Әр өңірдегі жағдайды ерекше бақылауда ұстайтын боламыз – Тоғжанов
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ.ҚР премьер-министрінің орынбасары Е.Тоғжановтың төрағалығымен өткен COVID-19 мәселелері жөніндегі жедел штабтың отырысында елдегі шұғыл шешімді талап ететін мынадай жедел мәселелер қаралды. Бқл туралы премьер-министрдің баспасөз қызметі хабарлады.
-
өңірлерге дәрілік заттарды жедел жеткізу үшін қажетті нормативтік-құқықтық базаны қабылдау;
-
қосымша 1600 өкпені жасанды желдету (ӨЖЖ) аппаратын, жедел медициналық жәрдем қызметінің 800 санитариялық автомашинасын, сондай-ақ, сұранысқа аса ие дәрілік препараттарды (парацетамол, азитромицин, цефтриаксон, осельтамивир және басқалар) сатып алу, оларды осы аптаның соңына дейін жеткізу күтіледі.
-
коронавируспен күреске тартылған медицина қызметкерлеріне үстемеақы төлеуді жалғастыру.
Сондай-ақ Жедел штабта Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Қарағанды облыстары мен Нұр-Сұлтан қаласындағы санитариялық-эпидемиологиялық жағдай жеке тәртіппен қаралды.
Өңірлердің әрқайсысы бойынша Денсаулық сақтау министрлігі проблемалық мәселелерді баяндап, қазіргі жағдайды жақсарту бойынша нақты шаралар әзірледі.
Жедел штабта COVID-19-бен сырқаттанушының өсуіне байланысты Атырау облысындағы қанағаттанарлықсыз санитариялық-эпидемиологиялық жағдай ерекше атап өтілді.
Осыған байланысты Е. Тоғжанов Атырау облысының әкімдігіне жағдайды жақсарту бойынша түбегейлі шаралар қабылдау туралы, оның ішінде қосымша шектеу шараларын қолдану туралы тапсырма берді.
Сондай-ақ премьер-министрдің орынбасары өңірлердің әкімдіктеріне карантиндік шаралардың сақталуын мүлтіксіз бақылауды қамтамасыз етуді, қысқа мерзімде қосымша инфекциялық стационарларды ұйымдастыруды, қажетті жабдықтарды (ӨЖЖ, КТ және т. б.), дәрілік заттарды сатып алуды, сондай-ақ, зертханалардың ПТР қуатын арттыруды тапсырды.
Біз әр өңірдегі жағдайды Жедел штабтың ерекше бақылауында ұстайтын боламыз. Біз жұмысты күнделікті негізде республикалық және өңірлік ауқымда тыңдап, нақты жедел шаралар қабылдай отырып жалғастырамыз, — деп қорытындылады Е. Тоғжанов.