Біздің міндет орман-тоғайды қорғау – инспектор қыздар
Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Аймағымыздың әр саласында еңбек етіп жүрген арулардың арасында орман мен тоғайдың жойылмауына, қоршаған ортаның сақталуына, табиғаттың бүлінбеуіне себепкер болып жүрген жандар да бар.
Табиғатты аялаудан талмаған, осынау байлықты көздің қарашығындай сақтауды міндет еткен нәзік жандылармен сұхбаттасқан едік.
Қарағанды облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясында еңбек ететін қызметкерлер орман мен тоғайды, аңдар мен балықтарды қорғау ер адамдардың жұмысы екендігін айтады. Осыған қарамастан аталған инспекцияда табиғатты сақтауға өз үлестерін қосып келе жатқан екі ару бар. Оның бірі – осы салаға 12 жылын арнаған Жанайым Әбеуова мен 10 жылға жуық ормандарды сақтауға атсалысып жүрген Әйгерім Рамазанова.
Біздің жұмысымыздың негізгі бағыты – Қарағанды облысының аумағындағы мемлекеттік орман қорын қорғау, молайту. Біз оның ішінде Қарқаралы, Бұйратау, Қызыларай сияқты ерекше қорғалатын аймақтардағы жасыл желектің жайқалуына үлесімізді қосамыз. Орман-тоғайлардың жауы – өрт, осындай табиғат апаттарының туындауына адамдардың салғырттығы да себеп болады. Өткен жылы Қарағанды өңірінде орман өрттері көп болды, біз осындай апаттарды болдырмауға, табиғат аясында демалушылардың өрт қауіпсіздігін барынша сақтауларын үнемі ескертіп, насихат, түсініктеме жұмыстарын жүргіземіз, - дейді орман және ерекше қорғалатын аймақтар бөлімінің маманы Жанайым Әбеуова.
Оның айтуынша, еліміздің аумағын экологиялық жағынан жақсарту бойынша атқарылатан шаралар аясында орман алқаптарын ұлғайту қарқынды жүргізілуде. Жыл сайын көктем айларында облысымыздың барлық аудандарында ағаш отырғызу, тал егу жұмыстары орындалады. Облысымыздың Жаңаарқа, Ақтоғай, Қарқаралы аудандарымен қатар Теміртау қаласының аумағындағы орман-тоғайды молайтуға басымдылық берілуде.
С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде "Орман шаруашылығы ісі" мамандығы бойыншы білім алып, кейіннен Қарағанды өлкесінің табиғатын сақтауға белсене кіріскен Әйгерім Рамазанова ормандар өрттен ғана емес, адамдардың ашкөздігінен де зиян тартатындығын айтады. Оның айтуынша, орман қорындағы ағаштарды заңсыз кескен адамдар қылмыстық кодекспен жазаланады.
Орман-тоғайда заңсыз ағаш кесу ісі әкімшілік және қылмыстық кодекспен қаралады. Егер де орман қорында осындай жағдайлар анықталса тиісті органдарға хабарлаймыз. Көбінесе жаңа жыл мерекесінің алдында қылқан жапырақты ағаштарды заңсыз кесу фактілері орын алады. Мұндай заң бұзушылықтың салдарынан мемлекетке келтірілген шығын көлемі 100 АЕК-дан аспаса құқық бұзушыға қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, табиғатқа келтірілген зиян мөлшері анықталады, соған сәйкес айыппұл салынады. Ал егер шығын көлемі аталған соммадан асып кеткен жағдайда қылмыстық жауапкершілікке тартылады, - дейді Әйгерім Қанышқызы.
Қарағанды өлкесінің экологиясының сақталуына септігін тигізіп жүрген нәзік жандылар табиғат аялауға, жер-ана қорғауға, қоршаған орта тазалыққа зәру екендігін айтады.
Аймағымыздың ерекше қорғалатын табиғи аймақтарында аң-құс аулауға, орман-тоғайға зиян келтіруге, табиғатты бұзатын ешқандай әрекеттер жасауға болмайды. Ол жерлердің тіпті шөбін де жұлуға, топырағын да қопаруға болмайды. Өкінішке орай, халық арасында табиғатты сақтау мәдениеті жоқ десе де болады. Орман-тоғайға демалуға шыққан адамдар қоқыстарды жиналай, оттарды өшірмей кетеді. Мұның соңы әртүрлі апаттарға, экологияның бұзылуына әкеледі. Сондықтанда, адамдарға табиғатты пайдаланып ғана қоймай, оны сақтауға да белсене атсалысуымыз керектігін барынша түсіндіруге тырысамыз, - дейді табиғат қорғаушылары.
Орман мен тоғайды, қоршаған ортаны қорғау экологиялық жағдайдың қалыпты болуына ғана емес, адамдардың денсаулығына, салауатты өмір сүруіне ықпал ететіндігі белгілі. Сондықтанда болар, Жанайым Әбеуова мен Әйгерім Рамазанова екі үлкен отбасының отанасы, әрқайсысы екі баланың анасы екендіктеріне қарамастан, табиғатқа да өз перзенттеріндей қарайтындықтарын айтады. Олар өз ісінің білгір маманы ғана емес, жұмысына ғашық жандар.
Біздің салада еңбек ететін әйел адамдар сирек кездеседі. Себебі бізге қыс демей, жаз демей ауыл-ауданды аралап, орман кезіп, рейдтерде, тексерістерде жүру қажет. Бұл оңай емес. Сол себепті әйелдердің көпшілігі денсаулығына, отбасы жағдайына байланысты мұндай ауыр жұмысқа шыдай алмайды. Біздің инспекция еңбек ететіндердің барлығы дерлік ер адамдар, арасында екеуіміз ғанамыз. Жұмысымыз өзімізге ұнайды. Облысымыздың түкпір-түкіпірін аралап, табиғат анамен біте қайнасу, елге, жерге жақын болу жанымызға жақын. Орман мен тоғайдың әр ағашының бүршік жарғанын, жапырағының жайқалғанын көру, әрбір көктемде тал егу, ол талдың ағаш болып өсуі үшін оны күтіп-баптау, осылайша өз еңбегіңнің жемісін көру басты жетістік деп білеміз. Табиғат берген байлықты түрлі апаттан сақтау, адамдардың зиян келтіруінен қорғау басты міндетіміз. Аймағымыздың әр өлкесінде жайқалып өсіп тұрған орман-тоғайды көргенде бұған да біз себепкер екендігімізді сезініп, өз-өзімізге көңіліміз толады. Табиғатты сақтау арқылы елімізге шама-шарқымыз жеткенше еңбегімізді сіңіріп келеміз деп ойлаймыз, - дейді Жанайым мен Әйгерім.