Біз Салық Зимановтың шәкірттерімен мақтанамыз – Ерлан Сыдықов

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Заң ғалымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі Салық Зимановтың 100 жылдығына арналған «Академик С.З. Зиманов: өнегелі өмірі және ғылыми жетістіктері» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция онлайн форматта өтті. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов академиктің жазған естеліктеріне тоқталды.

Бүгін біртуар ғалымның рухына тағызым етіп, өнеге алуға жиналып отырмыз. Бұл кісінің бір естелігінде «жақында Астанадан оралдым, онда баяндама жасадым, бәріне 5 минут берсе, маған 20 минут берді, мен 27 минут сөйледім, ешкім сөзімді бөлген жоқ. Содан кейін ЕҰУ-ге барып студенттермен кездестім,  оларға бармасам болмайды ғой» деп айтып кеткен сөздерінен-ақ Салық Зимановтың жастарға үлкен үлгі болып, жол көрсеткені байқалады, - деді ол.
Ғалым мыңдаған заңгерге үлгі көрсетіп, ізбасар дайындап кетті. Шәкірттері қазіргі уақытта ғалымның жолын жалғастыруда.
Өз-өзін толықтай ұстай алуы, жаман әдеттерінің болмауы, алдына қойған мақсаттарының айқын болуы Салық Зимановты осындай жетістіктерге жеткізіп отыр. Сонымен қатар, ол сол кездегі ұлы тұлғалармен өте жақсы қарым-қатынаста болған. Тіпті, Манас Қозыбаев «Салық Зиманов бүгінгі күннің Әлихан Бөкейханы» деген еді. Салық Зимановтың адал жан екенін білу үшін оның тағы да бір естелігіне оралғанымыз жөн. Ол өз уақытында Әбдіжәмил Нұрпейісовпен өте жақсы қарым-қатынаста болған екен. Сонда Әбдіжәмил ағамыздың сотпен бір ісі болған көрінеді. Ағамыз Зимановтың өзімен бірге барып, көмектесуін сұрайды. Ол келіседі, бірақ, сот залына кірген бойда «әділ соттаңдар» деп шығып кетеді. Осыдан-ақ ғалымның кез келген жағдайда адалдық танытқанын байқауға болады, - деді ректор.
Ұмсындық НАУРЫЗБАЕВА
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы