Біз қашан да халықпен біргеміз –Нұрлан Серғалиев

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Алдағы уақытта «Nur Otan» партиясы «Жаңа Қазақстанға» сай, жаңа модернизациялауды жүзеге асырады. Бұл туралы М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің ректоры Нұрлан Серғалиев айтты.

Ректор съезд барша депутаттың «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруына» мұрындық болатынына сенім білдіретінін жеткізді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы қатысқан «Nur Otan» партиясының кезектен тыс ХХІ съезіне бейнебайланыс режимінде қосылдым. Елімізде болған соңғы оқиғалар партия мүшелерін де есеңгіретіп тастады. Президентіміз айтпақшы, қаңтар трагедиясында халық қалаулыларының қамсыз, ел тірлігіне етене араласпауын көзден таса қалдыра алмаймыз. Өзім де  «Nur Otan» партиясының мүшесі ретінде алдағы күндерге күрмеуі шешілмеген күрделі мәселелерді тапсырма етіп қойдым. Бүгінгі жиын барша депутат атаулылардың «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруына» мұрындық болады деген сенімдемін. Алдағы уақытта партия мемлекет басшысы Қ.Тоқаев атағандай «Жаңа Қазақстанға» сай, жаңа модернизациялауды жүзеге асырады. Елдің бас халықтық ұйымы ретінде еңсемізді тіктеп, ел мүддесі үшін аянбай еңбек етеміз. Біз қашан да қазақстандықтармен, халықпен біргеміз. Себебі дәл осы Отанымызда өсіп-өнім, ел қатарына қосылып, жеті атамызбен жетілдік. Азамат ретінде борышымыз - қастерлі Отанымыздың қасиетін қанымызға сіңіріп, халық мүддесі үшін қызмет қылу, - деді ол.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы