Біз барлығын Тұңғыш Президенттің есімімен байланыстырамыз - дипломат
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Euractiv» агенттігі Қазақстанның Брюссельдегі Елшілігімен бірлесе Тұңғыш Президент күніне орайластырылған «Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы қатынастар: серіктестік орнатудан болашаққа бағдар» тақырыбында виртуалды дөңгелек үстел өткізді.
Еуропалық парламент депутаты, Орталық Азия мен Моңғолия бойынша делегация басшысының орынбасары Андрис Америкс, FERRMED консультативтік кеңесінің мүшесі Пьер Боргольц, Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты директорының кеңесшісі Дастан Елеукенов және Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы Қорының Лондондағы кеңсесінің жетекшісі Ғани Бекенов спикер ретінде қатысты.
Қазақстанның Бельгиядағы Елшісі Айгүл Құспан атап өткендей, үш онжылдық ішінде еліміз мемлекеттілік қалыптасуының маңызды белестерінен өтті.
Еліміздің жаңа тарихы, тиімді мемлекеттік институттардың құрылуы, нарықтық экономиканың қалыптасуы, сындарлы сыртқы саясаты, тәуелсіз мемлекеттің жаңа астанасының құрылысы, Қазақстанды үлкен биіктерге жетелеген және жаңа сын-қатерлерге жедел жауап беруге мүмкіндік беретін реформалар – міне, осының барлығын біз Тұңғыш Президенттің есімімен байланыстырамыз, - деді дипломат.
Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап еуропалық вектор Қазақстанның сыртқы саясатындағы негізгі бағыттың бірі болды. Н. Назарбаевтың еуропалық көшбасшылармен құрған сенімді қарым-қатынасының арқасында Қазақстан өңірде бірінші болып Еуроодақпен кеңейтілген серіктестік пен ынтымақтастық туралы келісім жасасты. 2019 жылдың 1 наурызында күшіне енген бұл маңызды шарт климаттың өзгеруі, ғарыш қауіпсіздігі және жаппай қырып-жоятын қарудың көбеюінің алдын алу сияқты түрлі салалардағы ынтымақтастықтың 29 бағытын қамтиды. «Еуропалық одақ– Орталық Азия» форматындағы өңіраралық ынтымақтастық қарқынды дамып келеді.
Еуропарламент депутаты А. Америкстің айтуынша, ЕО Қазақстанмен қарым-қатынасты дамытуға баса назар аударады. «Бүгінде Еуропалық одақ пен Қазақстан арасындағы қатынастардың тарихы бірнеше онжылдықты артқа тастады. Алайда, жаңа сын-қатерлер заманында Қазақстан мен ЕО қарым-қатынастары бұдан да тығыз ынтымақтастықты талап етеді. COVID-19 пандемиясына қатысты жағдай қол қойылған келісімдерде қарастырылмаған салаларда ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын табу қажеттілігін көрсетеді», – деді А. Америкс.
Ол сондай-ақ Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың реформалары елдегі демократиялық процестерді жалғастыру және парламенттік сайлауды табысты өткізу үшін маңызды екендігін атап өтті.
Еуразиялық көлік дәлізі мәселесі бойынша сарапшы П. Боргольц Еуроодақты «Ежелгі Жібек жолын қайта жаңғыртуға» белсенді қатысуға шақырды. Сарапшының пікірінше, Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы жылдарынан бастап жариялаған бұл ауқымды жоба елді құрлықтық көлік маршруттары арқылы байланысқан транзиттік хабқа айналдырды.
Д. Елеукенов Еуроодақты биологиялық және зертханалық зерттеулер саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге шақырып, Қазақстан ЕО мен Ресейдің арасындағы байланыстырушы тарап бола алатынын айтты.
Іс-шара соңында Ғ. Бекенов қатысушыларға «Father of the Nation: Man of Peace, A Record of Leadership» кітабын таныстырды. Кітап Н. Назарбаевтың Қазақстандағы және әлемдегі тарихи оқиғаларға бастау болған ауқымды шешімдері мен бастамалары туралы сыр шертеді.