Біз Отанның нақты істер партиясы екенін дәлелдедік – Елбасы
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елордада өтіп жатқан Nur Otan партиясының кезектен тыс XX съезінде айтты.
Әр партия үшін съез өткізу деген өте үлкен мәселе. Өте үлкен кезең және саяси шара болып саналады. Әр съез өткен сайын біз өткенге қарап, қорытындылаймыз. Бұл съезге немен келгенімізді қараймыз. Өткенде айтқан бағдарлама халықтың алдында орындалды ма, жоқ па деп. Бүгінгі айтылған сөздер бойынша атқарылған қызмет пен жоспар айтылды. Nur Otan партиясы еліміздегі басты саяси күшке айналып отырғанын көріп отырмыз. Осы жылдары партия ішкі тұрақтылықтың тірегі болып, халықтың әл-ауқатын арттыру жолында аянбай жұмыс істеді, - деді Елбасы.
ҚР Тұңғыш Президенті атап өткендей, 30 жылда қандай қиыншылық болса да, халықтың әл-ауқаты жөнделгенін айтты.
Біз Отанның нақты істер партиясы екенін дәлелдедік. Пандемия кезінде менің бастамаммен құрылған «Birgemiz» қоры 33 млрд теңге қаржы бөліп, 2 млн-нан астам адамға көмек көрсетті. Партия үшін қарапайым халықтың мүддесі ең бірінші орында тұрады. Халықтың мәселесін шешу бойынша бағдарламаға бюджеттен қаражат бөлінеді. Қаражат бар болса, бағдарлама болса, неге салмауға? Ендігі сын жергілікті биліктің қолында. Ақша бар, жоба бар, басқа не керек? Айтыңдар халыққа «міне, мемлекет берді, біз салып бердік» деп. Солай ғой, солай?, - деді Елбасы.