Біз бір ғана ұйымға, көршіге байланып қалмауымыз керек – Айдос Сарым

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Белгілі саясаткер, Мәжіліс депутаты кеше өткен Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің бейресми саммитіне қатысты өз пікірін білдірді. 

Оның айтуынша, түркітілдес елдердің бірігуі, ынтымақтасуы уақыт талабынан туындаған қажеттілік. 

Пандемия бізге нені көрсетті? Ол қауіп-қатер ғана алып келген жоқ, қарап отырсақ, әлемнің геосаяси үрдісі күрт өзгеріп жатыр. Батыс пен Қытайдың арасында, Ресей мен Батыстың арасындағы қақтығыстар бізді жаңаша ойлануға итермелейтін сияқты. Біз бір ғана ұйымға, көршіге байланып қалмауымыз керек. Мұндай қадам үлкен қауіп тудырады. Сондықтан біз мүмкіндігімізше өз әлеуетімізді арттырып, айналамыздағы достық пен ынтымақтастық шеңберін кеңейте беруіміз керек. Қытаймен қарым-қатынас жақсы ма? Ол - үлкен мүмкіндік. Ресеймен достығымыз бар ма? Ол да құптарлық. Ортаазиялық қауымдастық арасында бірлік бар ма? Ол - жақсы. Ал түркі әлемі деген өте ауқымды мүмкіндік, - деді ол.

Оның сөзінше, түркі әлемі территориясы бойынша да үлкен аумақты қамтиды. Оның ішіне Ресейдің де, Еуропаның да біраз елі кіреді.

Кезінде Еуроодақ құрылғанда оның басты идеясы аймақтағы соғыстың алдын алу болатын. Кейіннен ол мықты экономикалық күшке айналды. Бақытымызға орай біздің арамызда ешқандай қақтығыстар жоқ, бір-бірімізбен достық қатынастамыз. Мұны экономикалық мүмкіндікке айналдырмау күнә. Тәуелсіздік алдық, әр мемлекет өзінше тірлік етіп көрді, шекарасын бекітті. Жеке дара өзіміз боламыз деген философиямен өмір сүріп келдік. Ал бүгін уақыттың өзі ынтымақтасу қажет екенін ұғындырды, - дейді ол.

Саясаткер аймақтық интеграция деген тақырыптан түркітілдес елдер интеграциясына өтуіміз өскеніміздің белгісі деп атап өтті.

Бұрын ортаазиялық үш мемлекет одақ құрамыз деп талпындық. Ол кезде қоғамдарымыз да, саяси элиталарымыз да дайын болмады. Қазір геосаясаттағы, әлемдік экономикадағы жағдай интеграциялануға ұмтылдырып отыр. Қазір рухани қатынастар ғана емес, экономикалық байланыстар да, туризмді дамыту да өзекті бола түсті. Кеше Түркістан қаласы түркі әлемінің рухани астанасы деп танылды. Егер осы статус бекітілсе, ондағы университеттің әлеуеті артар еді. Оқуға ниеттілер көбейер еді. Жалпы туризмнің дамуына үлкен мүмкіндік болар еді, - дейді Айдос Сарым.

Оның айтуынша, Түркістанға жылына 2 млн адам барады деген дерек бар. Егер ол рухани астана болып танылса, келушілер саны одан екі есе артады. Ол түркі әлемінің рухани астанасы болса, оған тек көршілес елдер ғана емес, түркімін деп есептейтін әлем азаматтары ағылар еді.

Түркі әлемі дегеніміз Еуроодақтан да кең аймақ. Халқы қалың. 260-270 миллионға барады. Осылайша, Үндістан, Пәкістан аймағына жол ашылады. Пәкістан мен Түркияның арақатынасы өте жақсы. Ол кем дегенде 300 миллиондық үлкен нарық. Егер, мысалы, Өзбекстан Үндістанға жол салып берсе, Түркия мен Әзербайжан арқылы Пәкістанға жол ашылса, солтүстіктегі көршілермен, Қытаймен қарым-қатынаста тепе-теңдікке түсіре аламыз. Қытайда бір жарым млрд адам болса, Үндістанда да сол шамада халық бар, - дейді ол.

Депутаттың айтуынша, түркітілдес елдердің ынтымақтастығының мүмкіндігін жан-жақты дамытуға болады. 

Ең бастысы, әрине, экономикалық мәселелер. Ынтымақтастығымыз мәдени шара өткізу, кітап шығарумен шектеліп қалмауы керек. Бірлігіміз, түсіністігіміз бар екен, оны мүмкіндікке айналдыруымыз тиіс. Кеше де экономикалық аймақ, ортақ қор құру туралы мәселелер көтерілді. Ол елдер арасындағы ортақ жауапкершілік пен тірлікке, жеңіске апаратын қадамдар деп ойлаймын. Қараша айында Стамбұлда өтетін саммитте кеше айтылған мәселелер ресми бекітіліп, мөрі соғылса, Түркі кеңесі толықтай қолдаса, бұл ұйымның болашағы зор, - деді саясаткер.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы