Біз бағдарымыздан айнымай, көздеген мақсатымызға қалай да жетеміз – Президент

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада Наурыз мейрамына орай мемлекеттік наградаларды табыстау рәсімі кезінде айтты.

Қазір аумалы-төкпелі кезең. Геосаяси ахуал күннен-күнге ушыға түсіп келеді. Оның себеп-салдары Қазақстанға да тиіп жатыр. Бірақ біз бағдарымыздан айнымай, көздеген мақсатымызға қалай да жетеміз. Сол үшін «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», жұмыла жұмыс істеуіміз керек. Бүгінде әрбір отандасымыз егеменді елімізді өркендетуге өз үлесін қосып жатыр, - деп айтты Тоқаев.

Президент атап өткендей, халқымыз қашанда береке-бірлікке, ырыс-ынтымаққа баса мән берген. Өзара жанашырлық пен қамқорлықты барынша дәріптеген.

Соның арқасында жұртымыз барлық қиындықты еңсеріп келе жатқанымыз сөзсіз. Ел ішінде бейбіт күнде еңбегімен, қиын сәтте ерлігімен көзге түскен жандар аз емес. Кешегі дүрбелең кезінде қаншама азаматымыз жұртты сабырға шақырып, салиқалы сөз айтты. Олар өз басын қатерге тігіп, айналасындағы адамдарға көмектесті, - дейді Президент.

Оның сөзінше, жауапты сәтте жұртына қорған болып, ерліктің нағыз үлгісін көрсетті.

Осындай отаншыл тұлғаларымыз жас ұрпаққа өнеге, - деп атап өтті ол.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы