Бүгiн 2026, 06:50 Фото: New York Post

"Біз оны қолға түсіреміз". Трамп Иранның ядролық материалдарын тәркілеуге уәде берді

Ақ үй басшысы Иранның байытылған уранын бақылауға алу Тегеранмен қарым-қатынастағы басты басымдығы болып қала беретінін мәлімдеді.

АҚШ президенті Дональд Трамп Иранның қалған ядролық материалдарын тәркілеуге уәде беріп, Вашингтонның ирандық нысандарды ғарыштан мұқият бақылап отырғанын ескертті, деп хабарлайды BAQ.KZ New York Post басылымына сілтеме жасап.

Басылым мәліметінше, америкалық көшбасшы бұл туралы 10 мамыр, жексенбі күні жарияланған Full Measure жаңалықтар бағдарламасына берген сұхбатында айтқан.

Ақ үй басшысы Иранның байытылған уранын бақылауға алу Тегеранмен қарым-қатынастағы басты басымдығы болып қала беретінін мәлімдеді.

Біз оны бір сәтте қолға түсіреміз. Біз оны бақылап отырмыз. Білесіздер, мен АҚШ-тың Ғарыш күштерін құрдым, олар бақылау жүргізіп отыр. Егер біреу ол жерге кірсе, олар сізге оның аты-жөнін, мекенжайын, рұқсатнама нөмірін айтып береді, – деді Трамп АҚШ мүмкіндіктері туралы айта отырып. – Біз мұны өте мұқият бақылап отырмыз. Егер біреу бұл жерге жақындаса, біз оны білеміз және жоямыз.

Басылым Иранмен соғыс кезінде Трамп Тегеранның ядролық материалдарын тәркілеу үшін құрлық әскерін қатыстыру арқылы аса қауіпті операцияны мақұлдау мүмкіндігін қарастырғанын еске салды. Алайда ол әзірге мұндай операцияға түпкілікті рұқсат берген жоқ.