"Біз кімбіз?" деген сауалға жауап бермей даму болмайды – Әшімбаев
Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев "Túrkistan" халықаралық газетінде жарияланған "Реформалардың мәні – 3: ХХІ ғасырдағы ұлттың жаңа сапасы" атты мақаласында қазіргі жаһандық сын-қатерлер жағдайында ұлттық бірегейлік пен ішкі тұтастықты сақтаудың маңызын кеңінен тарқатты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, ХХІ ғасырда ұлттық мемлекеттер бұрынғы қалыптасқан парадигмалардан айырылып, жаңа шындыққа бейімделу кезеңіне өтті. Жаһандық тұрақсыздық, ұлтшыл-популистік ағымдардың күшеюі және ортақ құндылықтардың әлсіреуі – бұл уақытша құбылыс емес, бүгінгі күннің шындығы. Қазақстан да осы үдерістердің бел ортасында тұр.
Осындай аласапыран заманда елдің жойылып кетпеуі үшін ішкі өзек – ұлттық бірегейлік керек. Бұл – экономиканың да, саяси жүйенің де орнын баса алмайтын, ұлтты біріктіретін құндылықтар жиынтығы, – деді Мәулен Әшімбаев.
Ол ұлттық бірегейлікті ұлттың жаны мен рухы деп сипаттап, оны мемлекеттің тіршілігін сақтайтын ең негізгі негіз деп атады. Бұл ұғым әр азаматтың өзінің мәдени-рухани кодын сезінуінен басталып, баршаға ортақ құндылықтарға табан тіреуімен жалғасады.
Мақалада америкалық қоғамдағы бірегейліктің дағдарысы мысал ретінде келтіріліп, ұлттық тамырдан алшақтаудың салдары ретінде BLM мен MAGA қозғалыстары аталды. Әшімбаевтың пайымдауынша, бұл үрдістер – ұлттық өзек әлсірегенде қандай күйге түсетініміздің нақты дәлелі.
Сондықтан ұлттық бірегейлік – кез келген елдің ең бірінші басымдығы болуы тиіс. Ал экономика мен саясат содан кейінгі орында тұрады, – деп түйіндеді Сенат төрағасы.
Осы ретте ол Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Жаңа Қазақстан" идеясы аясында ұлттық бірлікті күшейтуге ерекше назар аударып отырғанын атап өтті. Мемлекет басшысының "Түрлі көзқарас – біртұтас ұлт" қағидатын алға шығаруын ұлттық болмысты сақтап қалудың стратегиялық бағдары деп бағалады.
Бұған дейін Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевтың жоғарыда аталған мақаласында Қазақстанның жаңғыру жолындағы жаңа бағыттары мен қоғамды сапалық тұрғыдан өзгертудің негізгі тетіктері сөз болғанын жаздық.
Сондай-ақ, Әшімбаев қазіргі реформалар саяси және экономикалық шеңберден шығып, қоғамның рухани және мәдени деңгейін көтеруге бағытталып отырғаны туралы да сөз етті.