Біз тарихымызды жазғанда асығыстыққа жол бермеуіміз керек – Қарин
Елімізде Президент тапсырмасымен «Қазақстан тарихы: ежелгі дәуірден бүгінге дейін» атты академиялық 7 томдықтың әзірленіп жатыр. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк кеңесшісі Ерлан Қарин айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Біз тарихымызды жазғанда асығыстыққа жол бермеуіміз керек. Созып жіберуге де болмайды. Алдыңғы академиялық басылымдарды әзірлеу кезінде жұмыс тіпті ұзаққа созылғаны белгілі. 1943 жылғы 1 томдық басылымға 5 жыл, 1957 жылғы 2 томдыққа 5 жылдан астам, 70-жылдары шыққан 5 томдыққа 10 жылға жуық уақыт кеткен. Ал тәуелсіздік кезеңіндегі 5 томдықтың бірінші томы 1996 жылы шықса, соңғы бесінші томы 2010 жылы көпшіліктің қолына тиді. Дайындық жұмыстарын айтпағанның өзінде, бес томдықтың толық басылып шығуына 15 жылға жуық уақыт кетті, - дейді Қарин.
Оның айтуынаша, мәдени-рухани мұрамызды, тарихымызды түгендеуге арналған түрлі жоба аясында кейінгі жиырма-отыз жылда едәуір материал жинақталды. Кейін Мемлекет басшысының тапсырмасымен бұл жұмыс тың қарқынға ие болды. «Архив-2025» бағдарламасы жүзеге асырылып, шет мемлекеттерге арнаулы экспедициялар ұйымдастырылды.
9 мемлекеттен (Еуропа елдеріндегі, әсіресе Ватикандағы, Парсы мемлекеттеріндегі, Қытай мен Ресейдегі архивтерден) 5 мыңға жуық құжат табылып, зерттеліп, енгізілді. Пекин архивтерінен табылған құжаттар Қазақ хандығының Цинь империясымен, Хиуа, Қоқан хандықтарымен, Ресеймен дипломатиялық, саяси және сауда қатынасынан мол ақпарат береді. Абылай ханның, Болат және Уәли сұлтандардың хаттары, түрлі жарлық XVIII ғасырда Қазақ хандарының кеңсесі, ауқымды құжат айналымы болғанын айқын көрсетеді. Ал Ұлыбританиядан табылған «Тарихи-и Қыпшақ хани», «Нусрат-Наме», «Муʻизз ал-ансаб», «Бахр ал-асрар» сияқты қолжазбаларда XIV ғасырдан бері қазақ жерінде болған маңызды оқиғалар туралы өте құнды мәліметтер жинақталған, - деді ол.
Оның айтуынша, тарихымызға қатысты бұрынғы басылымдарда картографиялық материалдар аса көп қолданылмаған еді.
Мақсатты түрде жүргізілген кешенді шаралардың арқасында өте ауқымды картографиялық материал жиналды, Италия, Франция, Қытай және Ресей архивтерінен бұрын бізге беймәлім болып келген карталар табылды. Сондай-ақ кейінгі жылдары археологиялық қазба жұмыстары белсенді жүргізіліп, маңызды жаңалықтар ашылды. Осының бәрі жаңа басылымның мазмұнын толықтырып, байыта түседі. Бұл жеті томдықты төл тарихымызға қатысты осыған дейін жасалған ірі жобалардың бұрын-соңды болмаған деңгейде толықтырылып, тәуелсіз Қазақстанның көзқарасы мен мүддесі тұрғысынан зерделей жазылған қорытынды нұсқасы деуге болады, - деп түйіндеді Ерлан Қарин.