отбасының жағдайы жеке қаралуы тиіс. Біздің ұстанымымыз нақты: тұрғындарға берілетін өтемақы олардың бұрынғы тұрмыс жағдайын нашарлатпауы керек, - дейді заңгер.
Ғабит Өмірбек ұсынылған қаражатқа дәл сондай көлемдегі, жағдайы мен орналасуы жағынан тең үй сатып алу мүмкін болмаса, ондай өтемақыны әділ және тең бағалы деп есептеуге болмайтынын айтты.
Бұл мәселеге қатысты Алматы қаласының Жер қатынастары басқармасынан пікір білдіруін сұрадық. Басқарма мәліметінше, жобаның екінші кезеңі аясында Түрксіб ауданында орналасқан 372 нысанды алып қою жоспарланған.
Осыған байланысты Алматы қаласы әкімдігінің жер учаскелерін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты «Жер учаскелерін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті мәжбүрлеп иеліктен шығару рәсімін бастау туралы» қаулысы қабылданған. Құжат 198 нысанға қатысты шығарылған. Қазіргі уақытта олардың 108-іне бағалау компаниясымен бірлесіп тексеру жүргізілген. Сонымен қатар меншік иелерін ұсынылған өтемақы мөлшерімен таныстыру жұмыстары жүріп жатыр.
Бүгінде 13 үй иесі өтемақы көлемімен келісімін беріпті. Қалған нысандар бойынша сатып алу рәсімдері мен қажетті құжаттарды жинау жұмыстары жалғасып жатыр екен.