"Біз кімбіз?", "Қайдан шықтық?". Депутат құрылтайда ұсыныс айтты
Мәжіліс депутаты, Ұлттық құрылтай мүшесі Айдос Сарым Ұлттық құрылтайдың IV отырысында өз ұсыныстарын жасады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Депутат ішкі саясат концепциясын қабылдау керегін айтты.
Соңғы кезде зиялы ортада, ел ішінде, баспасөз бетінде, әлеуметтік желілерде “Қазақстанға жаңа мемлекеттік идеология қажет” деген сыңайдағы пікірлер күн санап артып келеді. Меніңше, идеологияға деген сұраныс, жаңа идеологияны талап ету белгілі бір тарихи кезеңнің аяқталғанын білдіреді. Жалпы алғанда Қазақстан тарихының жаңа кезеңінің “Біз кімбіз?”, “Қайдан шықтық?”, “Қайда бара жатырмыз?”, “Кім және қандай болуымыз шарт?” деген сұрақтардан басталуын өз басым жақсылыққа жорығым келіп отыр, - деді Айдос Сарым.
Ол осы сұрақтарға шынайы жауап бере алсақ, болашақтағы болмысымызды айқындап, қиын кезеңдерден, тарихи сынақтардан аман шыға аламыз деп есептейді.
Осы себепті көпшіліктің талап-тілегін ескеріп, Президентіміз соңғы үш жылда айқындаған, үш құрылтайда талқыланған, уақыт елегі мен қоғам талқысынан өткен идеологемалар мен құндылықтарды топтастырған, кемі 2030 жылға дейінгі уақытты қамтитын Ішкі саясат доктринасы, не концепциясы қабылдануы керек, - деп ұсынды Айдос Сарым Ұлттық құрылтайда.
Еске сала кетейік, осыған дейін Ерлан Қарин бір жылда қандай заңдар қабылданғанын айтқанын жазғанбыз.