Біз қанттың қымбаттауына қатысты халықтың наразылығын көріп отырмыз – Смайылов

Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министр Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлады BAQ.KZ тілшісі. 

Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және нарықты отандық өнімдермен толықтыру – біздің стратегиялық міндетіміз. Қалыптасқан жағдай кейбір тауарлық позициялар бойынша, әсіресе қант нарығында проблемалардың бар екенін көрсетті. Біз қант тапшылығы мен оның қымбаттауына қатысты халықтың наразылығын    көріп отырмыз. Бұл жөнінде Мемлекет басшысы тарапынан да әділ сын айтылды, – деді Премьер-министр. 

Смайылов атағандай, аталған саланы дамыту бойынша кешенді жоспар әзірленді.

Біздің алдымызда бірінші кезекте,  қант зауыттарын отандық шикізатпен қамтамасыз ету міндеті тұр. Сондықтан егіс алқаптарын 11,5 мыңнан 38 мың гектарға дейін, яғни 3 есеге  арттыру жоспарланып отыр. Бұл алдағы 5 жылда отандық шикізаттан қант өндіру көлемін жыл сайын 250 мың тоннаға дейін жеткізуге мүмкіндік береді. Бұған қоса қант зауыттарын барынша жаңғырту және олардың өндірістік қуатын арттыру қажет. Жалпы қантпен қамтамасыз ету жағдайы тұрақталды. Қанттың қажетті қоры бар. Өңірлерде дүрлігуге жол бермеу қажет, - деді ол. 

Премьер-министр қант бағасына қатысты түрлі манипуляциялардың алдын алып, алыпсатарлық әрекеттер мен қажетсіз делдалдарды анықтау қажетін айтты.

Ауыл шаруашылығы министрлігі Сауда министрлігімен және өңір әкімдіктерімен бірлесіп, кешенді жоспарды толық көлемде орындауы тиіс, – деді Смайылов. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы