Біз түгілі Американың өзі ЛГБТ сияқты теріс бағыттарды қоғамға жат деп таныды – депутат
Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин ЛГБТ-ны насихаттауды шектеу бойынша заң жобасын қорғап, бұл құбылыстың жасөспірімдерге психологиялық және рухани зиян келтіріп жатқанын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Депутат ЛГБТ пропагандасының жастарға кері әсерін нақты мысалдармен түсіндірді. Ол заңның мақсаты – ұлттық құндылықтарды сақтау, балалар мен жасөспірімдерді деструктивті идеологиялардан қорғау екенін атап өтті.
Бұл қасиетсіз топ қасиетті киіз үйімізде тайраңдап, ұлттық құндылықтарымызды аяққа таптады. Мектептерге барып, ашық әрі заңсыз пропоганда жүргізді. Ең сорақысы, олар әлеуметтік желілер арқылы жыныс мүшелерін, сексуалдық қарым-қатынастарын ашық жариялап қана қоймай, қоғамды азғындыққа үндеп, кең ауқымда насихаттау жұмысын жүргізіп жатыр. Бүгінге дейін ұлттық құндылықтарды жоюға бағытталған әсірефеминистік, ЛГБТ қауымдастығы арнайы, жоспарлы түрде шетелден миллиондаған доллармен қаржыландырылуда, - дейді депутат.
Оның айтуынша, кейбір топтар әлеуметтік желілер мен мектептерде ашық түрде ЛГБТ идеяларын насихаттап, жастардың психикасына зиян келтіруде. Бұл әрекеттердің нәтижесінде жастардың ұлттық құндылықтарға деген түсінігі мен моральдық бағдарлары бұзылуы мүмкін.
Біз түгілі Американың өзі ЛГБТ, трансгендер, бір жынысты неке сияқты теріс бағыттарды қоғамға жат деп таныды. Менің қолымда осы құжаттар бар. Сондықтан біздің ЛГБТ-ны насихаттауды заңмен шектеу бойынша қабылдап жатқан нормаларымыз кейбір халықаралық ұйымдар мен белсенділер айтып жүргендей ешқандай адам құқығын шектеуге бағытталмаған. Керісінше, бұл нормалар дәстүрлі отбасылық институтты бұзудан және балалар мен жасөспірімдерді деструктивті идеологиялардан қорғап, ұлттық қауіпсіздігімізді сақтауға, халқымыздың рухани иммунитетін нығайтуға септігін тигізеді, - дейді Еділ Жаңбыршин.