Түркі мемлекеттері ұйымы. Біз түркі дүниесіне ортақ қандай құндылықтарды ұсына алдық

Былтыр Түркі мемлекеттері ұйымының X cаммиті өткен болатын. «Түркі әлемінің келешегі – 2040» атты құжат бекітілген еді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев түркі бірлігін дәріптеудің маңызы зор екенін айтып өткен еді. Осы ретте Түркі мемлекеттері ұйымы Бас хатшысының орынбасары Мерей Саятұлы Мұқажан мырзадан ұйымның жұмысы жайлы, атқарылып жатқан істер жайлы сұраған едік, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

-Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев салт-дәстүр, біріздендіру, реформалар, ғылым, сенім, инвестиция, медиация және энергия атты сегіз мәселеге басымдық берген еді, осының аясында қандай жұмыстар басталып, нәтиже беріп жатыр?

Өзіңіз білетіндей, 2023 жылдың 3 қарашасында Астанада 10-шы мерейтойлық Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) Саммиті барысында Ұйымда төрағалық Қазақстан Республикасына өтті.

Қазақстан төрағалығы бұл басымдықтарға байланысты 1 жылға арналған арнайы іс-шаралар жоспарын қабылдады, сол бағытта ТМҰ Хатшылығымен бірлесе жұмыс атқаруда. Атап айтқанда, «салт-дәстүр» бағытында Женевада алғашқы рет түркі аптасы ұйымдастырылды, ұйымға мүше елдерде түрлі конференциялар, дөңгелек үстелдер мен министрлер деңгейінде кездесулер өтуде, мысалға 8-ші ТМҰ Жастар және спорт мәселелеріне жауапты министрлердің отырысы ү.ж. 9 қыркүйекте Астанада өтеді, 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары да алғашқы рет Қазақстан аумағында ұйымдастырылады. Бакуде орналасқан Түркі мәдениеті және мұрасы қоры мен Анкарада орналасқан Халықаралық түркі мәдениеті ұйымы (ТҮРКСОЙ) да салт-дәстүрді сақтауға әрі насихаттауға байланысты маңызды жұмыс атқаруда.

«Біріздендіру» бағытында түркі ынтымақтастық ұйымдары Қазақстан туының түсінің негізінде бір түсті жаңа туларын қолданысқа енгізді, Астанада және Бакуде Түркі әлемі ортақ әліпби комиссиясының отырыстары өтті, әр-түрлі салалық мамандардың отырыстары орын алды.

«Реформалар» бағытында хатшылыққа байланысты жұмыстар жүргізілуде, ТМҰ Тұрақты өкілдер институтын құру бойынша қарқынды жұмыс жалғасуда, Астана саммиті барысында мемлекет басшылары көтерген бастамалар бойынша жұмыс жасалып жатыр, сондай-ақ түркі ұйымдарының тиімділігін арттыру мақсатында қаңтар айында Ыстанбұлда Түркі ынтымақтастық ұйымдарының үйлестіру комитетінің отырысы мен Ашхабадта Ақсақалдар кеңесінің отырысы өтті.

«Ғылым саласына» байланысты ү.ж. 1 маусымда ТМҰ Білім министрлерінің 8-ші отырысы Шушада (Әзербайжан Республикасы) ұйымдастырылды. Сондай-ақ, әр-түрлі тақырыптарда семинар мен тренингтеріміз жалғасуда. Түркі академиясының да бұл бағытта атқарып жатқан белсенді жұмысын да атап өткім келеді.

«Сенім» тақырыбында ең алдымен ТМҰ мемлекеттері арасында жоғары деңгейлі кездесулер орын алуда, мысалға жуырда ғана Алматыда ТМҰ Мемлекет басшыларының сыртқы саясат бойынша көмекшілерінің/кеңесшілерінің 2-ші отырысы өтті. Биыл ТМҰ Басшыларының екі саммиті қатарынан ұйымдастырылмақ. Сонымен бірге, БҰҰ, ИЫҰ, АӨСШК, ЕҚЫҰ, АҚИҰ, АСЕАН сыңайлы халықаралық серіктестермен де ынтымақтастық жалғасуда.

«Инвестиция» саласында Түркі инвестициялар қорының (ТИҚ) биыл іске қосылуын ерекше атап өткім келеді. Ү.ж. 18 мамырда Ыстанбұлда ТИҚ Басқарушылар кеңесінің алғашқы тарихи отырысы өтті. ТИҚ түркі әлемінің экономикалық интеграциясы мен дамуын ілгерілетуде шешуші рөл атқаратын болады. 2010 жылдан бері ТМҰ экономикалары айтарлықтай өсу көрсетті, олардың жиынтық ЖІӨ 2023 жылға қарай жаһандық ЖІӨ-нің 2,4%-дан 3,1%-ға дейін өсіп, 1,9 триллион долларға жуықтады. Бұл өсім стратегиялық инвестициялардың маңыздылығын көрсетеді және ТИҚ бірнеше негізгі функциялар арқылы осы саланы нығайтуға бағытталған. ТИҚ жаңадан құрылғанына байланысты оған көбірек тоқталғым келеді.

Қор өңірішілік сауданы ілгерілетуге, микро, шағын және орта кәсіпорындарға (МШОК) ерекше назар аудара отырып жобаларды қаржыландыруға жәрдемдеседі және халықаралық және ұлттық қаржы және даму институттарымен ынтымақтастық орнатуды көздейді. Кәсіпкерлікті ілгерілету, түркі мемлекеттері арасындағы бірлескен кәсіпорындарды қолдау және МШОК үшін жұмыс ортасын жақсарту арқылы ТИҚ жеке сектор басқаратын экономикалық өсуді ынталандыруға және МШОК үшін желіге және қаржыға қол жеткізудегі қиындықтарды жеңуге платформа құруға бағытталған. Сонымен қатар, ол көліктік-логистикалық тізбектерді, сақтау және өндірістік қуаттарды кеңейтуге, сондай-ақ мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті қоса алғанда, физикалық және цифрлық инфрақұрылымды құру мен жаңғыртуға қолдау көрсетеді. ТИҚ сондай-ақ өнеркәсіптік өндіріс, инфрақұрылым, көлік, ауыл шаруашылығы, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және туризм салаларындағы даму жобаларына қолдау көрсетеді. Жасыл экономикаға үлес қосу үшін Қор энергия тиімділігіне, жаңартылатын энергия көздеріне және қоршаған ортаны қорғауға инвестиция салады. Бұдан басқа, қажет болған жағдайда инвестициялық жобаларды дайындауға көмек пен қаржылық қолдау көрсетеді. ТИҚ түркі елдеріне қаржыландыруды қамтамасыз ету және тікелей шетелдік инвестицияларды тарту үшін халықаралық қаржы институттарымен серіктестікті нығайту бағытында жұмыс атқарады. Кәсіпкерлікті ынталандыру, бірлескен кәсіпорындар құруды жеңілдету және МШОК-тың бәсекеге қабілеттілігін арттыру арқылы ТИҚ тұрақты дамуды, жұмыс орындарын құруды және салалық интеграцияны ынталандыруды, сайып келгенде, түркі мемлекеттерінің ұзақ мерзімді өркендеуіне ықпал етуді мақсат етеді.

Бұған қоса ТМҰ аумағында түрлі бизнес форумдар ұйымдастырылды және биыл Қырғызстанда ТМҰ Экономика министрлерінің кездесуі жоспарланған.

«Медиация» бойынша да ұйым жүгінген тараптарға әрқашан өз жәрдемін беруге дайын. Мамыр айында Алматыға Әзербайжан мен Арменияның cыртқы істер министрлері келіссөз жүргізуге келгені мәлім.

«Энергия» саласында да ұйым қыркүйекте Қырғызстанда өтетін 4-ші ТМҰ Энергетика министрлерінің отырысына дайындықтарын жүргізуде.

- Ұйымға мүше елдердің стандарттары мен терминологиясын жүйелеуді ұсынған еді, қандай да бір жұмыстар қолға алынды ма?

- Стандарттарды жүйелеу бойынша көптеген салада жұмыстар атқарылуда, бірақ ол кейбір себептерге байланысты оңай емес екен. Терминологияға келетін болсақ, Түркі Академиясының бастамасымен және ТМҰ Хатшылығының үйлестіруімен 2023 жылы құрылған «Түркі әлемі ортақ әліпби комиссиясы» жұмыс істейді. Комиссияның негізгі міндеті – түркі әлемінің мәдени интеграциясын қамтамасыз ету үшін латын графикасына негізделген ортақ әліпби стандартын қалыптастыру.

XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында Исмаил Гаспыралы тарапынан шығарылған және бүкіл түркі әлеміне тараған Тәржүман газетінің ұраны «Тілде, пікірде, істе бірлік» болатын. Осы жерде байқасаңыз «тілде бірлік» бірінші айтылып тұр. Сондықтан 1990-шы жылдардан бастап, түркі елдерінің ғалымдары Ортақ әліпби жөнінде жұмыс істей бастады. Кейбір түркі елдері әліпбилерін кирилицадан латынға ауыстырды. Қазақстанда бұл үдеріс әлі жалғасып жатыр. Латын әліпбиі бізге жат емес, ал кирилицаның бізге қалай келгенін білеміз. Осы ретте «Түркі әлемі ортақ әліпби комиссиясы» латын әліпбилерінің ортақ стандарттарын жасауды мақсат етеді.

Қазіргі уақытта елдеріміз ЮНЕСКО тарапынан 15 желтоқсанды «Әлемдік түркі тілі күні» ретінде бекіту бойынша бірлесе жұмыс жасауда.

Сонымен бірге, ү.ж. 24 маусымда Бішкекте өткен Түркі әлемінің ұлы ғұламасы Махмұд Қашғаридің еңбегімен аттас "Диуани лұғат-ат-түрк" халықаралық конференциясында ұйымымыздың Бас Хатшысы Кубанычбек Қасымұлы Омуралиев ортақ түркі сөздігін құрастыруға шақырғанын атап өткім келеді.

-Ғылыми әріптестік арқылы білім және ғылым саласындағы ынтымақтастықты нығайту үшін қандай жұмыстар атқарылды?

-Біздің мүше мемлекеттеріміз білім мен ғылымның тұрақты даму мен прогрестің негізі екенін бұрыннан мойындаған. Сондықтанбіз осы салалардағы ынтымақтастықты дамытуға ықпал ететін бастамаларға мән береміз.

Біздің басты бастамаларымыздың бірі ТМҰ Білім министрлерінің кездесулері. Қазіргі таңда 8 кездесу өтті, соңғы кездесу ү.ж. 1 маусымда Шуша қаласында болды. Жалпы, бұл бастама мемлекеттеріміз арасындағы диалог пен ынтымақтастықты дамытуға деген адалдығымыздың дәлелі болып табылады. Сонымен қатар, біздің білім беру саясатымызды үйлестіру, озық тәжірибелермен бөлісу және бүкіл елдеріміз бойынша білім беру сапасын арттыратын бірлескен жобаларды әзірлеу үшін өте маңызды.

Оған қоса, Түркі Мемлекеттері Ұйымының Түркі Университеттері Одағы (Одақ), Түркі әлеміндегі жоғары оқу орындары арасындағы академиялық ынтымақтастық пен интеграцияға ықпал ететін бастамамыз да бар. Бұл одақ академиялық шеберлікке, мәдени алмасуға және бірлескен ғылыми жобаларға ықпал ететін динамикалық және өзара байланысты білім беру желісін құруға бағытталған. Аталған Одақ студенттер мен оқытушылардың ұтқырлығын жеңілдету арқылы өз мүшелерінің академиялық тәжірибесін байыта отырып, шекарадан тыс білім мен тәжірибе алмасуды жақсартады. Осы кезеңде, Одақтың 7 Бас Ассамблеясын және Ректорлардың 1 арнайы жиналысын өткіздік. Одақ құрамына 109 университет кіреді, оның 16-сы Қазақстандық университеттер болып табылады.

Аталған Одақ арқылы біз ортақ мұрамыз бен ортақ ұмтылыстарымызды көрсететін біртұтас білім беру қауымдастығын құрамыз деген сенімдеміз.

Биыл 13 маусымда Рабат (Марокко Корольдігі) қаласында ТМҰ мен Ислам Әлемінің Білім, Ғылым және Мәдениет Ұйымы (ICESCO) арасында өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойылғанын атап өтемін. Аталған ынтымақтастық біз үшін маңызды болып табылады. Себебі, біздің білім беру, мәдениет, ғылым және технологиялар саласындағы ынтымақтастығымызды нығайтуға, бірлескен күш-жігеріміздің қауымдастықтарымызға айтарлықтай пайда әкелуін қамтамасыз етуге бағытталған.

Сонымен қатар, білім мен ғылым саласындағы ынтымақтастықты дамыту үшін құрылған Түркі Академиясы қызметін жалғастыруда. Штаб-пәтері Астанада орналасқан ұйым Қазақстан дипломатиясының бастамасымен құрылған. Түркі Академиясының миссиясы – түркі әлемінің ғылым мен білім саласындағы интеграциясына оң ықпал ету. Осы тұрғыда тиісті ұйымдар арасында серіктестік орнатуға және түркітануды дамытуға арналған бағдарламалар мен жобалар іске асырылып, ғылым және білім беру салаларындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған тың бастамалар қолға алынуда. Академия конференциялар, семинарлар, ғылыми жобалар ұйымдастырады. Осы жобалардың нәтижесінде Академиядан жыл сайын ондаған кітап шығады.Түркі Академиясының осы уақытқа дейін бітірген ең маңызды жобаларының бірі – Орта мектеп оқушыларына арналған Ортақ түркі тарихы, Ортақ түркі әдебиеті және Түркі әлемі географиясы оқулықтары. Бұл оқулықтар 2022 жылы Білім министрлері тарапынан мақұлданды және қазіргі таңда Әзербайжан, Қазақстан және Түркияда факультатив сабағы ретінде оқытылып жатыр. Бұл оқулықтар жас ұрпақтың ортақ құндылықтармен өсуін қамтамасыз етеді.

-Биыл Ұйымның төрағалығы біздің елдің қолында. Біз түркі дүниесіне ортақ қандай құндылықтарды ұсына алдық?

Бұл ұйым Қазақстанның бастамасымен құрылған, осы уақытқа дейін еліміз белсенділік танытып Түркі мемлекеттері ұйымының қалыптасуына да орасан зор үлес қосып келді. Мысалға, ұйымның ұзақ мерзімді дамуы белгіленген Түркі әлемінің келешегі-2040 құжаты қабылданды, түркі ұйымдары арасында жұмыстардың қайталануына жол бермес үшін Түркі ынтымақтастық ұйымдарының үйлестіру комитеті құрылды, Түркі кеңесінің атауы Түркі мемлекеттері ұйымына ауыстырылды және көптеген салаларда жаңа ынтымақтастық үдерістері басталды. Тұрақты өкілдер институтын енгізу бойынша жұмыс жүргізілуде. Қазіргі таңда ұйым экономика, көлік, медиа, білім, диаспора, сот, энергетика, әлеуметтік саясат, ғарыш салаларын қоса алғанда 30-ға жуық алаңда жұмыс атқаруда.

Қазақстанның төрағалығы «Түркі дәуірі» деген ұранмен басталды және сұхбатымыздың басында атап өткен басымдықтары қамтылған (салт-дәстүр, біріздендіру, реформалар, ғылым, сенім, инвестиция, медиация және энергия) «Астана актіне» қол қойылды. Бұл өз кезегінде ұйымның құрылуы туралы Нахчыван келісімінің 15 жылдығы қарсаңында, ТМҰ-ға серпін бергені абзал.

Биыл Астана қаласында 8-13 қыркүйек аралығында 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының өткізілуі де Қазақстан төрағалығының ерекшелігі болмақ, «Ұлы дала дүбірі» ұранымен өтетін бұл ойындарға 85 елден 2 000-нан аса қатысушылардың келуі күтілуде. Мүмкіндіктеріңіз болса бұл іс-шараларға өздеріңіз бен отбасыларыңыздың барып қайтуына кеңес беремін, өте қызық болады. Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының Қазақстанда өтуінің өзі де символикалық мағынаға ие, себебі қазақ халқы ұлы даланың көшпенділері, Қазақстан түркі елдерінің қара шаңырағы, бұл жерде жылқы алғаш рет қолға үйретілді және Қазақстан Алтын Орданың мұрагері екенін де естен шығармаған жөн.

-Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының, оның құрылымдарының туларын және эмблемаларын бір үлгіге келтірген жөн екенін айтқан болатын. Бұл бастаманы өзге мемлекеттер қалай қабылдады? Қандай ұсыныстар бар?

-Қасым-Жомарт Кемелұлының бұл бастамасын ТМҰ-ға мүше елдердің барлық мемлекет басшылары бірауыздан қолдап, былтыр Астанада өткен мерейтойлық саммитте «Түркі ынтымақтастық ұйымдарының тулары туралы шешім» қабылданды. Бұл өз кезегінде 6 түркі ұйымының (ТМҰ, ТҮРКСОЙ, Түркі мемлекеттерінің Парламенттік Ассамблеясы, Түркі академиясы, Түркі мәдениеті және мұрасы қоры, Түркі инвестициялық қоры) инстиутционалдық дамуының да бір көрсеткіші. Бұдан былай адамдар түркі ынтымақтастық ұйымдарын көк түсінен-ақ бірден танитын болады.

-Ұйымның 10-саммитінде Мемлекет басшысы тұрақты экономикалық байланыстарды нығайту үшін жасыл қаржы нарығын дамыту қажеттігін айтты. Қазақстан «Түркі жасыл қаржы кеңесін» құруды ұсынған. Осы бойынша қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

-Бұл өте заманауи бастама, Қазақстан тарапы Жасыл қаржы жөніндегі Түркі кеңесінің тұжырымдамасы мен оның құрылтайшы құжатының жобасын ресми түрде ұйымымыздың Хатшылығына ұсынған болатын. Қазіргі уақытта құжаттар ұйымымызға мүше елдер тарапынан қарастырылуда, басым бөлігінен толық қолдау алынды.

Кеңестің Астана Халықаралық қаржы орталығының негізінде құрылуы жасыл экономика саласындағы Түркі өңірінің және бауырлас елдердің капитал нарығын дамытуға мүмкіндік беретін болады. Бұл өз кезегінде Түркі әлемінің заман талаптарына сәйкес дамуына маңызды.

-Сол 10-саммитте Астана қаласына Түркі әлемінің Қаржы орталығы мәртебесін беру туралы бастама қолдауға ие болған еді. Осы қолдау аяқсыз қалған секілді?

-Астана Саммиті барысында ТМҰ-ға мүше елдердің басшылары бірауыздан Астананы 2024 жылғы Түркі әлемінің қаржы орталығы деп жариялады. Бұл шешім Еуразия кеңістігіндегі Астананың стратегиялық орны, Астана халықаралық қаржы орталығының орналасуы және елорданың қарқынды экономикалық өсуімен негізделді.

Биыл Астана қаласы Түркі әлемінің Қаржы орталығы болып жариялануына орай, Астана Халықаралық қаржы орталығы тиісті ұсыныстарын білдірген болатын. Астана халықаралық форумы шеңберінде Түркі елдерінің қаржы ұйымдарының қатысуымен бірқатар іс-шаралар өткізуді көздегенбіз. Алайда, елдегі табиғи апатқа орай, бұл жоспарлар кейінге шегерілді. Дегенмен, Қазақстанмен бірлесе бұл бағытта да жұмыстар жүргізілуде.

-Ұйымның биылғы саммиті қашан, қайда өтеді? Ол жерде қандай мәселелер талқылануы мүмкін?

-Биыл 5-6 шілдеде «Көлік, өзарабайланыстық және климат әрекеті арқылы тұрақты болашақты құру тақырыбына арналған» ТМҰ-ның Бейресми саммиті Әзербайжанның Шуша қаласында өтеді, сондай-ақ ТМҰ-ның 11-ші саммиті биыл қазан айында Бішкекте болады. Саммиттердің қорытындысы бойынша дәстүрлі түрде декларация қабылданады. Сонымен бірге, Түркі әлемі үшін маңызды құжаттарға да қол қойылуы көзделуде. Солардың біреуі, төтенше жағдайларға байланысты Азаматтық қорғау тетігін құру туралы келісім.

Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, сұхбатымның соңында бүгін аталып өтетін Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерін төл мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Дипломатия саласында қызмет атқарып жүрген әріптестерімді де санаулы күннен кейін - 2 шілдеде аталып өтілетін – Дипломатиялық қызмет күнімен де құттықтаймын!

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Түркі мемлекеттері ұйымы
Өзгелердің жаңалығы