15 Қазан 2026, 19:23 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Гүлжан Раманқұлова

«Біз мұны жасадық!»: Бағдат Мусин талшықты-оптикалық байланыс желісін жүзеге асырған мамандарға алғыс айтты

«Қазақтелеком» АҚ Басқарма төрағасы Бағдат Мусин Қазақстан мен Әзербайжанды талшықты-оптикалық байланыс желісінің іске қосылуымен құттықтады. 

Бүгін Елдеріміздің Президенттері Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиев Каспий маңы суасты талшықты-оптикалық байланыс желісіне ресми түрде старт берді. Біз AzerTelecom серіктестерімізбен бірге Каспий теңізінің түбімен 380 шақырымдық оптикалық кабель жүргізіп, екі елді жаңа халықаралық байланыс арнасымен тікелей қостық, - деген қуанышымен бөлісті Бағдат Мусин.

Оның айтуынша, Қазақстан үшін бұл – Азия мен Еуропа арасындағы маңызды цифрлық хабқа айналу жолындағы тағы бір үлкен қадам. Жаңа бағыт халықаралық деректер транзитін арттыруға, Дата-орталықтар алқабын дамытуға және ірі технологиялық компанияларды тартуға қосымша мүмкіндіктер ашады.

Мен үшін бұл жоба, ең алдымен, адамдар туралы. Оның жүзеге асуы үшін айлап еңбек еткен біздің инженерлеріміз, теңізшілеріміз, сүңгуірлеріміз, кабельшілеріміз бен барлық мамандарымыз туралы. Әзербайжандық серіктестерімізге және «Қазақтелекомның» бүкіл ұжымына алғыс білдіремін! Осы кабельдің әрбір шақырымының артында сіздердің орасан зор еңбектеріңіз тұр. Бүгін біз ортақ жұмысымыздың нәтижесін көріп отырмыз. Біз мұны жасадық!, - деді ол. 

Айта кетейік, бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиев Транскаспий талшықты-оптикалық байланыс желісін іске қосқаны хабарланды.